Халқымызда “Балам өнерлі болсын десең, өнегеңді көрсет”, деген аталы сөз бар. Қазақ халқының көне дәуірден өшпес мұрасы болып, ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден-балаға сабақтасып, өзіндік тарихымен таныла білген ұлттық қолөнері бүгінгі таңда өзінің жалғасын тауып отыр. Қазіргі таңда мектепте еңбектің орнына жүргізілетін пән “технология” деген жаңа атауға ие. “Технология” – грек сөзінен аударғанда “өңдеу тәсілдері” деген мағынаны береді.
Петропавлдағы Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназияда 5-11-сынып оқушыларын технология пәнінің мұғалімі Теміржан Нұрышев қолөнерінің қыр-сырына баулуда. Ұстаз ұлдарға қыл аралармен, жону, кесу құралдарымен жұмыс істеу әдістерін үйретуде.
8-сынып оқушылары қалыңдығы 10 миллиметрлік шереден (фанера) шамдал құрастыруды игеріп алған. Оқушылардың қиялынан туындаған шамдал бөліктері бір-бірін қайталамай ерекше үлгіде жасалған. Балалар шамдал бөліктерін қыл арамен кесіп, жонып, өздері қалаған түске бояп, жинастырған кезде үйге ерекше сән беріп, жайлы ахуал қалыптастыратын бұйым шығады.
Қарасаң көз тоятын осындай бұйымдар технология пәнінің ұстазы Теміржан Нұрышевтің басшылық етуімен жасалады. Оқушылардың жасаған басқа да бұйымдарына қарап, қолөнер туындыларының халықтың тұрмыс-салтында алатын орнының қаншалықты биік екеніне көз жеткізесіз.
Амангелді БЕКМҰРАТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.
СУРЕТТЕ: технология пәнінің мұғалімі Т.Нұрышев оқушыларымен.