Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты Петропавл қаласындағы 99275 әскери бөлімі аймақтағы қорғаныс қабілетін күшейту, қорғау, сондай-ақ диверсияға қарсы іс- әрекеттерді орындаумен айналысады. Облыстар мен қалаларда, аудандар мен ауылдарда маңызды стратегиялық нысандарды қорғап, басқа құрылымдық әскерлердің жауынгерлік тапсырмаларды орындауына мүмкіндік береді. Ал төтенше жағдай орын алған кезде әскерилер табиғи және техногендік сипаттағы апаттардың салдарын жоюға жұмылдырылады.
99275 әскери бөлімінің әскери қызметшілері үшін жауынгерлік даярлық басты міндеттердің бірі саналады. Бұл орайда әскери бөлімде жоспарға сәйкес бөлімшелердің, взводтардың және роталардың жауынгерлік атыстары, командалық-штабтық жұмылдыру, біріктірілген штабтық жұмылдыру жаттығулары ұйымдастырылып, сондай-ақ облыс әкімінің қаулысы бойынша қала және аудандарда тактикалық-арнайы жаттығулар өткізіледі. Методикалық және практикалық сабақтарда әскерилердің тактикалық және жауынгерлік шеберліктері шыңдалып, стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғауға арналған қорғаныс іс-қимылдары үйретіледі.
«Ата Заңымызда жазылғандай, өз Отанын қорғау — әрбір азаматтың қасиетті борышы және парызы. Сондықтан мұндай оқу-жаттығулардың басты мақсаты – аумақтық қорғаныс әскерлерінің кәсіби деңгейін және іс-қимыл үйлесімділігін арттыру. Яғни мұндай жиындарды аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай- ақ кез келген төтенше жағдайға дайындықты күшейтуге бағытталған маңызды шара деп айта аламыз. Оқу-жаттығулар барлық қауіпсіздік талаптарына сай ұйымдастырылады», – дейді әскери бөлім командирі, подполковник Әсет Баймаханов.
Бөлімнің әскери қызметшілері өңірдегі қарғын судың белортасында жүріп, ауа райының қолайсыздығына қарамастан уақытпен санаспай еңбек етті. Әскерилер күн сайын 6 мың қапқа құм толтырып, бөгеттер тұрғызып, эвакуациялау шараларына қатысты. Биылғы су тасқынына қарсы жұмыстар басталғалы 99275 әскери бөлімінің 50-ден астам қызметшісі Прибрежное, Тепличное, Заречный және Большая малышка елді мекендерінде 100 мың қапқа құм толтырып, 5 шақырым бөгетті нығайтты.
Мамандардың физикалық даярлығын үнемі жетілдіріп отыру – бөлімнің басты бағыттарының бірі. Яғни әскери қызметшілер жауынгерлік дайындықтың қай түрінде де үнемі жоғары көрсеткішке ие болуы тиіс. Ол үшін әскери қызметшілер дала жаттығуларынан бөлек, бөлім аумағында да күнделікті дене шынықтырумен шұғылданады. Әр апта сайын полигонда қарумен атудан практикалық оқу- жаттығуларын орындап, жауынгерлік дайындық бойынша нормативтерді орындайды.
«Бөлімге алғаш келгендердің қатарында бұрын спортпен айналыспаған, жасқаншақ жастар аз емес. Олар бір жылдың ішінде рухы мықты, мінезі қалыптасқан нағыз жауынгерлердің қатарынан көрінеді. Қуатты әскер – ел қорғаны болса, әскери өмір – ер жігітті тәртіпке, төзімділікке және қайсарлыққа үйрететін нағыз өмір мектебі», – дейді Әсет Баймаханов.
Отанға адал қызмет ету – қасиетті борыш, абыройлы іс. Темірдей тәртіпке көндігіп, елі мен жерінің тыныштығын күзетіп, ел басына күн туған шақта етігімен су кешіп жүрген әскери қызметшілеріміз қандай мақтауға да лайық.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».