Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайынов Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы “Молсервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесу өткізді.
Ә.Құсайынов жиынға қатысушыларды сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Оның айтуынша, бірқатар әлем елдерінде экономиканы қарқынды дамытуға бағытталған жұмыс қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктерін ескермей, оған шамадан тыс күш салып жатыр.
Адамның өндіріске негізделген тұрмысынан озон қабатының бұзылуы, мұхиттардың ластануы, жер мен оның құнарлы қабатының жұтаңдануы, биологиялық әртүрліліктің азып-тозуы сынды құбылыстар бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Осылайша адам орны толмайтын табиғи ресурстарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда.
Жыл сайын өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттырудың салдарынан игерілмеген табиғи ортаның тарылып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген кандидат экологиялық білімнің маңыздылығына да тоқталды.
“Жалпы білім беретін мектептерде міндетті пән енгізе отырып, экология мен оның қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар тұрақты экологиялық-ағартушылық жұмыс жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы білім берудің маңызды қадамдары болып табылады”, – деп атап өтті Ә.Құсайынов.
Кездесуде кандидаттың аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Ольга Клишина да сөз сөйлеп, ғаламшардың жарқын болашағы әр адамның табиғи ресурстар мен жануарлар әлеміне деген саналы әрекетіне тәуелді екенін жеткізді.
***
Кандидат Әбілғазы Құсайынов Петропавл қаласындағы “СевКазЭнерго” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесті. Кездесу барысында ол өзінің сайлауалды бағдарламасының басты бағыттары туралы баяндап берді.
“Экологиялық аспектілердің қажеттілігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін назарға ала отырып, экологиялық қауіпсіз дамуға көшудің негізгі міндеттерін адамзат дамуымен қатар қарастыруды ұсынып отырмын. Жағымсыз экологиялық жағдай жалпы әлемдегі өзекті проблемаға айналып отыр, себебі, өнеркәсіпті дамытуда қоршаған ортаның мүмкіндіктері назардан тыс қалып, көп жағдайда табиғатты қорғау технологиялары пайдаланылмайды”, – деп атап өтті Әбілғазы Құсайынов.
Табиғат қойнауын тиімсіз пайдалану, қоршаған ортаның қалдықтарымен ластануы, гендік қор мен биологиялық әртүрліліктің жұтаңдануы қоршаған табиғи ортаны аздырып, айналып келгенде, мұның соңы адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Биологиялық әртүрліліктің азаюы осынау әрекеттердің салдары деген кандидат атмосфераның ластануы әлем экологтарын қатты алаңдатып отырғанын алға тартты.
Кездесу барысында сөз алған Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан экономиканы экологиялық таза, аз шығынды технологияларға көшірудің маңызына тоқталды.
(Ресми ақпарат).