«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАҢБАҚ ШАЛ

Ата-анасы азан шақыртып, атын Әлкен деп қойған, ал былайғы жұрт Қаңбақ шал деп кеткен оның кескін-келбеті жас кезінде қандай болғанын кім білсін, қазір қадалып, көз тоқтата алмайсың. Бет-аузы бір ақ уыс, азу тістерінен айрылған болуы керек, екі жағы опырылып, иегі салбырап қалыпты. Маңдайдан мойынға дейін тілім-тілім, алты ай жаңбыр көрмей жарылып кеткен жер сияқты. Оның есесіне Жаратқан құлақты аямай бере салыпты, жел соқса желбіреп, кәдімгідей бүктеліп, басына жабысып қалады. Денесі жеңіл, жетпіске жақындаса да жүгіре басып жүреді. Лақап атты лақтыра салуға Қажыкен шебер еді, кімнен шықса да, осы атты оған тауып қойған. Өзі де естіп жүр, еті үйреніп кеткен, селт етпейді.

Кім не десе, о десін, Әлкен шал – он баланың әкесі. Кемпірі Ырысты – қазір кемпір болып мыжырайып отырғаны болмаса, етегінен төрт рет егіз өрген, сөйтіп жүріп, кеңшардың жұмысынан да шет қалмаған нағыз көнбістің өзі. Тұңғышы Сәуле мен кенжесі Асан ғана жалқы, қалғандары – егіздер.

Жай адам таз болмайды дегендей, Әлекеңнің қулығы да көп, білмейтіні жоқ, көп оқиды. Кейде ойыны ма, шыны ма, айыра алмайсың. Күлмейді. Асан туғанда осы ауылдағы жалғыз шопыр Қайыргелдіні қатты бір састырып, әуре-сарсаңға салғаны бар. Таңертең Ырыстыны орталықтағы ауруханаға алып кеткен Қайыргелді кешке хабарын айтпақ болып, Әлкен үйіне соқпай ма.

Аулада жүрген Әлкенге анадайдан айғай салады: – Ағай, сүйінші, жеңгей шекесі торсықтай тағы бір ұл тапты!

– Е, оның шекесі торсық екенін сен қайдан білдің, өзің босандырып алдың ба?

– Жоға, жай сөздің ретіне қарай айтып жатқаным ғой.

– Нешеу?

– Нешеуі несі?

– Неше бала тапты деймін.

– Біреу, ұл деп тұрмын ғой.

– Әй, бала, расың ба, әлде әкем құрдас деп ойнап тұрсың ба?

– Қайдағы ойын, рас айтамын, біреу…

– Сен ондайды қой, менің әйелім ылғи егіз табады, біреуін қайда жібердің, тап, таппасаң жағдайың қиын болады.

Шалдың қабағы түйіліп кеткенін көрген шопыр жігіт не айтарын білмей тұтыға бастайды. Ырыстының қатарынан төрт рет егіз көтергенін бұл да білетін.

– Аға, аға!…

Әлкен артына бұрылып та қарамай, үйге кіріп кетеді.

Содан не істерін білмей қысылған шопыр жігіт келген ізімен орталыққа тартады. Дәрігерді тауып алып, болған жағдайды бастан-аяқ баяндап шығады. “Сотқа беремін деп жатыр, енді не істеймін”, – дейді. Ішегі түйілгенше күлген дәрігер, Қайыргелді қыр соңынан қалмаған соң, Ырысты Әлиева жалқы тапты деп анықтама жазып беріп құтылыпты.

Сол Әлкен қазір ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған. Балалардың бәрі сыртта, баяғы кеңшар салып берген “шпал” үйде кемпірі екеуі ғана тұрып жатыр. Ермегі – қорадағы малы. Әйтеуір, соның арқасында өздері де тоқ, қайда жүрсе де, балаларының да аузы май-қаймақтан арылған емес.

Балалар демекші, олар келген сайын әке-шешесін “қалаға көшіңдер” деп үгіттейді. Шешелері қарсы емес, ал отағасының ондай сөзді естігісі жоқ. “Қалаға барып төрт қабырғаға қамалып отырғың келсе, жолың болсын” дегенді кемпіріне көзбен ұқтырып алады да, “Жалғыз үй қалсам да, осы жерден қозғалмаймын”, – деп тоңқ ете түседі.

Кенже ұлы Асан кейде әкесімен сөз жарыстырып: “Қазір баяғы заман жоқ, әркім өз жайын өзі ойлауы керек, әлі күнге малдың соңында салпақтап жүргенің бізге де ұят, кімді асырай алмай жатырсың”, – деп әкесіне уәж айтқан болады. Мұндай сөз отқа май құйғанмен бірдей, Әлкең алдындағы шәшкесін төңкере салады да, балаларына ауыл жайлы “дәріс” оқи жөнеледі.

– Ауыл бүгін салып, ертең бұзып тастайтын қой қорасы емес, бұл жерге аталарымыздың тері сіңген, солардың бәрі осында жатыр. Ертең бәріміз бет-бетімізбен көшіп кетсек, осында жерге таласып жүргендер ауылдың орнын, оған қоса зиратты да жыртып тастаудан қашпайды.

Шалына кемпірі іштей наразы, жұрт қатарлы қалада тұрғысы келеді, бойбасын сақтап, немерелерін жетектеп жүрсе, бұл кімнен кем.

– Соның бәрі саған ғана керек пе?!

– Осы ауылдың жартысы қалаға көшіп кеткен жоқ па? Солардың бәрі бірдей қолдарын жылы суға малып отыр ма. Тұрақты жұмыс жоқ, жастар базар, вокзал жағалап, босып жүр. Әнеукүні қалаға барғанда Сайлауды іздеп, жалдап тұрып жатқан пәтеріне соқсам, жоқ, көшіп кетіпті. Әйтеуір, сұрастырып жүріп әзер таптым. “Сен неге бір үйден бір үйге көше бересің?” – десем, “Пәтерақысы шыдатпай барады, иелері жалақтап ай сайын келеді де тұрады, оның үстіне неше түрлі сылтауды алға тартып, өсіре береді”, – дейді. Қазір бір жалғызбасты кемпірдің бір бөлмесінде төрт жан тұрып жатыр екен. Осында қандай үй еді, жиған-тергеннің бәрі шашылып бітіпті, төсек орны ғана қалыпты.

Балалар не десін, қалаға көшкендердің жағдайынан өздері де хабардар, кейбіреулері ауылға қазір-ақ қайтып келер еді, бірақ үйден, малдан айрылған, жұрдай…

Әйтеуір, Әлкен қозғалар емес. Қайта көшкендерден қалған-құтқанды жинап, қорасын кеңейтіп алды. Қысқы тамызығы да екі жылға жетерлік, қораның төбесін тіреп тұр. Ештеңеден мұқтаждық көріп отырған жоқ.

– Шал-ау, шәйіңді ішсейші, суып қалды ғой?!

Әлкенде үн жоқ, екі көзі алдында жаюлы жатқан картада, көзілдірігін бір алады, бір киеді, еріні жыбыр-жыбыр еткеніне қарағанда тағы бір ойымен тайталасып кеткен сияқты. Сәлден соң дауысы да шыға бастады: “Жоқ… мүмкін емес… болуы керек, мына таяқ тастам жердегі Семипалатное тұрғанда, Қаратерек неге кірмеген, бұл тағы не масқара?!”

– Кіммен сөйлесіп жатырсың, картаны қайтейін деп едің, бала болып кеткенсің бе, таста, шәйіңді іш?!

– Біздің ауыл картаға түспей қалыпты, бір нүкте бұйырмапты, сұмдық қой бұл!!!

– Түспесе түспеген шығар, содан саған келіп-кетер не бар, әйтеуір, қайдағы жоқты тауып аласың, шәйіңді іш, әлгі жиналыстан қалып қоясың.

– Қайдағы жиналыс?

– Ауданнан өкілдер келеді дей ме, жұртты жағалай шақырып жатыр ғой.

Сол екен, Әлкен атып тұра келіп, картасын төрт бүктеп қалтасына салды да, құюлы тұрған шайына қарамастан, сыртқа беттеді. Кемпірі аң-таң. “Ей, мынаны жын қаққаннан сау ма?!”.

Ол екі өкпесін қолына алып мектепке жетті. Ауыл әкімінен басқа сырттан келген ешкім көрінбейді. “Бұл не жиналыс?” – деп арт жақтағылар бір-бірінен сұрап жатыр.

– Жолдастар, – деді әкім тамағын кенеп алып, – өздеріңізбен ақылдасайын деп бастарыңызды қосып отырмын. Ертең осында аудан әкімі келіп, халықтың алдында есеп береді. Бұл – бәріміз үшін үлкен сын, Сайлаубек Сейітұлын жақсы қарсы алып, ренжітпей шығарып салуымыз керек. Сондықтан айтатындарыңыз болса, бүгін осы арада ортаға салыңыздар. Ақылдасайық, шешейік, менің бәрін көтеретінімді білесіздер, қолдан келген көмегімді аяп жатқан жоқпын. Кәне, кім сөйлейді?

– Мен, – деді Әлкен жұлып алғандай. Сосын жүгіре басып топтың алдына шықты. Қойнына қолын салып жіберіп, бірнеше бүктелген шеті жырым-жырым қағазды алып шыққанда, жұрт шуылдасып кетті.

– Өй дөйт деген, мынауың дайындалып келіпті ғой?!

– Жиналыстың болатынын қайдан естіп қалды екен?!

– Жолдастар, тынышталыңыздар! Ал Әлеке, сөйлей беріңіз.

– Сөйлесем, – Әлкен қолындағы картаны жайып жіберді, – біздің ауыл картада неге жоқ?

Бүгінгі әңгімеге қатысы жоқ тосын сұрақ. Содан да болар, әкім де, жиналған халық та түкке түсінбей, тосылып қалды.

– Кәне, кім жауап береді, біздің ауыл картаға неге түсірілмеген?

Алдыңғы қатардағылар картаға үңіліп жатыр.

– Расында да жоқ!

– Осыған дейін қалай байқамағанбыз?!

Әкім халықты тәртіпке шақыра бастады:

– Әлеке, сіз үлкен адамсыз, әңгімені басқа жаққа бұрмаңыз, картаға түспей қалған жалғыз Қаратерек емес шығар…

– Міне, бізден он екі шақырым жердегі Семипалатное тұр, оның біздің ауылдан несі артық?!

– Ол – енді, бұрынғы кеңшардың орталығы, Қаратерекке қарағанда халқының саны да көп.

– Міне, мәселе қайда жатыр, Семипалатноены картаға қонжитады да, Қаратеректі көзге ілмейді. Бұл кездейсоқ емес, бұл – саяси мәселе, ар жағында үлкен мән жатыр. Айт десеңіздер айтайын, бұл біздің ауылдың болашағы жоқ деген сөз.

– Астағапыралла! Алдыңғы қатарда отырған осы ауылдың үлкені – Нұрқан шал мынаған біреуің тоқтау айтсаңдаршы, жамандық шақырғалы тұр ғой дегендей, жан-жағына қарады.

– Сұмдық, сұмдық!!!

– Сұмдықтың бұқпантайлап келіп қотанымызға кіріп кеткенін байқамай қалыппыз, жүз жылдық тарихы бар ауылдың картаға түспей қалуы бұл шынында да сұмдық! Сұмдық болғанда сұмдықтың көкесі!!!

– Сонда бізге не қыл дейсің?! Бала кезінде қарғаның жұмыртқасын аламын деп жүріп ағаштан құлап, бір аяғы қисық біткен Әлкеннің құрдасы, пошташы Бейсен орнынан тұра беріп еді, біреу етегінен тартып қайта отырғызды.

– Әлекеңді тыңдайық та, айтатынын айтсын, бәріңе де кезек келеді.

– Сөйле, Әлеке, сөйле!

– Сөйлесем… Ел боламыз десек, ең алдымен, біз картаға енуіміз керек. Бірақ, байқап тұрмын, бізді енді ешкім картаға енгізбейді…

– Неге?!

– Біздің жұрттан қай жеріміз кем?!

– Айтайын, осыдан алты жыл бұрын ауылымызда жүз елу үй бар еді, қазір қанша?

– Алпыс бес.

– Алпыс үш, кеше ғана Алтай мен Бәйкен көшіп кетті.

– Алпыс төрт, былтыр қалаға көшкен Серәлі қайта оралатын болып жатыр.

– Жарайды, алпыс төрт-ақ болсын, бәрібір ауыл деуге ауыз бармайды, клуб жоқ, дүкеннің сиқы анау, үйіндісі ғана жатыр. Осы мектебің де, көр де тұр, биыл болмаса, келесі жылы жабылады, қазірдің өзінде оқушыдан мұғалім көп.

– Жағыңа жылан жұмыртқалағыр! Пошташы тағы да қомпаңдай бастап еді, етегі дар ете қалды.

Манадан үнсіз отырған әкім:

– Басқа да маңызды мәселелер бар ғой, – деп көріп еді, Әлкен ыға қоймады:

– Бұдан асқан қандай маңызды мәселе болуы мүмкін, картаға енбей қалу деген өліммен тең, кезінде ауылымыз ұжымшар болды, мыңдаған гектар жерге егін егіп, табын-табын мал өргізді, кеңшарға қосылғанда да несібесі кеміген жоқ, астығың да, етің де, сүтің де бастықтардың жеуіне де, былайғы жұрттың жырымдауына да жетіп жатты. Қазір қайда соның бәрі?! Сол игіліктерді жасаған әке-шешелеріміз емес пе еді? Сол байғұстар табандары тілініп, аш-жалаңаш жүріп шаруашылықты көтерді. Ал солар бүгін тіріліп келіп, ел қайда, жер қайда десе не дейміз? Бәрінен де айдың-күннің аманында картаға енбей қалғанымызды бетімізге басса, сол өлім ғой!

Осы кезде алдыңғы қатарда отырған екі кемпір жаулықтарының ұшымен көздерін сүртіп, кемсеңдей бастасын.

– Қайран, дүние-ай!

– Қолда бардың қадірін білмеппіз ғой!

– Біздің ауылды картаға енгізбейтіндей бұларға не көрінді екен?!

– Басынғандары ғой?!

Әкім осы ауылдың баласы. Әлкеннің екі елі ауызына бір елі қақпақ қоя алмай отырғаны содан. Манағы екпіні жоқ.

– Әлеке, Әлеке!.. тоқетерін айтсаңыз.

– Тоқетерін айтсам, аудан әкімі бізге осы мәселені шешіп берсін.

Әкім шоршып түсті.

– Айта көрмеңіз, ол кісінің басқа да жұмыстары басынан асып жатыр ғой.

– Әй, бала, олай бұлтаққа салма! Әкім болып тағайындалғанына үш жылдан асып барады, сол үш жылдың ішінде тым болмаса, бір рет төбе көрсеткен жоқ, көшеде кездессек танымаймыз да. “Әкім бол, халқыңа жақын бол” деген қайда?!

– Картада жоқ ауылға қайдан келеді, таба алмай жүрген шығар. Қылжақбас Үсен шиық-шиық күліп, отқа май құйғандай болды.

Жұрттың бәрі дүрлігіп кетті:

– Дұрыс айтады, ондай әкімнің барынан жоғы!

– Ол осы ауылдың шаңырағы ортасына түскенін күтіп жүрген адам!

Поштасы атып тұрды. Етегінің біреудің қолында қалғанына да қараған жоқ.

– Картаға енуіміз керек, енбесек құрығанымыз, – деді ол екіленіп. – Өздерің білесіңдер, төрт жыл бойы сөмкемді сүйретіп, жаяулап-жалпылап, үкіметтен бір тиын алмай пошта тасыдым. Тым құрығанда осыны ескеруге болады ғой. Мейлі, ақшасын бермей-ақ қойсын, керегі жоқ, ауылымызды картаға енгізсін!

Манадан қолын шошаңдатып отырған Ермек шыдай алмады білем:

– Жөн сөз, бәріміз де аш емеспіз, бірақ көштен қалып қойыппыз. Картаға енбегенімізді естісе, мына көрші ауылдағылар не дейді, дос бар, дұшпан бар дегендей, сүйекке таңба емес пе? Мен, мысалы екі айлық зейнетақымды алмауға бармын, тек картаға Қаратерек деген сөз жазылса болғаны, – деп ойындағысын ақтара салды.

– Ағайындар-ау, сіздерге не болған? – Әкім жиналғандарға жалына бастады. – Біздің картадан басқа шешілмеген мәселелеріміз аз ба. Зейнетақы демекші, оны алып жарылқанып жатқандар шамалы. Сіз, Нұрқан аға, айтыңызшы қанша аласыз?

– Осында менен басқа да зейнетақы алатындар бар ғой, – деп Нұрқан қипақтай бастады.

– Айтсайшы, енді бәлденбей. Әлде кемпіріңнен жасырып жүргенің бар ма еді. Қасында отырған құрдасы Төлегеннің осы сөздері қамшы болды ма, Нұрқан:

– Он үш мың, – деді мұрнының астынан.

Әкім іліп әкетті:

– Он үш мың?! Осы қырық жыл трактордан түспеген, өңіріне бірнеше орден, медаль қадаған адамға лайық па?! Қазір тиіп-қашып сауда маңында істегендердің өзі жиырма мыңның үстінде алып жатыр. Соңғы рет поштада күтуші болған кемпіріңізге сегіз мың теңге қосқанда, сіздің зейнетақыңыз алты жүз теңгеге ғана өсті. Осы әділдікке жата ма? Осыны неге айтпайсыздар?!

– Соңғы жылдары малдан, жерден айырылып, жұмыссыз қалдық қой, әйтпесе тізе бүккен жоқпыз.

– Жерден айырылып қалдыңыздар. Ол рас. Жағалай қурай басып кетіп еді, әйтеуір, қалтасы қалың біреулер келіп, игілігін солар көріп жатыр. Жылына екі-үш қап ұн алғандарыңызға мәз боласыздар. Соңғы жеті-сегіз жылда астықтың бағасы он есе өсіп, 300-400 долларға жетті. Әрқайсыңызда он гектардан жер бар, содан алатындарыңыз небәрі үш мың теңге ғана. Қанап жатыр ғой, жағалай. Осыны неге айтпайсыздар. Келісімді қайта қарап, табыстарының біраз бөлігін осы ауылға берсе, байлардың мұртын балта шаба ма? Осыны неге көтермейсіздер?!

– Е, бәсе, мына бала бәрін өзі біліп тұр ғой.

– Ауылда тұрғаннан кейін мал ұстаңдар, ет, сүт өндіріп, басы артығын базарға шығарыңдар дедік. Оны да екі еткен жоқсыңдар. Бірақ содан алған тиын-тебендерің қорадағы малдың жұмырына жұқ болар емес. Жем-азықтың бағасы күйіп тұр. Мұны еш болған еңбек демей ме?! Пайдасын көрмегеннен кейін ол малды асырап, белшеден бейнетке батудың керегі қанша?! Қазір базарда еттің бір килограмы бір мың теңгеге сатылуда. Сіздер осыны білесіздер ме?!

– Астағапыралла! Қалғып-шұлғып отырған Бәйкен басын көтеріп алды.

– Бұл алыпсатарлардың ісі, олар сіздерді де, қаладағыларды да сүлікше сорып отыр. Осыларға тоқтау салатын әкім-қаралар қайда? Осыны неге айтпайсыздар, қайдағы картаны қайдан шығарып…

Қырық жыл мектепте мұғалім болып, зейнет демалысына шыққан, қайда барса да қолынан газеті түспейтін Қажыбай манадан екі көзін сығырайтып, жұрттың бәрін сынағандай болып отыр еді, сәті туды деді ме, сөз сұрады. Оның алдынан Мұрат та оқыған, ұстазын қалай аузынан қақсын, әлде “бір жөн сөз айтса, осы кісі айтар”, – деп дәмеленді ме, “Жолдастар, тынышталайық, Қажекеңе сөз береміз”, – деп еліп ете қалды.

– Біз жасарымызды жасап, асарымызды асаған адамдармыз, – деді Қажыбай алыстан орағытып. – Мені жастардың жағдайы қатты қинап жүр. Ауылда жұмыс жоқ, көбі қаламен екі ортада сенделіп жүр. Еңбек ету дегеннің, тәртіп дегеннің не екенін білмейді. Қолдарына бірдеңе түсе қалса, араққа, темекіге салады. Есірткі деген бір пәле шығыпты, ертең ол да келетін шығар. Келін-кепшіктің жайы, ол да өздеріңізге белгілі, іздегендері той-домалақ, арақ-шарап. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса баратын жеріміз де жоқ, ит байласа тұрмайтындай халге жеткен біздің ауылға қай дәрігер келеді?! Мұның бәрін мен неге айтып тұрмын? Осы біз үкіметтің есебінде жоқпыз ба деп қорқамын. Осы ауылға мұғалімдердің еңбекақысы мен біздің зейнетақымыздан басқа не келіп жатыр? Сондықтан Әлкеннің карта туралы әңгіме көтеруі өте орынды. Баттиып картада тұрсақ, біреу болмаса біреудің көзі түседі. “Осындай да ауыл бар екен-ау, ондағы халықтың жағдайы нешік?” екен деп ойлайды…

Осы сөздерден кейін Нұрқан шалдың: “Күн кешкіріп барады ғой, әңгімені көп соза бермей бір тоқтамға келейік, әкім баланың айтуының бәрі дұрыс, сенің-ақ дегенің болсын, әлгі бастығыңды әкеле бер, біз айтқаныңнан шықпаймыз, ертең бәрін өзің айтқандай жайып саламыз”, – демесі бар ма.

Әкім ара шағып алғандай шырылдады.

– Ағайындар-ау, жоғарыда мен айттым ғой, аудан әкімінің жай да жұмысы басынан асып жатыр, ол кісіні ренжітуге болмайды. Мен бәрін шер тарқату үшін айтып жатырмын ғой, бәрі осы жерде қалсын, – деді.

Нұрқан шал одан әрі сөз жарыстырған жоқ.

– Иә, көппен көрген ұлы той ғой, аш емеспіз, жалаңаш емеспіз. Тәубе, шүкір! Көш жүре түзеледі, бүгін Бәтима зейнетақыны менен көп алса, ертең менікі де өсетін шығар. Қырқына шыдаған да қырық біріне де шыдайық.

– Иә, орны бар оңалады, оған дауым жоқ, бірақ ауылымыздың картаға түспеуі жүрекке түскен жазылмас жара. Картасын желкілдетіп Әлкен көтеріле беріп еді, әкім әке-көке деп орнына қайта отырғызды.

– Ағатай, картаны қоя тұрыңызшы, аудан әкімі келіп кетсін, сосын өзіміз кең отырып ақылдасамыз. Оның да бір амалы табылар.

– Дұрыс айтасың! Бәрі түгенделіп, карта ғана қалды ма? Бізге монша керек. Жолдың қорлығы да өтіп болды. Осы тұрған Семипалатноеға дейін екі сағат жүреміз, селкілдеп сілікпеміз шығады, ішек-қарынымыз ақтарылып қала жаздайды.

– Учаскелік инспектор бар дегенді естиміз, бірақ өзін көрген адам жоқ. Күндіз ұйықтап, түнде жортуылға шығатын жастарды, өздері шыбық басын сындырмай, көрші-қолаңның мүлкіне көз алартып отырған ұры-қарыларды кім тәртіпке шақырады?!.

Ауыл әкімі тағы да қолын көтеріп, жұртқа тынышталыңдар дегендей белгі берді.

– Бұлардың бәрін кейін ақылға саламыз, шешеміз. Ертеңгі әңгіме басқа болсын.

– Сонда не айтамыз?

– Бәтіш әжей сөйлейді. Сіз жуырда ардагерлер атынан Астанаға барып келдіңіз, өміріңізде бірінші рет ұшаққа отырдыңыз, “Бәйтерекке” көтерілдіңіз. Осының бәрі кімнің арқасында? Әрине, бұл аудан әкімінің қарттарға көрсетіп отырған керемет құрметі, шынайы қамқорлығы. Міне, осыны бір минөтке сыйғызып айтасыз, одан бір секөнт артық сөйлеуге болмайды. Бұдан он жыл бұрынғыдай емес, зейнетақыңызды уақытында алатыныңызды айтуды да ұмытпаңыз.

– Мектеп директоры сөйлесін.

– Орынды ұсыныс. Сіз осы мектептің қабырғасынан талай белгілі адамдар шыққанын айтыңыз. Аудан әкімі де ауылдың баласы ғой, көңілі бір көтеріліп қалсын.

– Оның ауылдан шыққаны бар болсын, қазақша бір ауыз сөз айтпайды дейді ғой.

– Бекер сөз, өзіміз күнде жиналысқа қатысып жүрміз ғой. Қазақша амандасады, қазақша қоштасады. Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, жақында аудан орталығында үлкен мейрамхана іске қосылды. Осыны да біреуіңіз еске алып, әкімге рахмет айтайық.

– Жетпіс шақырым жердегі мейрамхананың біздің ауылға қандай қатысы бар? Қазір кім қайда, не салмай жатыр?

– Жоқ, олай ойлауға болмайды, аудандағының бәріне ортақпыз. Иә, иесі – жеке кәсіпкер. Бірақ, оған жерді кім берді, рұқсатты кім берді? Әрине, әкім. Олай болса, шалғайдағы ауыл тұрғындары атынан ризашылық білдіру артық па? Қашан біз кең ойлап үйренер екенбіз.

… Сол күні ауыл әкімі көпке дейін көз іле алмады. Оны аудан әкімінің есебі дұрыс өтсе жарар еді деген ой мазаласа, ауылының картаға ілікпей қалғанын, бұлыңғыр болашағын уайымдап, Әлкен де дөңбекшіп жатты…

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp