«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЫНДЫҚ КӨРІП ЖҮРМІЗ

Бүгінгі күні облыс орталығында 300-ден астам көру қабілеті нашар адам бар. Ал олардың жүріп-тұруына көмек беру 150-ден артық жеке көмекшіге жүктелген. Екі жанарынан айрылғандарды жетектеп жүріп, діттеген жеріне жеткізетін қызметкерлер айына бар болғаны 3500 теңге ғана жалақы алып жүргені қолыма қалам алуға түрткі болды. Біз күні бойы қарауымыздағы мүгедекті ауруханаға, басқа да қажетті әлеуметтік нысандарға апарамыз. Олар он екі мүшесі сау адамдармен тең дәрежеде өмір сүргісі келетіндіктен, рухани-мәдени орталарда жүргісі келеді. Азын-аулақ жалақымызды жарты айға да жеткізе алмағандықтан, көптеген шаралардан шет қалып жататын жайымыз бар.

Жалақымыз отбасын асырамақ түгіл, жолақыдан да артылмайды. Аз қаржыға жұмыс істеуге екінің бірі келіспейтіндіктен, бүгінгі күні денсаулығы дімкәс адамдардың дені үйлерінен шыға алмай отыр. Өзім бірінші топтағы мүгедек Ғалымжан Сатановтың жеке көмекшісімін. Жалақы мәселесі онсыз да көңілі жадау жандарды, тіпті жүдетіп отыр десем, артық айтқандық емес.  

Бұрын біз “әлеуметтік қызметкер” мәртебесіне ие едік. Петропавл қалалық жұмыспен қамту бөлімінен 42 мың теңге жалақы алатынбыз. Осыдан үш жыл бұрын бұл жүйеге өзгеріс енгізіліп, жалақы жұмыс сағатына қарай төленетін болды. Қазіргі таңда бір сағатқа 158 теңге аламын. Бір мүгедекке айына 25-30 сағат қана есептеледі. Сонда айлығым төрт мың теңгеге де жетпейді. Бұрын бұл қызметке тек медициналық немесе педагогикалық білімі барлар ғана іріктелетін. Жалақының аздығынан жеке көмекші қызметінде жүргендерге талап та қойылмай отыр.

2012 жылдан бастап мемлекет зағиптарға көрсетілетін бұл қызметті тендерлік жүйеге көшірді. Жыл басында «АДОН-Север» қоғамдық ұйымы тендердің жеңімпазы атанып, 11 миллион теңгеге қойылған лотты 8 миллион 500 мың теңгеге ұтып алды. Ал бұл қаржыны жеке көмекшілерінің санына бөлгенде, бір сағатқа 158 теңгеден ғана шығып отыр.

Міне, бүгінгі күні жарық дүниені жанарларымен көре алмай, онсыз да қиналып жүрген мүгедектердің жеке көмекшілері де жалақыдан қысылып, жүдеп жүр.

Наталья АЛЕНКИНА,

жеке көмекші.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp