«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қысқы маусым жабылды

Борки кентінде қысқы спорт маусымының жабылу салтанаты өтті. Қыс бойы облыс тұрғындары қалауларынша коньки мен шаңғы тепті. Хоккей корттары да көптеп ашылды және ешқайсысы бос тұрған жоқ. Жалпы бір жыл ішінде облыста қырықтан астам спорт нысаны бой көтерген. Қысқы спорт маусымының жабылуына келген тұрғындарды облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев дені сау ұлт қалыптастыру үшін халықтың 30 пайызы саламатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтыру және спортпен айналысуы керек екенін айтты. Біздің облыста бұл көрсеткіш 28 пайызды құрады. Биыл қысқы спортпен әуестенгендердің қатары қалыңдағанын көрдік. Оған мұз айдыны бар Спорт сарайының ашылуы да өзінің оң ықпалын тигізді. Биыл үлкен теннис орталығы салынады, – деді ол.

Жиналғандар биыл соңғы рет аяқтарына шаңғыларын байлап, 800 метр қашықтыққа жарысты. Алдымен облыс және қала әкімдіктерінің қызметкерлері, ассамблея мүшелері жарыс жолына шықса, одан кейін қыз-келіншектер мен ер-азаматтар жеке-жеке сайысты. Қазақстанның 25 дүркін чемпионы, бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де оқытушылық қызмет атқаратын Александр Наумов мәре сызығын алғашқы лектің қатарында кесіп өтті.

– Бұқаралық спортты дамытудың маңызы зор. Мен 10 жасымнан бастап аяғыма шаңғы байладым, әлі де шешкен жоқпын. Кеше ғана ардагерлер арасында еліміздің чемпионы атандым. Бұл – 25-ші жеңісім. Спортпен шұғылдансаң, денің сау болады, ауырмайсың. Осыны жастарға көбірек насихаттау керек, – дейді ол.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ.

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp