Маржан АҒЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің 4-курс студенті:
– Пандемияға байланысты қазір біз қашықтан білім алудамыз. Сабақтар “Zoom” платформасында өтеді. Онлайн оқудың ұтымды тұсынан кемшілігі көп. Үйде ата-анамыздың жанында отырған жақсы. Бірақ жоғары білім алу үшін көп оқу, көп іздену қажет. Ол үшін ғаламтордың емес, кітаптың көмегіне жүгінген абзал. Өкінішке қарай, кітапханаға баруға біздің мүмкіндігіміз жоқ. Біздің курста 16 студент бар. Дені ауылда тұрады. Кейде олар сабаққа толыққанды қатыса алмайды. Өйткені, интернет дұрыс істемейді. Үй тапсырмасын орындауда да қиындықтар кездеседі. Ғаламторға қосылмақ түгіл, кейбірінде компьютер де жоқ. Сондай-ақ, “Zoom” платформасында да іркіліс болады. Кейде бір-бірімізді естімейміз. Сабақ таңғы 8.30-да басталады, студенттердің ұйқылы-ояу отыратыны да жасырын емес.
Дамир ЕДІЛ,
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің 4-курс студенті:
– Мен педагогикалық колледжде қазақ тілі пәнінің мұғалімі мамандығында оқимын. Біздің топта 31 студент бар. Бізде де сабақ қашықтан өтуде. Қалада тұрсам да, қашықтан білім алу қиын екеніне көзім жетті. Дер кезінде оқытушыға сұрақ қойып, жауап ала алмайсың. Сабақты терең түсініп оқуға да мүмкіндік жоқ. Көбіне оқытушымен “WHATSAPP” желісі арқылы байланысамыз. Ұстаздар тапсырмалар береді, біз оны орындап оларға жібереміз. Дегенмен, жастар жаңашылдыққа бейім келеді ғой. Бұл жүйеге де тез үйреніп алдық. “Оқу – инемен құдық қазғандай” демекші, адамда оқуға, үйренуге деген ынта болса, білім алуға еш нәрсе кедергі емес. Бастысы талап пен ниет керек, кез келген қиындықты оңай жеңуге болады.
Әміре АҚБАТАЙ,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің 1-курс студенті:
– Мен Тайынша ауданына қарасты Теңдік орта мектебінде білім алдым. Биыл М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің журналистика мамандығына оқуға түстім. Әр баланың арманы – студент атану. Мен сол арманыма қол жеткізгеніме қуаныштымын. Топтағы студенттермен интернет арқылы таныстық. Оқуға түсерде құжат тапсыруға келгенім болмаса, университетті дұрыс білмеймін. Қауіпті індеттің таралуына байланысты қашықтан оқып жатырмын. Онлайн оқудың қиындығы да бар. Біздің ауылда ұялы байланыс дұрыс ұстамайды. Сондықтан сабақты терезенің алдында тұрып оқуға мәжбүрмін. Менің группаластарым да осындай қиындықтарға тап болуда. Оқу жылы жаңа басталса да, байланыстың нашарлығынан сабаққа бірнеше рет қатыса алмадым. Ертеңгі күні бұл оқу үлгеріміне әсер етуі мүмкін.
Сауалнаманы жүргізген
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ.