«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРАМЫНДА ЕТІ ЖОҚ ШҰЖЫҚТАР БАР

Аға буын өкілдерінен «Бұрынғының алмасы табиғи еді», «Балмұздағы тәттірек еді» деген салыстыруларды жиі естиміз. Жуырда ғалымдар мұның бәрі жай ғана өткенге деген сағыныш емес, шын мәнінде дәлелі бар дүние екенін жариялады. Зерттеушілердің айтуынша, соңғы бір ғасыр бойы табиғаттың өзгеруі мен халықтың көбеюі салдарынан күнделікті тұтынатын азық-түліктің құнарлылығы азайған.

Қазіргі өнімдердің құрамындағы ақуыз бен минералдар біздің ата-бабаларымыз тұтынған азық-түліктегіден әлдеқайда аз. Бұған табиғи өнімді жасанды қоспалармен алмастырып, әдемі қаптамаға орап, төмен бағамен сататын өндіріс иелері де айтарлықтай әсер етуде. Соның салдарынан кеңес кезінде халық сағаттап кезекке тұрып әрең қол жеткізетін шұжық өнімдері бүгінде дүкен сөрелерінде тау болып үйіліп жатыр. Тұтынушылар аталған өнім түріне сақтықпен қарай бастады.

Қаладағы үлкен супермаркеттердің әрқайсысында шұжыққа арналған арнайы бөлім бар. Онда еттен жасалған өнімнің небір түрін кездестіруге болады. Сөрелердегі тауар маркалары жүздеп саналады. Талғамыңыз бен қалтаңызға қарай өзіңізге керегін тауып аласыз. Дүкендердегі шұжықтардың бір бөлігі отандық өнім болса, қалғаны Ресей мен Беларусь елінен. Алаңсыз азық-түлік алып жүріп шұжық бөліміне келгенде желкесін қасып, дағдарып қалатындар көп. Бағалары әралуан. Тауықтың, қара малдың, жылқының етінен жасалған өнім самсап тұр. Тұздалған, сүрленген, пісірілген, кептірілгені керек дейсіз бе? Бәрі бар. Екінің бірі ала бермейтін деликатес түрлері де жетерлік.

Бүгінде отандық өндірушілер ішкі нарықтың 59 пайызын шұжықпен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр қазақстандық кәсіпорындар 60 мың тоннадан астам шұжық өндірген. Соңғы жылдары біздің өңірде де тұралап қалған ет өңдеу кәсібі қайта жанданып келеді. Нарықта тұтынушыға кеңінен танымал жергілікті брендтер бар. Соның бірі — «Казмясопродукт» серіктестігі. Кәсіпорынның нарыққа ет өнімдерін шығарып келе жатқанына 20 жылдан асып барады.

— Шұжық өндіру — өте күрделі технологиялық процесс. Бізде шұжық өнімдерінің жүзден астам түрі шығарылады. Күн сайын тұтынушыларға 5 тонна дайын өнім жеткіземіз. Барлық шикізат жергілікті шаруалардан алынады. Бүгінде компанияның 14 сауда орны бар. Шұжықтарымызды Алматы, Астана, Қарағанды, Көкшетауға жеткіземіз, — дейді өндіріс технологы Мария Захарченя.

Тайыншалық «Lecker» брендімен шығатын шұжықтар да қызылжарлықтардың арасында кеңінен танымал. Аталған компанияның өнімдерін облыс орталығы мен Бескөл ауылындағы фирмалық дүкендерден алуға болады.

Десе де сөредегі ет өнімдерінің бәрі қаптамада жазылғандай сапалы бола бермейді. Мамандар сапалы шұжықтың құрамындағы заттар барынша аз болатынын айтады. Табиғи өнімнің құрамында тек ет, тұз, су және дәмдеуіштер болуы тиіс. Ал одан басқа қоспалар бары жазылса, ондай шұжықты аларда мұқият болған жөн. Етті көпсінген кей өндірушілер шұжыққа малдың шеміршегі мен терісін, крахмал қосып жіберуі де ғажап емес. Тұтынушының тәбетін ашу үшін қолданылатын тағамдық қоспалар, қышқылдар, тұрақтандырғыштар, консерванттар мен бояғыштарды санап тауыса алмайсыз. Тіпті ел арасында құрамында бір түйір еті жоқ, жасанды қоспалардан жасалған шұжықтар туралы әңгіме жиі айтылады. Алайда мұндай өнімдердің де өз тұтынушылары бар екен. «Жүре берсең, көре бересің» дегендей, дүкен аралап жүріп арнайы етсіз шұжық іздейтіндердің барын да білдік. Бұл туралы қаладағы «Ecoshop» дүкенінің иесі Торғын Басыбаева айтып берді.

— Бүгінде ет жеуден бас тартқан вегетариандар мен вегандар қатары көбейіп келеді. Алайда адам еттің дәмін татпай жүре ала ма? Сондайларға арнап арнайы етсіз шұжықтар әзірлейміз. Оның құрамы табиғи қоспалар және дәмдеуіштерден тұрады. Әрине, дәмі бәрібір еттен жасалғандай болмайтыны анық. Сол сияқты етсіз котлеттер де сатамыз. Қазір діни ұстанымына сай ет жемейтіндер де бар. Мәселен, кришнаиттерге ет жеуге тыйым салынған. Сондықтан олар шұжықты осындай өнімдермен алмастырады, — дейді кәсіпкер.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp