Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, нақтырақ айтқанда, 1993 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен іргетасы қаланып, 1996 жылы ақпан айында ашылған, бұл күндері өз өнімдерімен Қызылжар өңірінің даңқын республикадан басқа 14 алыс-жақын шетелге танытып отырған бірегей кәсіпорын – “Сұлтан -ЭДМК” АҚ.
Алғашқы шетелдік инвестициялық жоба
“Сұлтан” элеватор-диірмен-макарон кешенінің (ЭДМК) құрылысы Елбасының Үкіметке берген тапсырмасына орай 1993 жылы басталды. Бүкіл Қазақстандағы алғашқы инвестициялық жобаны түріктің “Окан Холдинг Исот” фирмасы қолға алып, 1996 жылы ақпан айында пайдалануға берді. Аталмыш нысанның алғашқы кірпішін қалау және салтанатты ашылу рәсіміне Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы еліміздегі ең күрделі де тұңғыш жобаға жоғары баға берген болатын.
Кешеннің құрамына сыйымдылығы 93 мың тоннаны құрайтын элеватор, қатты және жұмсақ бидайдан жоғары және 1-ші, 2-ші сұрыпты нан пісіруге және макарон шығаруға арналған үн үгетін 2 диірмен, швейцариялық “Buhler” фирмасының технологиясы бойынша “Сұлтан” сауда маркасымен макарон өндіретін заманауи жабдықтар кіреді.
Бас директор Идрис Картал басқаратын кәсіпорын жиырма жылға жуық уақыттан бері барлық өндірісті қайта құру және жаңғырту, технологиялық процестерді жетілдіру және техникалық жағынан қайта жарақтандыру сияқты негізгі стратегияны анықтап алған. Соған орай осы жылдар ішінде тәуліктік қуаттылығы 200 тоннаны құрайтын №2 диірмен, макарон өнімдерін шығаратын 4-ші желі іске қосылды, №1 диірмен мен қысқа кесінділі макарон бұйымдарын өндіретін №1 желіге күрделі жөндеу жүргізіліп, негізгі құрылғылары жаңартылды.
Қазіргі уақытта қуатты элеватор жылына 100-120 мың тонна астық қабылдап, кептіреді, өңдейді, салқындатады және сақтайды. Сақтауға астық тапсыратын агроқұрылым басшылары кәсіпорын көрсететін қызметтің сапасын жоғары бағалайды. Тәуліктік қуаттылығы 200 және 240 тоннаны құрайтын 2 диірменде қатты және жұмсақ бидайдан нан пісіруге және макарон өндіруге арналған үш сұрыпты ұн мен кебек дайындалады. Олар жұмыртқасыз, қоспасыз макарон өндіруге негіз болады. Бұл макарондардың сақталу мерзімі – 2 жыл.
Алдағы уақытта “Сұлтан-ЭДМК” АҚ технологиялық жабдықтарды қайта жабдықтауды және жаңғыртуды, Қазақстан мен шетелде өткізу нарығын кеңейтуді, тауарлардың қазақстандық үлесін арттыруды, орама материалдардың жаңа түрлерін игеруді, ассортиментті көбейтуді және макарон бұйымдарының жаңа түрлерін шығаруды, Кеден одағы елдеріне экспорт көлемін арттыруды көздеп отыр.
Кәсіпорынның бренді баршаға белгілі
Қазақстанның макарон-ұн саласындағы жетекші кәсіпорны макарон бұйымдарының 38 түрін шығарады. “Сұлтан” сауда маркасымен шығарылатын ұн мен макарондар жоғары сапалылығымен және экологиялық таза өнім екендігімен, дүниежүзілік макарон-ұн өндіретін үздік кәсіпорындармен бәсекелесе алатындығымен, тауарлар ассортиментінің көптігімен және бағаларының қолжетімділігімен дараланады.
“Сұлтан-ЭДМК” АҚ ИСО 22000 және ИСО 9001 халықаралық стандартына сәйкес сертификаттаудан өткен. Кәсіпорынның бұдан басқа экологиялық таза сапалы өнім талаптарына жауап беретін “ЭКО”, “Organic”, “Bio”, “Без ГМО” сертификаттары бар.
Осы жылдар ішінде акционерлік қоғам республикалық “Қазақстанның үздік тауары”, “СҚО-ның үздік тауары”, “Менеджменттің үздік интегралды жүйесі”, Қазақстанның Тұтынушылар лигасы байқауларына үзбей қатысып, Гран при алды және І дәрежелі дипломмен марапатталды, “Өндірістік тауарлар” аталымында жеңімпаз атанды.
“Сұлтан” өнімдерінің эксклюзивті дистрибьюторы – “Сұлтан-Маркетинг” ЖШС. Кешеннің жоғары сұрыпты бидай ұны мен макарон өнімдері “WorldFoodKazakhstan – 2013” халықаралық жәрмеңкесінде жоғары сапалылығы үшін “Азық-түлік тағамдары” аталымында “Алтын медаль” мен І орынға ие болды. Кәсіпорын “Парыз – 2015” бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” облыстық байқауының “СҚО экологиясына қосқан үлесі үшін” аталымы бойынша жеңіс биігінен көрінді. Биыл Қазақ Тамақтану академиясының вице-президенті, профессор Ю.Синявский төрелік еткен “World-FoodKazakhstan – 2015” Орталық Азия Халықаралық жәрмеңкесі аясында өткізілген дегустация байқауында “Ұн”, “Макарон бұйымдары”, “Кондитерлік бұйымдар” аталымдарында “Сұлтан” маркасымен шығарылатын ұн, спагетти мен шиыршық, вафли, хош иісті “Банан” мен “Нуга” “Сапа дипломымен”, алтын медальмен және І дәрежелі дипломмен Қызылжар өңірінің даңқын тағы да асқақтатты.
– Сонымен бірге биыл “Халық маркасы” жалпыұлттық жоба-байқауына да өз өнімдерімізді ұсындық. Қазақстандық нарықтағы үздік тауарларды тұтынушылар дауыс беру арқылы анықтап, жыл үздігін таңдауға тиіс болатын. Нәтижесінде көп дауыс жинап, байқаудың үздігі деген атқа ие болдық. Біздің өнімдерімізді жоғары бағалайтын тұтынушыларымызға алғысымыз шексіз, – дейді бас директордың көмекшісі Дина Байбосынова.
“Сұлтан-ЭДМК” АҚ-ның өнімдері Қазақстанның 11 облысына және 14 шетелге “Сұлтан-Маркетинг” ЖШС арқылы шығарылады. Фирманың көліктермен және қойма ғимараттарымен, көтерме және дистрибьюторлық компаниялар желісімен қамтамасыз етілген өзіндік филиалдары бар. Олардың қуаттылығы 17 мыңнан астам клиенттер нүктесін құрайды. Серіктестіктің жалпы аумағы 15000 шаршы метр болатын жабық қоймалары бар, құрылған кезден бастап Ресей, Қытай, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Моңғолия, Түркіменстан, Литва, Беларусь, Германия сияқты шетелдермен экспорттық қарым-қатынас жасайды.
– “Сұлтан” макаронының айқын сипаты – олардың түсі. Жақсы макарондар сары түсті болуы және суды көп мөлшерде сіңіруі тиіс. Өндіру технологиясы мен жоғары сапалы шикізат “Сұлтан” макаронына тамаша өң береді. Үй шаруасындағы әйелдер осы өнімнің жоғары сапасы мен кең ассортиментін әлдеқашан бағалаған. Мейрамхана, дәмхана, оқу орындары мен кәсіпорындардың асханаларында аспаздар тағамдарды “Сұлтан” макарондарынан жасағанды артық көреді, өйткені, ол – сәттілік кепілі. Біздің өнімдеріміз сыртқы көркем қаптамасымен және ыңғайлы орамасымен ғана емес, макарондардың сапалылығымен де өтімді,– дейді зертхана меңгерушісі, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Ольга Вагнер.
Әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын
Кәсіпорында әлеуметтік салаға, адамдардың денсаулығына, еңбекті қорғау мен техника қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Үш ауысымда жұмыс істейтін 350 адамға жақсы жабдықталған асхана мен медициналық қосын қызмет көрсетеді. Асхананың кешенді тамағы 50 теңгені ғана құрайды, ал АҚ-да еңбек ететіндер қызмет көлігімен тегін тасымалданады.
Алматы шетел тілдері институтының 1972 жылғы түлегі, осы кәсіпорын құрылғаннан бері еңбек етіп келе жатқан бас директордың көмекшісі Дина Байбосынованың айтуына қарағанда, кәсіпорын қызметкерлері ұжымдық шарт бойынша еңбек етеді. Уақытша еңбекке жарамсыз болғандарға әлеуметтік жәрдемақы төленеді, біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі, еңбек тәртібін бұзбағандарға айлық еңбекақысының 25 пайызы көлемінде ай сайын сыйақы беріледі.
Осы кәсіпорында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққандардың өзі – 86 адам. Еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетудің естен шығарылмайтынын компания басшылары баса айтады. Ұжым осы кәсіпорынның алғашқы атқарушы директоры болып жемісті еңбек еткен, бұл күні о дүниелік болған Қайыржан Күлетаевтың есімін құрмет тұтады, диірмен директоры қызметін атқарған зейнеткер, Петропавл қаласының құрметті азаматы Руфаил Губайдуллинді мақтан етеді.
– Әкімшілік директоры Еркебұлан Төлепов, хатшы-аудармашы Елена Орехова, зертхана меңгерушісі Ольга Вагнер, қойма имараттарының меңгерушісі Ерлан Қасенов, диірменші-жармашы Николай Кулаков, оператор Айман Байтеңізова кәсіпорынның байырғы қызметкерлері ретінде ғана емес, адал еңбектерімен де, әріптестері арасында тіл табыса білетіндігімен де қатарластарына сыйлы болып жүр. Бізде осындай озаттардан үлгі алып жүргендер қатары қалың. Кәсіпорын құрылғаннан бері қатаң тәртіп қалыптасқан. Бізде соны мойынсұнған адамдар ғана еңбек етеді. Олар аз емес. Барлығы – 350 адам, – дейді Дина Құсайынқызы.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.