
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов “Фирма Алекри”, “Атай СК”, “Петропавл бройлер құс фабрикасы”, “Адель құс” серіктестіктерінде болып, олардың жұмысымен танысты.
“Фирма Алекри” ЖШС-нің директоры Александр Прядко облыс әкіміне өзі басқаратын кәсіпорынның тыныс-тіршілігі жайында айтып берді. Серіктестік 2014 жылы 274 млн. теңге көлемінде демеуқаржы алып, өндірістік корпусқа және құс сою цехына жаңғырту жұмыстарын жүргізді, 2 млн. жұмыртқа сақтайтын қойманы, өндірістік құстар үшін торланған құрал-жабдықты пайдалануға берді, жұмыртқа сұрыптайтын машина орнатты.
Ерік Хамзаұлы “Атай СК” ЖШС-нің компьютермен басқарылатын жемазық цехын аралады. Серіктестік мамандары аталмыш цехта құс өсіру үшін жемазықтың бірнеше рецептін жасай алады. Кәсіпорын бір жылда 75 млн. жұмыртқа өндіреді.
“Петропавл бройлер құс фабрикасы” ЖШС-і 2008 жылы ашылды. Сол уақыттан бері серіктестік нарыққа 1500 тонна құс етін шығарып үлгерді. Өнімнің бір бөлігі Қарағанды, Көкшетау және Астана қалаларына жөнелтіледі. Фабриканың атқарушы директоры Рамазан Мәлғаждаров берілген демеуқаржының арқасында құс басын көбейтіп, өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік туғандығын айтып берді.
“Адель құс” ЖШС бес жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдардың ішінде өндірісті 5 корпусқа дейін көбейтіп, құрал-жабдықтарды жаңғыртты. Өткен жылы серіктестікте 40 млн. жұмыртқа өндірілді. Кәсіпорын оны 50 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр.
(Өз тілшіміз).