«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮЙІ

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты БҰҰ жариялаған деректер жаға ұстатады. Әлемдегі әр үшінші әйел ең жақын адамының қысымына ұшы­райды екен. Дүниежүзінде әр минут сайын бір әйел күйеуінің қолынан қайтыс болады. Бұл сандарды айту оңай болғанымен, арғы жағына үңіліп, себебін тауып, сырын ұғу өте қиын. Бойындағы күш-қуатын шаңырақтың шаттығы үшін емес, әлсіз адамға қолын батырып, соққыға жығуға жұмсап жүрген еркектердің кесірінен сан мыңдаған әйелдің денсаулығына зақым келіп, қорғансыздың күйін кешіп жүр. Үлкендердің қабағын бағып, жәутеңдей қарап, жас етіне таяқ тиіп, есеймей жатып өмірдің азабын көрген балалар қан­шама?

Соңғы бір жарым жыл ішінде өңірде мың жарым бала мен әйел зорлық-зомбылыққа ұшы­раған. Бұдан бөлек, зары қо­ғамға жетпей, қалыптасқан қа­саң түсініктердің кесірінен жа­булы күйі қалған жағдайлар көп екеніне күмән жоқ. Осы мәселе­мен айналысатын мекемелердің басты мақсаты – қоғамда зор­лық-зомбылықтың кез-келген түріне деген төзбеушілікті қа­лыптастыру. Әр адам өзгенің қасіретіне үнсіз қарамауы керек. Үйінде ойран салып, ойына кел­генін істейтіндердің әрекетіне заңдық тұрғыдан баға берілгенде ғана олар ойынан қайтып, айы­лын жияды.

– Зорлық-зомбылыққа қа­тысты жауапкершілікті арттыру бойынша заңға енгізілген түзету­лер оң нәтиже беріп жатыр. Қы­сымға ұшырап жатқан балалар, қарттар мен әйелдерге көмек беру үшін қоғам болып жұмы­луымыз керек. Жыл сайын өңір­де тұрмыстық жанжалға байла­нысты 2 мыңдай әкімшілік заң бұзушылық тіркеледі. Оның 900-і күш қолдануға қатысты. Зор­лық-зомбылықтың шын мәнін­дегі көрсеткіші ресми деректер­ден әлдеқайда көп екенін бі­леміз. Көбі көмекке жүгінбей, іштен тынады. Мұндай жағдай­ларды жасырып қалу қауіпті. Өкінішке қарай, кей аудандар мен облыс орталығында кәме­летке толмаған балаға әкесі, өгей әкесі мен басқа туыстары зор­лық көрсетіп келгенін жасырған отбасылар анықталды. Мұндай сұмдық жағдайлар кездейсоқ мәлім болып жатады, – дейді облыс прокурорының орынба­сары Александр Трикачев.

Александр Владимировичтің сөзінше, отбасындағы күш көр­сетудің алдын алуда да олқы­лықтар бар. Прокурорлар құқық қорғаушылардың зорлық-зом­былыққа қатысты арыздарды қабылдамай, кінәлінің жазасын жеңілдетуге тырысқанын анықтаған. Ал қылмыстық іс қозғал­ған күннің өзінде белгіленген мерзімде қаралмай, созылып кететін кездері бар екен. Осы­лайша онсыз да қысымға ұшы­раған жандар өздері бірге тұ­рып жатқан адамдардың айып­ты екенін дәлелдей алмай ша­расыз күйге түседі. Тәртіп сақшыларынан қайыр болмаған соң ондай адамдар не өз-өзіне қол жұмсайды, не қорғанудың басқа тәсіліне көшеді. Мыса­лы, облыс орталығында тұра­тын бір әйел өз серіктесінің үздіксіз ұрып-соғуына шыдай алмай, ер адамның денсаулы­ғына ауыр зақым келтірген. Шал ақын ауданының тұрғыны бірге тұратын адамынан оқ­шауланатын орын таппай, тұ­рақты түрде соққыға жығылып келген. Прокурорлардың ара­ласуымен ол жұмыссыз ретінде есепке тұрып, жаңа өмір бас­тауға бет бұрған. Басқа аудан­дарда да прокурорлар әйелдер­ге құқықтық, заңгерлік, психо­логиялық, материалдық көмек көрсеткен. Өкініштісі, олар зорлық көрген жағдайда қайда жүгіну керектігінен бейхабар болып шықты.

– Бұған дейін тәртіп сақшы­лары тек зардап шеккен тарапқа ғана көмек беріп келсе, енді біз құқық бұзушылармен жұмысты да жетілдіруге көштік. Агрессор­ларды психикалық емдеуге жібе­ру бойынша жұмыстар атқары­луда. Өкінішке қарай, мұндай мамандар қала мен өңірдің 4 ау­данында ғана бар. Қалған аудан­дардағы денсаулық сақтау ұйым­дарында құқық бұзушылармен жұмыс істейтін психологтар болмағандықтан жұмыс ілгері баспай тұр. Тағы бір мәселе – соққыға жығылған жандарды оқшаулауға қатысты. Бұған дейін зардап шеккен әйелдер уа­қытша тұрақтау орталығына ор­наластырылатын. Былтыр заң­намаға өзгерістер енгізіліп, мұн­дай жұмыстармен тек лицензия­сы бар ұйымдар ғана айналыса алатын болды. Өңірде осындай жалғыз ғана ұйым бар. Ол – әйелдерді қолдау орталығы. Алайда бұл орталық та келесі жылдан бастап жұмысын тоқта­туы мүмкін. Сондықтан мұндай мекемені мемлекет қамқорлы­ғына алу қажет, – дейді облыстық полиция департаменті бас­тығының орынбасары Құрман­ғали Ысмағұлов.

Отбасы институтын нығай­тып, тұрмыстық жанжалдың ал­дын алу үшін өңірдің әр ауда­нында отбасын қолдау орталық­тары ашылған. Алайда құқық қорғаушылар ондағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойын­ша жұмыс сылбыр екенін айта­ды. Әйелдер ісі мен отбасы-де­мографиялық саясат бойынша комиссияның жұмысына да көңілі толмайтындар бар. Алек­сандр Трикачев аудандардағы отбасын қолдау орталықтары небәрі 1-2 кабинетке ғана орна­ласып, тек жұмыс күндері ғана ашық болатынын жеткізді. Ор­талықтарда азаматтарды қабыл­дауға жағдай жасалмаған. Кейбірінің зардап шеккендерден қо­ңырау қабылдайтын сенім теле­фондары жоқ. Зардап шеккендер үшін уақытша тұратын жер де қарастырылмаған. Ал кей аудандарда отбасын қолдау орталық­тарының есігі түске дейін ғана ашық болады екен. Бұл – аталған мәселеге мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып отыр­ғанымен, жергілікті жердегі­лердің салғырттығының көр­сеткіші.

Бірге тұратын адамы соққыға жыққан әйелдердің үйде қалуы қауіпті екені белгілі. Мұндайда жәбір көрушіні агрессордан оқ­шаулау қажет. Өз үйінде жәбір көріп, шаңырағы шайқалған келіншектер барар жер іздеп, көше кезбеуі тиіс. Мәселенің мән-жайы анықталғанша уа­қытша паналайтын орын болса, әйелдер өз өмірі үшін соншалық алаңдамас еді. Бүгінде мұндай орын тек Қызылжар ауданында­ғы Бескөл ауылында ғана бар. Мұндағы уақытша тұру орны 2017 жылы әйелдерді қолдау орталығының бастамасымен ашылған. Онда зардап шеккен әйелдер 6 айға дейін тұра алады. Бұл жерге құқық қорғау орган­дарының бағыттауымен немесе өздігімен келетін келіншектер аз емес. Мектептер мен аурухана­лардан да өтініштер түскен кез­дер болған. Ғимаратта жатын орын, балалар бөлмесі, ойын алаңқайы қарастырылған.

– Біздің орталыққа әйелдер­мен бірге олардың балалары да келеді. Бескөл ауылындағы мек­тептердің бірі зәбір көрген ұл-қыздарды құжаттарын рәсім­деуді күтпей-ақ оқытады. Біз 2017-2025 жылдар аралығында 536 зардап шеккен адамға қол­дау көрсеттік. Өкінішке қарай, келер жылы жұмыс істейтін қар­жымыз жоқ. Мемлекеттік сатып алу келісімінің уақыты аяқталып келеді. Лицензия талаптары да қатаңдатылды. Біздің бұл салада көпжылдық тәжірибеміз бар. Мамандарымыздың дені – тұр­мыстық зорлық-зомбылық бо­йынша елге белгілі сарапшылар. Аталған мәселе өңір басшылы­ғына жеткізілгенде олар қолдау көрсетуге дайын екендерін айт­ты. Келер жылы мемлекеттің қаржыландыруымен басқа орта­лық ашуды да жоспарлауда. Сондықтан пана іздеген әйелдер далада қалмайды деп сенеміз, – дейді Қызылжар ауданындағы орталықтың басшысы Алина Орлова.

Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі – тұтас қоғамның жауапкершілігі. Бүгінде желіде тарап жатқан жантүршігерлік оқиғалардың астарында түрлі әлеуметтік мәселелер жатыр. Бі­реулер ішімдіктің кесірінен, енді біреулер жалақының аздығынан, тағы басқа да мәселелердің итер­мелеуімен жақынына қол кө­теріп жатады. Бұл ретте дәстүрлі құндылықтарымызды нығай­тып, аға буын мен жастар ара­сындағы байланысты бекіте түсудің маңызы зор. Зорлық-зом­былықтың алдын алуға тәртіп сақшылары мен арнайы маман­дар ғана емес аға буын өкілдері де белсенді кіріскені жөн. Ай­дың-күннің аманында бесік тер­бетіп, бала тәрбиелейтін әйел­дердің таяқ жеп, сәбилердің қы­сым көруі әркімді алаңдататын мәселе болуы керек.

– Заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық өз алдына бөлек қыл­мыс түрі ретінде көрсетілмеген. Қылмыстық кодексте үйдегі қы­сым туралы бап жоқ. Мұндай құ­қық бұзушылықтар бұрыннан бар ұрып-соғу, денсаулыққа зиян келтіру баптарының аясында қа­ралады. Бұл ретте психологиялық, экономикалық зорлық-зомбылық пен жыныстық тиісушілік ес­керілмей қалуы мүмкін. Жәбір көргендердің көбі агрессорға тәуелді болады. Сондықтан арыз жазып, көптің табасына қалудан қорқады. Арыз жазған күннің өзінде дәлел таппай қиналады. Зорлық-зомбылыққа көз жұму, көну, үндемей қалу ауылдық жерлерде жиі орын алатыны жасырын емес, – дейді облыстағы бала құ­қықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Сұрағанова.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp