«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР РУХТЫ ЖАУЫНГЕР

Кешегі қанды майдан әр қазақтың шаңырағына өзінің ізін қалдырып кетті. Бес жыл бойы азаматтар соғыста жан алысып, жан беріссе, тылдағылар күндіз-түні ауыр жұмыс істеп, әскердегілердің тілеуін тілеумен болды. Сол бір қасіретті жылдар адамзат санасынан бүгінге дейін өшкен жоқ.

Екінші дүниежүзілік соғыс біздің шаңырақты да айналып өтпеді. Әкем Зайнікен Шәріпов елін жаудан қорғау үшін жан аямай соғысып, талай қиын күндерді бастан кешіріп, ерлік пен қайсарлықтың ерен үлгісін көрсетіп кетті.

Зайнікен Мулдашұлы 1919 жылы Есіл ауданындағы Талапкер ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Петропавл қаласындағы 10 сыныптық қазақ мектебін тамамдаған соң әскер қатарына алынады. 1940 жылға дейін Ленинград қарулы күштерінің минометшілерді оқыту батальонында қызмет етті. Сол бір аумалы-төкпелі заманда әскери қызмет әкемізді қай қиырға апармады дейсіз? Адам басы – Алланың добы дегендей, тағдырдың тарам-тарам жолы оны талай аймаққа жетеледі. Сонда да қайсар жан мойымай, керісінше, алдынан сынақ кезіккен сайын жігерлене түсті.

1940 жылдың қаңтарында әкеміз Житомер жаяу әскер училищесіне курсант болып қабылданып, бір жарым жыл жауынгерлік саланың қыр-сырын меңгерді. Одан кейін Ростов жаяу әскер училищесінде екі ай шыңдалып, лейтенант шенін алып шықты. Алайда енді ғана әскери шен алған жас аяқ астынан соғыс басталып, аз уақыттан кейін майданға аттанатынын ойлаған да жоқ еді.

Басқыншы әскер ел шекарасын кесіп өткен сәттен кейін бірден офицерлік резервке қойылған Зайнікен Шәріпов тамыз айында Оңтүстік-Батыс майданның №393 атқыштар дивизиясы 699-ші полкі атқыштар ротасының командирі болып бекітілді. Алайда небәрі екі айдан кейін сол жақ санына снарядтың сынығы тиіп, ауыр жарақат салдарынан саптан шығуға мәжбүр болды. Майдангер төрт айдай госпитальда ем қабылдағаннан кейін де әскери саладан қол үзген жоқ. 1942 жылдың шілдесіне дейін Солтүстік Қазақстан облысы, Приишим аудандық әскери комиссариятында инструктор болып жұмыс істеді. Кейін запастағы бригада саптық рота командирінің орынбасары, запастағы атқыштар ротасының командирі қызметтерін атқарды. Ал 1944 жылдың күзінде қайта майданға аттанып, бірінші атқыштар дивизиясының құрамындағы 165-ші полктің 751- ші атқыштар ротасына командирлік етті. Бұл жолы ол Беларусь майданында жаумен соғысып, елін қорғады. Алайда қаңғыған оқ бұл жолы да қайсар жауынгерді жаралап, өміріне қауіп төндірді. Осылайша рота командирі тағы да госпитальға баруға мәжбүр болды. Харьков қаласындағы №5971 госпитальда ем қабылдағанымен қайтадан сапқа тұра алған жоқ. Алған екі бірдей жарақаты әскери қызмет атқаруына мүмкіндік бермейтінін білген соң 1945 жылдың тамызында отставкаға кетті.

Елге келгеннен кейін де майдангер жарақатына қарамастан тістеніп жүріп талай іс тындырды. Бірден жұмысқа араласып, Талапкердегі мектепте сабақ берді. Талай ұл-қыздың білімнің биігіне қанат қағып, өмірден өз орнын табуына себепші болды. 1965 жылы Смирнов ауылына көшіп, дайындау кеңсесінде тер төкті. Ал өмірінің соңғы үш жылын сол кездегі Бескөл ауданының Акпас ауылында өткізіп, 1972 жылдың желтоқсанында алған жарақаты салдарынан дүниеден өтті. Бүгінде марқұм өзінің туған жері Талапкер ауылында мәңгілікке тыныстап жатыр.

Аз ғана ғұмырында қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсетіп кеткен атамыздың дүние салғанына да жарты ғасырдан асып кетіпті. Ол ержеткен шағынан бастап әскери салаға бет бұрып, жауынгерліктің қыр- сырын меңгерді. Кенеттен басталған соғыста жан аямай соғысып, атқыштар ротасына командирлік етіп, жараланса да майдан даласына қайта оралды. Екі рет жарақат алғанына қарамастан, шамасы жеткенше ел қатарлы еңбек етті. Оның асыл бейнесі ұрпақтарының жадынан өшпек емес. Артында қалған екі ұлы мен үш қызы, 12 немересі майдангердің есімін ұмытпайды.

Тұрсынбек ШАРИПОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp