Мемлекетіміздің даму бағытын кеңінен насихаттап, ел игілігі жолында жүзеге асырылып жатқан әртүрлі бағдарламалар мен реформалардың маңызын қалың бұқараға жеткізуде, халқымыздың рухани байлығын арттыруда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің еңбектері орасан. Спорт сарайында “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” республикалық акциясы аясында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың өңіріміздегі бұқаралақ ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуі қоғамдық ойдың көшбасшыларына көрсетілген құрмет пен сыйластықтың үлгісі іспеттес.
– Сіздер мемлекеттік саясаттың қозғаушы күші болып келдіңіздер және солай болып қала бересіздер. Бүгінде өңірімізде алпыстан астам мемлекеттік, жекеменшік газеттер, журналдар, телеарналар мен интернет-сайттар жемісті жұмыс атқаруда, – деген Ерік Хамзаұлы тәуелсіздік жылдарында еліміздің ақпарат кеңістігі көкжиегінің кеңея түскендігін атап көрсетті. Облыс әкімі үстіміздегі жылы өңіріміз қол жеткізген бірқатар жетістіктерге тоқталды. Тәуелсіздік тойы қарсаңында жүзеге асырылатын жағымды жаңалықтармен бөлісті.
Содан кейін сөз алған “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов облыс әкіміне бұқаралық ақпарат құралдарына, сала қызметкерлеріне жасап отырған қамқорлығы үшін ризашылығын білдірді. Өзі тізгінін ұстап отырған тоқсан бес жылдық тарихы бар қарашаңырақтың ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында тындырған істері жайлы сөз сабақтады.
Салтанатты сәт үстінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов көпжылдық жемісті жұмысы және өңіріміздің дамуына қосқан үлесі үшін Мағжан Жұмабаев аудандық “Вести” газетінің шеф-редакторы Ольга Владюкті, Айыртау аудандық “Айыртауские зори” газетінің тілшісі Наталья Еременконы Құрмет грамотасымен марапаттады. “Қызылжар-Ақпарат”, “Издательства “Северный Казахстан” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің, “Қазақстан-Петропавл”, “МТРК”, “Первый Северный” телеарналарының ұжымдарына Алғыс хат табыс етті.
Кездесу барысында өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында өткен байқаудың қорытындысы жарияланып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының түйінді мәселелерін көтерген үздік жарияланымдары үшін 26 журналиске сертификаттар мен сый-сияпаттар ұсынылды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.