“Қарасай” стадионында облыс әкімінің жүлдесі үшін шайбалы хоккейден өткен біріншілік өз мәресіне жетті. Додаға Петропавл қаласы мен 5 ауданнан 6 команда қатысты.
Біріншіліктің қорытындысы бойынша Есіл ауданының спортшылары үшінші орынға тұрақтады. Күміс жүлде және 100 мың теңгенің сертификатын қызылжарлықтар еншілесе, Петропавл қаласының құрама командасы сайыстың жеңімпазы атанып, 150 мың теңгені қанжығаларына байлады.
* * *
Петропавлда конькимен сырғанаудан облыс біріншілігі өтті. Спорттық шараға 3 құрама команда, 80-нен астам жасөспірім қатысты.
Петропавлдық өрендер – Елизавета Беркхайм, Влад Семененко, Слава Эрман, Максим Хохлов, сондай-ақ, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның өкілі Анастасия Заболотная және тайыншалық Ольга Чижевская сайыстың жеңімпаздары атанды.
Жалпыкомандалық есепте Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның өкілдері жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді. Қазбек Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған спорт мектебі екінші орынға ие болса, тайыншалықтар үшінші орында.
* * *
Мамлютка қаласында өткен “Жас шаңғышы” деп аталатын облыс біріншілігінде 11 құрама команда сайысқа түсті.
Жекелей есепте Қазбек Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған спорт мектебінің тәрбиеленушілері – Маргарита Ларгина (классикалық және еркін стиль) мен Алексей Бурлев (классикалық стиль), Данил Глуховский (еркін стиль) жеңіске жетті.
Ал эстафетада қыздар арасында Полина Пузикова, Александра Данилова және Маргарита Ларгинаның үштігі 2 шақырымда топ жарса, ұлдар арасында Диас Омаров, Владислав Сидоркин және Данил Глуховский үздік шықты.
Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте 507 ұпай жинаған Қазбек Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған спорт мектебінің тәрбиеленушілері жеңімпаз атанды.
* * *
Қарағанды қаласында 2000-2001 жылы туған жастар арасында бокстан ел біріншілігінің аймақтық кезеңі өтті. Аталмыш сайыста өңір намысын қорғаған 19 солтүстікқазақстандықтың 16-сы түрлі дәрежедегі медальдарға ие болды. Ал 5 боксшымыз ел біріншілігінің ақтық кезеңіне жолдаманы ұтып алды.
Атап айтқанда, 36 килограмм салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Шахнияз Мұратбек және 70+ килограмм салмақта Сұлтан Айдархан алтыннан алқа тағынды. Ал Жанайдар Ахметов (56 кг.) пен Темірлан Әбілмәжінов (70+ кг.) күміс жүлдегерлердің қатарында табыла білді. Тағы 11 жерлесіміз қола жүлдеге ие болды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.