«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫҚТЫ ӨТКЕН КАНИКУЛ

Облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері кезекті оқу тоқсанына жаңа серпінмен кірісті. Қысқы демалыс кезінде олар үшін түрлі танымдық шаралар, табиғат аясында серуен ұйымдастырылды.

Аталмыш ұйымның тәрбиеленушілеріне бірнеше жылдан бері түрлі кәсіпорындар қызметкерлері мен жеке кәсіпкерлер қамқоршылық жасап келеді. Бұл жолғы демалыс та балалар үшін өте әсерлі шараларымен есте қалды. Мәселен, №6 отбасының тәрбиеленушілерін “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі өз қамқорлығына алған. Олар барлық мерекелер мен балалардың каникулдарын ескерусіз қалдырмайды. Бұл жолы отбасының барлық мүшелері мен бұрынғы түлектері Новоникольское ауылында қонақта болды. Саяхат барысында олар қожалықтың ауыл шаруашылығы кешенін аралап, ондағы жаңа технологиялардың, жел диірменнің жұмысымен танысты. Таза ауада сырғанақ теуіп, түрлі ойындарға қатысты.

“Аксесс-Энерго” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен “Жұлдыздар” отбасының балалары Петропавл қаласындағы Спорт сарайына барды. Ондағы хоккей мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, велосипед мектебі, күш жекпе-жегі залдарының жұмысымен танысып қана қоймай, өздерінің қалаған залдарында жаттығуға мүмкіндік алды.

Жеке кәсіпкер Надежда Пирожкова 11-сынып оқушыларын Петропавл қаласының кешкі келбетімен таныстырып, Пестрое көліндегі Тәуелсіздік стеласы және жаңажылдық шыршаның маңындағы сырғанақтарда көңілді демалыс ұйымдастырды.

“Қазпочта” АҚ-ның ұйымдастыруымен өткен “Аяз Атаға хат жаз!” акциясы аясында 3-6-сыныптардың 40 оқушысы өз армандарына қол жеткізіп, жаңажылдық сыйлықтарға ие болды.

Ұлттық ұлан күні мерекесіне орай Петропавлдағы №6637 әскери бөлімнің оркестрі Балалар үйіне арнайы келіп, тәрбиеленушілерді патриоттық рухқа бөледі. Әскерилердің оркестрдің сүйемелдеуінде Отан, туған жер, астана, тағы басқа тақырыпта шырқаған әндерін балғындар зор ықыласпен тыңдады. Оркестрдегі әр аспаптың шығу тарихы, қызметі туралы мәлімет алды.

Каникул күндерін осындай ерекше әсермен өткізген тәрбиеленушілер жаңа тоқсанды табыспен бастады. Атап айтсақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде Вера Григорьева (орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен) – 1-орын, Галина Калашникова (қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен) мен Илья Белов (география пәнінен) 3-орынды жеңіп алды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp