«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ

Елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының бір аптасы қорытындыланды. Президенттікке кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдары өңірлерді аралап, сайлауалды тұғырнамаларын таныстырды.

“Ақ жол” демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаева үгіт-насихат жұмыстарының аясындағы кезекті сапарын Қостанай облысына жасады. Кандидатпен қатар насихатшылар тобында республикалық штаб мүшелері – партия төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев, Парламент Мəжілісінің депутаты Ерлан Барлыбаев жəне “Ақ жол” партиясының аймақтық белсенділері болды. Д.Еспаева бастаған делегация алдымен Алтынсарин ауданына табан тіреді. “Олжа-Белявка” – аудандағы ірі серіктестіктердің бірі. Мамыр айы – қостанайлық диқандар үшін қызу науқан кезі. Аталмыш серіктестік жерінің жалпы ауданы 145 мың гектар, оның ішінде 111 мыңы егістік болса, 34 мыңы – жайылым. Серіктестікте 600-ге тарта адам қызмет етеді. Дания Еспаева механизатор, прораб, мотористермен машина-трактор шеберханасында сөйлесіп, ауыл азаматтарын қандай мəселе мазалайтынын білді. “Мұндай кездесулердің орны бөлек. Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 43 пайызы ауылдық жерде тұрады. Маған кандидат ретінде сіздерге ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі ұстанымымды жеткізу маңызды болды. Себебі, ауылдағылардың еңбегі қаржылай лайықты бағаланып, фермерлік шаруашылықтағы жұмыскерлер қалалық кəсіпорындардан аз жалақы алмауы тиіс. Осылай ғана біз өмір сүру көрсеткішін көтеріп, жастарды сырт жаққа емес, өз ауылдарында еңбек етуге қызықтыра аламыз”, – деді кандидат. Бұдан кейін кездесу Селантьев орта мектебінде жалғасты. Онда көбіне ауыл инфрақұрылымын жақсарту туралы талқыланды.
* * *
“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Төлеутай Рахымбековтің сайлауалды бағдарламасы Қызылордадағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтында қызу талқыланды. Əсіресе, аграрлық ғылымды дамыту, селекциялық орталықтарды қолдау жəне заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету мəселелері өте өзекті екені аталып өтті. Аталған институттың директоры міндетін атқарушы Бақытжан Дүйсенбеков бұл бағдарламаның көңілден шыққанын айтып, Елбасының “Ауыл шаруашылығы – біздің экономикамыздың драйвері” деген сөзін еске салды.
Ал кандидаттың Батыс Қазақстан облысындағы сенім білдірілген адамдары “KazConstruction Group” ұжымымен кездесті. Онда Жəңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Болатқали Төлебаев президенттікке кандидаттың басты ұстанымдары туралы оның əлеуметтік желілердегі жеке парақшалары жəне сайты арқылы əр сайлаушының танысуға мүмкіндіктері бар екенін айтты. Онда кандидат аграрлық сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология, жалпы ел экономикасының қазіргі жағдайы, проблемалары жəне оларды шешудің нақты жолдары туралы ой бөліскен. Сондай-ақ, үгіт-насихат науқанының аясында өңірлерде “Өз талыңды отырғыз!” атты экологиялық акциялар ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінде белсенді жастар ағаш егіп, қала көшелерін жасыл желекке бөледі. Атап айтсақ, Түркістан, Шымкент, Қостанай, Талдықорған қалаларында өткен қоғамдық жұмысқа жастар білек сыбана кірісті.
* * *
Кəсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Амангелді Таспиховтың аймақтардағы қоғамдық штабтары белсенді жұмыс істеп жатыр. Маңғыстау облысындағы қоғамдық штабтың жетекшісі Киікбай Жаулин мен кəсіподақ ардагері Марат Дəулетов “CaspiBitum” кəсіпорнының еңбек ұжымымен жиын өткізді. Онда кандидаттың сенім білдірген адамдары Амангелді Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасын жəне өмірбаянын таныстырды. Əсіресе, жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау туралы бөлімін кеңінен қозғап, жиналғандардың бірқатар сұрағына жауап берді.
Ал Батыс Қазақстан облыстық білім жəне ғылым қызметкерлері кəсіподағы Қазақстан халқы Ассамблеясы үйінде “Бүгінгі кəсіподаққа – белсенді жастар” атты семинар-тренинг өткізді. Іс-шарада кəсіподақтың белсенді жастарын марапаттап, артынан президенттіктен үміткер Амангелді Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасы туралы баяндалды. Онда жастар еліміздің қозғаушы күші ретінде бағаланып, оларды дауыс беру науқанынан қалыс қалмауға шақырды. Кандидаттың Қызылорда облысы бойынша өңірлік штабының басшысы, аумақтық кəсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов облыстық тарихи өлкетану музейі еңбек ұжымымен кездесті. Жиында сенім білдірілген өкіл көпшілікке Амангелді Таспиховтың тұлғасын жан-жақты таныстырып, тарихи маңызды саяси науқанмен тұстас келген Халықаралық музей күнімен құттықтады. Сондай-ақ, Түркістан облысы жəне Шымкент қаласындағы қоғамдық штаб басшысының орынбасары Серік Əуесханов бастаған топ “ПетроКазахстан Ойл продактс” кəсіпорнында болды.
* * *
Елордада Қазақстан Коммунистік халық партиясынан кандидат Жамбыл Ахметбековті қолдауға арналған автошеру өтті. Оған президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбеков пен республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айқын Қоңыров қатысты. 30 көліктен құралған шеп ҚКХП республикалық штабынан бастау алып, халық көп шоғырланған жерлермен жүріп өтті. Коммунистік нышандармен жəне қызыл тумен безендірілген көліктер тізбегі жолай кездескен көлік жүргізушілері мен қала тұрғындарының назарын ерекше аударды. “Бұл іс-шара коммунистер ерекше қадірлейтін пионерлер күні қарсаңында өтті жəне осы мерекенің құрметіне арналды. Бұл күннің коммунистер үшін маңызы зор. Сондықтан біз пионерлер күнін автошерумен атап өтуді жөн көрдік. Автошеру қаланың негізгі көшелерінен өтті. Осылайша, біз өз жұмысымызға қала тұрғындарының назарын аударттық. Шара шеңберінде қалың көпшілікке партияның сайлауалды бағдарламасы түсіндіріліп, үгіт парақтары таратылды. Біздің партия еңбек адамының мүддесін қорғайды. Біз – халық жақтаушыларының партиясымыз, 15 жылдан аса уақыт бірнеше маңызды бағыттарда жұмыс істеп келеміз. Қазақстанның көптеген сайлаушылары біздің экономикадағы, əлеуметтік-саяси өмірдегі ұстанымымызды қолдайтынына сенеміз”, – деді Жамбыл Ахметбеков. Ол сайлауалды тұғырнамасы 5 маңызды бағыттан тұратынын жеткізді. Олардың барлығын “Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!” ұраны біріктіреді. Кандидат автошеру өткізу халықпен байланыс орнатудың тиімді тəсілі екенін айтты.
* * *
“Nur Otan” партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Қостанай облысына ат басын бұрды. Бұл өңір бітік егінімен бірге ірі өндіріс орындарымен де белгілі. Солардың бірі – “Соколов-Сарыбай” тау-кен байыту өндірістік бірлестігі. Насихатшы топ кəсіпорынның еңбек ұжымымен кездесіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының мəні мен маңызы туралы айтты. Атап айтқанда, олар кандидаттың бағдарламасы сабақтастық, əділдік жəне өрлеу деген қағидаларға негізделгені, сол арқылы Елбасы жолын жалғастыруды, баршаға бірдей тең мүмкіндік жасауды жəне қарқынды дамуды мақсат тұтып отырғаны сөз болды.
Сонымен қатар штаб өкілдері “Баян сұлу” кондитерлік фабрикасының еңбек ұжымымен кездесті. Онда отандық өндіріс пен шағын жəне орта бизнесті дамыту Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты ұстанымы екені айтылды. “Отандық ірі кəсіпорындар мен шағын жəне орта бизнесті қолдау – кандидатымыздың басым бағыттарының бірі. Оның барлық стратегиялық мақсаттарының сапалы əрі уақтылы жүзеге асырылуы үшін біздің партия бар күш-жігерін жұмсайды”, – деді Мəулен Əшімбаев. Сондай-ақ, РҚШ мүшелері облыстағы тағы бірқатар кəсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті. Бұған қоса өңірде республикалық штабтың “TeamQazaqstan” жастар қанаты да креативті шараларды қолға алып, белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Жалпы бес күнде штаб мүшелері мыңдаған шақырым жол жүріп, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында болды.
* * *
“Ұлт тағдыры” ұлттық-патриоттық қозғалысынан кандидат ретінде тіркелген Əміржан Қосанов Алматы қаласында тұрғындармен жəне қалалық штаб белсенділерімен кездесті. Басқосуды Алматы қаласының сайлауалды штабы ұйымдастырып, республикалық штаб жетекшісі Дəурен Бабамұратов жүргізді. Іс-шарада кандидат сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, түрлі өзекті қоғамдық мəселелерге қатысты өз ұстанымын жеткізді. Қатысушы тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, үміткерге тілектері мен қолдауын білдірді.
Сондай-ақ, үгіт-насихат жұмыстары Өскемен қаласында жалғасын тауып, аймақтағы қоғамдық штаб белсенділері облыс орталығының дамып келе жатқан бір ауданында “Қаланы көгалдандыру” іс-шарасын ұйымдастырды. Аталған акция барысында қала тұрғындары арасында сайлау алдындағы үгіт-насихаты жүргізіліп, жаңа ауданда ағаштар отырғызылды. Сонымен қатар кейбір тұрғындар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының бағыттарымен танысып, штаб белсенділерінің қаланы көгалдандыруға арналған бағыттарын құптады. Бұған қоса 17 мамыр күні сағат 16.00-де президентікке кандидат Ə.Қосанов тағы да əлеуметтік желілерде тікелей эфирге шықты. Жарты сағатқа созылған трансляциялар “Instagram”, “Facebook” жəне “YouTube” желілерінде өтті. Кандидат өзінің сайлауалды тұғырнамасында көрініс тапқан “Саяси бостандықтар” тақырыбын егжей-тегжейлі ашты.
* * *
“Ұлы дала қырандары” республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сəдібек Түгел Бурабай ауданында орналасқан Кенесары үңгіріне барды. “Кенесары хан – қазақ тарихында соңғы хан ғана емес, ұлт азаттығы жолында қайтпас қайсарлығы мен өршіл рухымен халық жүрегінен ойып орын алған тұлға. Мына үңгірден айнала алақандағыдай көрініп тұр. Жергілікті көнекөз қариялардан бізге жеткен əңгімелерде отарлау саясатына қарсы шыққан батыр сенімді серіктерімен осында жиналып, алдағы əскери маңызды жоспарларын айтып ақылдасқан екен. Бүгін Кенесарыдай атақты, ерлігі аңыз, өрлігі өнеге болған ханның үңгіріне сіздерді алып келіп, өзім алдағы маңызды кезеңнің алдында тұрып, батырдың рухы алдында бас иіп, Құран бағыштасақ деп ойлап едім”, – деді ол өзімен бірге жүрген сайлауалды штабындағы өкілдеріне.
Одан кейін елордаға оралып, “Ұлттық құндылықтарды ұлықтайық!” атты “дөңгелек үстел” жиынын өткізді. Отырыста Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік тілдің мəртебесін көтеру, ұлттық салт-дəстүрді, ұлттық ат спорты ойындарын дамыту, жемқорлыққа тосқауыл, демография мəселесіне зор көңіл бөлу бағыттары көрсетілгенін, мұның барлығы жас ұрпақ тəрбиесінде өзекті екенін айтты. “Біз жас ұрпақты ұлттық мүддені қорғауға бағыттауымыз үшін олардың бойына ең алдымен əділдікті орнықтыруымыз қажет. Өзім жылдар бойы Жоғарғы сотта судья болып қызмет атқарғандықтан, жас буын қоғамды ішінен жегідей жейтін жемқорлықтан бойларын аулақ салып, ізгілік пен адамгершілікті басты ұстаным етіп өссе деп ойлаймын. Сәдібек Түгелдің бұған дейін де атқарған жұмыстарының басы-қасында жүрдім, бұл жолы да бастамасын қолдаймын”, – деді кандидаттың сенім білдірілген адамы, сот саласының еңбек сіңірген қызметкері Талғат Омар.

(“Egemen Qazaqstan”, 20 мамыр 2019 жыл).
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp