Қалайы жер қойнауында өте сирек кездесетіндіктен, өте қымбат металл санатына жатады. Лондон қор биржасында оның 1 тоннасы 21-23 мың АҚШ долларына дейін бағаланады. Алдағы уақытта баға арта түсуі әбден ықтимал. Өйткені әлемдік нарықтағы жылдық сұраныс 357-400 мың тоннаны құрап, рекордтық көрсеткішке жетіп отыр.
Соңғы жылдары бірқатар салада бұл металға деген қажеттіліктің өсуінен жетіспеушілік байқалды. Мамандар мұндай теңгерімсіздікті қалайы қорының аздығымен түсіндіреді. Әлемнің 60-қа жуық елінде бағалы металдың 30 миллион тоннаға жуық қоры барланған. Қытай, Перу, Индонезия, Малайзия, Боливия, Таиланд, Бразилия, Аустралия сияқты мемлекеттер алпауыттар көшін бастап, әлемдік нарықтағы қалайының 80 пайыздайын өндіреді. Алайда аспанасты елі әрі кетсе 100 мың тонна ғана шикізат сатады, себебі ішкі тұтынудан артылмайды.
Күміс түсті, жұмсақ, иілгіш металл біздің заманымыздан алты мың жыл бұрын табылып, бастапқыда тұрмыстық, әсемдік бұйымдар жасауға пайдаланылған. Ал технологияның қарыштап дамыған кезеңінде өнеркәсіптік негізде қолданылу аясы кеңейіп, бүгінде литий-ионды аккумуляторлар мен электр энергиясын сақтайтын құралдар өндірісінде үлкен сұранысқа ие. Тек аккумулятордың анодтық материалының өзі ғана жылына 10-20 мың тонна шикізатты қажет етеді. Демек сыртқы әсерге төзімді, берік, суда өзгермейтін, жасанды жолмен көптеген радиоактивті изотоптар алынатын артықшылық қасиеттері тұтынуды ұлғайтпаса, бәсеңдетпесі анық. Ең бастысы, қалайы жалатылған темір ешқашан тотықпайды. Соңғы ғасырларда оның мыспен құймасы қола өнеркәсібін қарқынды дамытуға мүмкіндік берді.
Қазақстан – пайдалы қазбалары мол мемлекет, 3 мыңнан астам кен орны ашылған. Кен ресурстары және әралуандығы жөнінен Орталық Азияда топ бастап тұр. Қуатты минералдық шикізат базасы – бүгіндері даму стратегиямызды анықтайтын негізгі факторлардың бірі, ұлттық экономикамызды қалыптастырудағы рөлі айрықша. Дегенмен әлемдік нарыққа шығарылатын жерасты қазынамыз есепсіз емес екенін ескерсек, өңделген күйінде экспорттау әлдеқайда пайдалы.
Солтүстік Қазақстан облысы да – минералды шикізатқа бай. Еліміздегі қалайының – 65, цирконийдің – 36, уран- ның – 19, титанның – 5, вольфрамның 1,1 пайызына ие. Өңір бойынша 286 кен орны барланған.
Орталық Азиядағы ірі кен орны
Қазақстандағы қалайының 65 пайызы жинақталған Сырымбет кен орны 4,5 шақырым аумақты алып жатыр. Вольфрам, мыс, тағы басқа элементтер қосындысы 99 млн. тоннаны құрайды, карьердің тереңдігі 230 метрге дейін жетеді. Бір тонна кеннен шамамен 0,45 пайыз қалайы алынады. Жоғары экологиялық стандарттарға негізделген жоба 2019 жылдан бастап толық күшіне еніп, Қазақстанды әлемдегі қалайы өндірісі бойынша үздіктер қатарына қосады деген үміт әзірге ақталмай тұр. Оның әлемдегі ең ірі қалайы өндірушілердің ондығына қосылып отырғаны қуантқанмен, шаттануға әлі ертерек. Өйткені кейбіреулер үшін таусылмайтындай көрінетін мол байлығымызға сырттан да, іштен де азын-аулақ қаржы құйып, майшелпекке кенелгісі келетіндер аз емес. Өзгелер көз сұғын қадап отырған аталмыш қазба түсті металл өндірудің жергілікті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына бірнеше рет енгізіліп, әлеуеті зор өндірістік жоба ретінде бағаланғанымен, қаражат тапшылығы талайлардың қолын байлап келді. Тіпті қалталы қаржыгерлердің өздері бағдарламаны іске қосуға басында тәуекел еткенімен, кейін тауы шағылып, салы суға кеткен. Билік тұтқасын ұстап отырған кейбір урашыл шенеуніктер ебіл- жебіл индустрияландыру картасына кіргізіп, тау-металлургиялық кешен 2018 жылы іске қосылады деп алаулатып-жалаулатып жібергені бар. «Біз өз тарапымыздан инфрақұрылым тартуға көмектесеміз. Кен орнына дейін жол салынады, темір жол тартылады. Кен байыту фабрикасы толық қуатына көшкенде 600-700 адам жұмысқа орналасады» деген «міндеттемелердің» бірі де орындалмай, құрғақ сөз күйінде қалған. «Tin One Mining» АҚ-ның вице-президенті Дмитрий Ханның: «Инвестиция мөлшері бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке (100 млрд. теңге) жуықтады. Акцияның төрттен бірін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры иеленгендіктен, мемлекет жауапкершілігі жоғалмайды. Электр желілері тартылып, 50 мегаваттық станса орнатылады. Келесі жылы (2019 ж.) кенді өңдеп, дайын өнім етіп шығаратын комбинат іске қосылады», – деген сөзі асатпай жатып құлдықтың керін келтірген. Осылайша ширек ғасырға жуық геологиялық іздеу-барлау және кешенді сараптамалық жұмыстар жүргізіліп, қалайыдан бөлек 70-тен астам минерал қоры анықталған, шын ниет етсе, табысты салаға айналдыруға мүмкіндігі мол, әлеуеті зор Қазақстандағы алғашқы және Орталық Азияда баламасы жоқ Сырымбет кен орнында жұмыс әлі басталған жоқ.
Жуырда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің «Solidcore Resorces» компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несиспен кездесуінде еліміз үшін стратегиялық маңызы зор «Сырымбет» қалайы кен орнын игеру мәселелері күмәнді көңілге қайтадан үміт отын жағып, күдікті сейілткендей болды. Бұл жолғы инвесторлар өте әлеуетті әрі бизнестің майын шайқап ішкендей көрінді. Алғашқы жұмыс сапары барысында-ақ өндірісті дамыту жоспарына сәйкес, болашақта атқарылатын сан-салалы іс-шаралар тізбегі ұсынылды. Жалпы құны 150 млрд. теңгені құрайтын жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бере отырып, 800-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Компания құрамындағы «Tin One Mining» АҚ мен Айыртау агротехникалық колледжі арасында ынтымақтастық меморандумы жасалып, тау-кен өндірісі саласына қажетті білікті мамандар даярлауға келісті. Жобаны толық іске қосу 2028 жылға жоспарланған.
Кешеуілдеген жоба, оталған орман
«Tin One Mining» – «Сырымбет» қалайы кен орнын игеруге құқығы бар отандық инвестор. Алайда соңғы бақылау акциясының көп бөлігі «Lancasner Holdind Pte»-ге тиесілі болғандықтан, бас құрылтайшы талаптарымен санасуға мәжбүр. Ол тараптан қаржылық қолдау көрсетілмесе, толыққанды инвестиция құюға әлеуеті жете бермейтіні анық. Оның үстіне 2023 жылы жылдық шығыны 8,6 есеге көбейген. 2024 жылды 1,2 млрд. теңге шығынмен аяқтаған. Меншікті капитал біршама қысқарған. Бұдан бөлек, акцияларының төрттен бірі сатылып кеткен. Кен орнын игеруге қатысты түрлі дайындық жұмыстары (геологиялық барлау, гидрогеологиялық зерттеу, тау жыныстары мен топырақтарды бұрғылау, эксперименттік талдау, тиісті консалтингтік агенттіктерге объект ресурстарының қорлары жөнінде есеп беру, алдын ала банктік техникалық- экономикалық негіздеме жасау) толық орындалды деп айту қиын. 2022 жылы кен орнының алаңында Қазақстан даму банкінен қаржы тарта отырып, 410 млн. долларға өндіріс күші 2,5 млн.теңгеге байыту комбинатын тұрғызу жобасы жүзеге аспай қалған. Құрылыс сол күйі басталған жоқ.
Былтыр ресейлік «Solidcore Pesouces» компаниясы қалайы кен орнының жартысын сатып алғаны (82,6 млн. доллар) белгілі болды. Оның бас атқарушы директоры Виталий Несис – ресейлік кәсіпкер. Ал құрылтайшылары «төрт дос» атанып кеткен Қазақстанның белгілі азаматтары мен жұбайлары. «Сырымбетке» не себепті қызығушылық көрсеткенін В.Несис сұхбаттарының бірінде былай түсіндірген: «Соңғы бес жылда қалайыға деген сұраныс екі есе артып, әр тоннасы 25-33 мың долларға бағалануда. Мұнда 286 мың тонна қалайы, 74 мың тонна мырыш қорының бары барланған. Жобаның инвестициялық қуаты 250 млн. долларға жуықтайды. Қалайы өндіруді 2048 жылға дейін жалғастырамыз».
Құрылтайшылардың жиі ауысуы, соның салдарынан жауапкершіліктің төмендеуі ауқымды жобаның толыққанды іске асырылуын тым ұзаққа созып жіберген сияқты.
Кезінде компанияның 48 гектардан астам орманды алқапты отап, ол жерден құрамында қалайы бар пайдалы қазба өндірмек болған әрекетіне қоғам тарапынан үлкен қарсылық туып, сынға ұшыраған болатын. Жергілікті билік компанияның бұл әрекетін қызғыштай қорғап, ағашты кесу, өндіріс көлемін арттырудан туындағанын, «Имантау-Шалқар» курорттық аймағына кірмейтінін айтып, барынша ақталуға тырысқан. 97 гектар алқапқа ағаш көшеттерін отырғызу уәдесі де орындалмай қалған. Осылайша жайқала өскен қайың ағашы «құрбан» болып кете барған.
Жаңа құрылтайшылар орын алған олқылықтардан қорытынды шығарып, нақты түзету шараларын жан-жақты қарастырып, озық жобаның толыққанды жүзеге асуына мүдделілік танытады деген ойдамыз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».