«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚАША

Петропавлдағы шахмат клубында тоғызқұмалақтан облыс біріншілігі өтіп, оған 63 солтүстікқазақстандық қатысты.

Сайыс қорытындысы бойынша Шал ақын ауданының өкілдері жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ал екінші және үшінші орындарды айыртаулықтар мен петропавлдықтар өзара бөлісті.

* * *

Шайбалы хоккейден облыс кубогының бесінші туры өз мәресіне жетті.

Петропавл қаласының командасы аққайыңдықтардан 16:1 есебімен басым түссе, Қызылжар ауданының өкілдері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның хоккейшілерін 6:2 есебімен тізе бүктірді.

* * *

Облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде мейбукан годзю-рю каратэ-до бойынша облыстың ашық біріншілігі аяқталды. Оған Петропавл, Астана, Көкшетау, Қостанай қалаларынан және облысымыздың аудандарынан 127 спортшы қатысты.

* * *

Щучье қаласында президенттік көпсайыстан ел біріншілігі аяқталды. Тартысты додаға еліміздің 9 облысынан 200-ден астам спортшы қатысса, 14 жерлесіміз өңір намысын қорғады.

Бәсі биік сайыста қоржынына 5 алтын, 5 күміс және 9 қола медаль салған солтүстікқазақстандықтар жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды.

* * *

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қысқы спартакиадада күш сынасты.

Спорттың 7 түрі бойынша өткізілген жарыстың қорытындысында жалпыкомандалық есепте облыстық ішкі істер басқармасы жеңіске жетті. Ал Ұлттық Ұлан әскери институтының өкілдері екінші орынға жайғасса, мамандандырылған күзет қызметінің басқармасы үшінші болды.

* * *

Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында тректік ипподромдық жарыс бойынша Орал, Сібір және Қазақстан біріншілігінің алтыншы кезеңі және ел біріншілігі өтті. Оған Түмен, Қорған, Омбы және Петропавл қаласынан 18 үміткер қатысты.

Бұған дейін Ресейдің қалаларында өткен автожарыстың бес кезеңінің жалғасы болған дода барысында ресейлік спортшылар жеңімпаз атанды.

* * *

Петропавлда 26 наурыз күні Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) топтық кезеңінің аясында “Astana Arlans” пен “Puerto Rico Hurricanes” арасында матч өткізіледі.

Алдағы матчта рингке 49, 56, 64, 75 және 91 килограмм салмақтағы боксшылар шығады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp