Қазақ тілінің бүгінде мемлекеттік тіл ретінде өз тұғырына қона алмай отырғанының бірнеше себебі бар. Кеңестік саясаттың салқынын айтып ақталған боламыз. Алайда егемендік алғанымызға 34-ші жылға кетті ғой, осы аралықта туғандардың, әсіресе соңғы уақытта өмір есігін ашқандардың тілінің шұбарлығына келмеске кеткен заманның еш қатысы жоқ. Демек, кемшілік өзімізден.
Қазақ тілін дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Өкінішке қарай, біздің өңірдегі кейбір мәдениет мекемелерінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңеюдің орнына тарылып барады. Мысалы, облыстық қуыршақ театрының репертуарында 55 спектакль болса, соның 7-уі ғана қазақ тілінде. Қазақ авторларының немесе қазақ халық ертегілерінің негізінде қойылған шығармалар жоқтың қасы. Ай сайынғы репертуар жоспарының біреуі немесе екеуі ғана мемлекеттік тілде көрсетіледі. Неге?
Балық басынан шіриді. Балалардың болашағына тікелей болмаса да жанама әсер ететін, тәрбие беретін мекемелерді ұлтқа, мемлекеттік тілге жаны ашитын адамдар басқармай жағдай өзгере қоймасы анық. Қуыршақ театрында 14 актер қызмет етсе, қазақ тілді қойылымдарда ойнай алатындардың саны төртеу ғана. Өнерпаз жетіспей ме, әлде оларды жұмысқа алғылары келмей ме? Осы салада жүрген азаматтардың айтуынша, кейбірі басшылықпен сыйыса алмағандықтан кетіп қалған.
2024 жылдың соңына қарай облыстық қуыршақ театрындағы қазақ тілді қойылымдардың санын көбейтуді, ол үшін ұжым ішінен жеке қазақ труппасын құруды ұсынып, депутаттық сауал жолдаған едім. Үш мекеме бір ғимаратта қысылып-қымтырылып отырғаны жайлы да жазғанмын. Жақында жауап келді. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттерімен келіссөздер жүргізіліп, театрдың штат санын кеңейту үшін қосымша қаражатқа бюджеттік өтінім дайындалғаны айтылыпты.
Ал қазақ тілді қойылымдарға келетін болсақ, «Алдар көсе» ертегісі негізінде мемлекеттік тілде жаңа қойылым жоспарланған екен. Қуыршақ театрының тұрақты көрермені болмасам да, «Алдар көсе» репертуарда бұрын да болғанын білемін. Мүмкін соңғы уақытта алып тастаған шығар. Бірақ оны жаңа қойылым деуге келмейді ғой. Екіншіден, жалғыз «Алдар көсе» қай жыртығымызға жамау болады. Қазақ тілді қойылымдар кем дегенде 50 пайызға жетуі қажет қой.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».