Асан бабамыздың желмаямен жаһанды кезіп, халқына құт мекен болатын жерұйықты іздеуінде жан тебірентерліктей сыр жатыр емес пе? Ұлытаудан басталар ұлы көшіміздің кеңес дәуірі кезінде астана қазығын бірде Орынбор, бірде Қызылордаға қадап, одан жасыл желекті, түсті кілем Алматыға тұрақтауы Мәскеудің пәрменімен болған еді. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана бас қаланы таңдау құқығы өзімізге берілді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев батыл қадам жасап, елордағы Арқа төріне көшірді. “Астана – қазақ халқының жаңаруының нышаны, үлкен үміттері ақиқатқа айналған қала екенін қазақстандықтар күн сайын сезінеді. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүниежүзілік тарихта жасампаз әрі ықпалды саясаткер ретінде өз орны бар тұлғаға айналды”, – деп жазған еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Астана – Елбасы жігерінің жеңісі” атты мақаласында.
Мен Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің басшысы, облыстық сәулет және құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болдым, республикалық “Есіл су” кәсіпорнының филиалын басқардым. 2008 жылы елордаға қоныс аударып, содан бері Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс саласына хал-қадірімше үлес қосып жүрмін. Бастапқы жылдары “ЖелДорСтрой” АҚ-ның вице-президенті, “Капитал трейд” ЖШС-нің директоры секілді қызметтер атқардым. Елордамызда өткен “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне арнайы салынған бірқатар құрылыс нысандарында өзімнің қолтаңбам қалғанын мақтаныш сезіммен айта аламын. Қазақстанның құрметті құрылысшысы, “Астананың үздік жобалаушысы” атақтарына ие болдым, басқа да марапаттарым бар. Зейнет жасына келсем де еңбектен қол үзген жоқпын. Құрылыс саласында қырық жылдан астам еңбек етіп, жинаған бай тәжірибемді жастарға үйретудемін. Соңғы бес жыл елордамызда салынып жатқан бірқатар нысандардың сапасын бақылау саласында еңбек етіп жүрмін, яғни техникалық қадағалау жөніндегі маманмын.
Елордамызда соңғы жылдары бой көтеріп жатқан ғимараттардың санында есеп жоқ. Мен тек бір мысалды келтіре кетейін. Астанамызда 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер салынса, 2022 жылы кемінде 10 мың осындай баспананың кілтін кезекте тұрған отбасыларға тапсыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл пайдалануға берілген 15 мектепке 40 мыңға жуық оқушы барып жүр. Келесі жылы тағы да 16 мектеп бой көтермек.
Елордамыздың сұлулығы жергілікті тұрғындарды да, меймандарды да тамсандыратынына күмәнім жоқ. Кең жазира далада көсіліп жатқан кемел сұлулығымен, Есіл, Нұра секілді қыз бұрымындай тарқатылған өзендерімен өзіне тартады. Қазіргі таңда астанамыз әлемдік, іскерлік байланыстың күре тамырына айналып отыр. Оның өзі Елбасының көрегендігі мен кемеңгер ойының жемісі деп білемін. “Астана – жаңа қала” арнайы экономикалық аймағы құрылғаны белгілі. Бұл Есілдің сол жағалауына инвестициялар тартуға, озық технологияларды пайдалануға, сондай-ақ қазіргі заманғы инфрақұрылым арқылы құрылысты қарқынды түрде дамытуға бағытталған.
Елорданың өркендеуі – еліміздің өркендеуінің белгісі. Ендеше бас сәулетшісі Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болып табылатын елорданың гүлденуі мемлекетіміздің болашаққа нық сеніммен қадам жасауына серпін берері анық. Нұр-Сұлтан қаласындағы балабақшаға баратын бес жасар немерем Сафина жуырда тәрбиешісі берген мына тақпақты жаттап алып, үйге келген соң бізге мақтанышпен айтып берді.
Болашаққа бастаған,
Шарықтайды асқақ ән.
Елордасы Отанның,
Мақтанышым – астанам.
Қарыштап алға бас қадам,
Елорда – елімнің жүрегі,
Нұр-Сұлтан – менің астанам.
Иә, бүлдіршіннің аузынан шыққан, шын жүрегімен айтып берген бұл тақпаққа алып-қосарым жоқ. Еліміздің жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласы жылдан-жылға көркейе берсін!
Сермағамбет ҚҰТЫШЕВ,
экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның құрметті құрылысшысы.
Нұр-Сұлтан қаласы.