«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮКІМЕТ БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫНА МҮДДЕЛІ

Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келгенін газетіміздің өткен санында жазғанбыз. Сапар барысында коммуналдық-энергетикалық сектор инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасымен және тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралармен танысты. Петропавл №2 жылу-электр орталығында болып, жабдықтарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын тексерді.

Үкімет басшысына «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу жайы айтылды. Өңірде 363 медициналық мекемені, 585 оқу орнын, 156 мәдениет және спорт нысанын, 1435 көппәтерлі тұрғын үйді 490 қазандық жылумен қамтамасыз етеді.

Олжас Бектенов жылумен үздіксіз қамтамасыз ету Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап көрсетті. Соңғы бір жылда елімізде 55 жылу көзі жаңғыртылды. Атқарылған шаралардың нәтижесінде инженерлік желілердің тозу деңгейі 40 пайызға төмендеп, электр энергиясын өндіру қуаты 7,3 ГВт-қа артты. Озық жобалар арқылы 3,5 мың жұмыс орнын ашу көзделген.

Премьер-министрмен өткен кездесуге кәсіпкерліктің әртүрлі салаларында еңбек етіп жүрген ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері, кәсіпорын басшылары, шағын және орта бизнес, жеке кәсіпкерлік өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Үкімет басшысы: «Қазіргі уақытта бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бағытында жұмыс істеу бағдарланған. Осыған дейін даму бюджетінің деңгейі төмен болғанын жасырмаймыз. Салық мөлшерлемелерін төмендету және көптеген жеңілдіктерді енгізу туралы бұрын қабылданған шешімдер мемлекеттік шығыстардың кірістерден айтарлықтай асып түсетін бюджеттің теңгерімсіздігіне әкелді», – деді.

Бюджетті теңдестірудің нұсқалары шектеулі. Оның бірі – Ұлттық қорды тапшылықты жабуға пайдалану, бірақ бұл тәсіл оның тез түгесілуіне алып келеді. Балама жол – әлеуметтік шығыстарды қысқарту, олар мемлекеттік бюджеттің 60 пайызына жуық. Қалай десек те, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет және өз міндеттемелерін орындайтын болады.

Алдағы өзгерістер теңгерімді бюджетке қол жеткізіп, елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтады деп күтілуде. Жинақталған қаражат экономикаға қайта құйылып, мемлекеттік аппаратты кеңейтуге емес, бизнесті қолдауға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталатын болады.

Алқалы басқосуда Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық және бюджет реформасы туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Оның айтуынша, сараланған ҚҚС мөлшерлемесі былай болмақ: 16 пайыз – базалық, 10 пайыз – жекелеген салалар және 0 пайыз – АӨК үшін. Сондай-ақ бірқатар арнайы салық режімдері реформаланып, есепке алу шегі төмендетіледі.

Сұрақ-жауап форматында өткен жиында сөз сөйлеушілер жоспарланған реформаларды ескере отырып, салаларды одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Мәселен, «Солтүстік құс фабрикасы» ЖШС бас директоры, кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Сергей Домаев ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметін салықтық реттеу жайын сөз етті.

«Өндіріс құралдарын негізгі жеткізушілер қосылған құн салығын төлеушілер болып табылады. Қосылған құн салығынан босату, егер бұл шара өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі бүкіл тізбек бойынша қолданылса және кәсіпкерлік субъектісіне емес, тауарлар номенклатуралық тобына қолданылса ғана оң әсер етеді. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты қарастыру өте маңызды», – деді Сергей Домаев.

Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне аталған ұсынысты пысықтауды және ауыл шаруашылығы өнімдеріне, сонымен қатар әлеуметтік маңызы зор тауарларға қатысты салықтық әкімшілендіру мәселелерін ескеруді тапсырды.

«С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ бас директоры Алмас Нұрмағамбетов отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижелеріне тоқталды. Зауыт «Қазақ темір жолы» АҚ-мен 5 жылға келісімшарт жасасқан. Бұл сапаны одан әрі жақсартуға және өндіріс айналымдарын ұлғайтуға игі әсерін тигізбек. Ол өнеркәсіп саласындағы отандық тауар өндірушілер үшін 10 пайыздық мөлшерде аралық мөлшерлемені белгілеудің дұрыстығын айтты.

Премьер-министр жаңа Салық кодексінің жобасында сапалы өнім өндіруді ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар қамтылғанын атап өтті. Мәселен, өңдеу өндірістері, оның ішінде электрондық және өнеркәсіптік өнімдер үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін төмендету қарастырылған. Мемлекет негізгі бағыттарды белгілеп, басымдықтарды айқындайды, ал дайын өнімнің жаңа түрлерін терең өңдеумен және игерумен айналысатын кәсіпорындар салықтық жеңілдіктерге ие болады. Сонымен бірге шикізат экспортына және қайта өңдеуі төмен өнім шығаруға жоғары салық салынатын болады. Тұтастай алғанда, Үкімет отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын белсенді түрде жалғастырмақ. Бұдан бөлек, мемлекет қазақстандық кәсіпорындар үшін ұзақмерзімді тапсырыстарды қамтамасыз ететін офтейк- келісімшарттар жүйесін енгізуде. «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» тағы басқа да қорларға кіретін барлық ұлттық компаниялар отандық өндірушілерден сатып алу үлесін арттыруға міндетті. Бұл қадамдар ұлттық өндірісті дамыту және қазақстандық кәсіпорындардың ұстанымын нығайтуға мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шараларының пәрменділігін арттыра түседі.

Шағын және орта бизнес өкілдері атынан сөз алған «Атамекен» ҰКП жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсел Есжанова кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен әйелдер бизнесіне, әсіресе ауылдық жерлерде көптеген кәсіпкерлік субъектілерінің жабылу қаупі төніп тұрғанына алаңдаушылық білдірді.

Премьер-министр 4 пайыздық бөлшек сауда салығының жайжапсарын түсіндірді. Ол әрі қарай қолданылады. Мысалы, үй маңындағы дүкендерге 16 пайыздық ҚҚС салынбайды, осылайша бөлшек сауда салығын төлеуді жалғастырады. Ешкім бұл жеңілдіктерден айырмайды. Алаңдауға еш негіз жоқ.

«Радуга» ЖШС директоры Дмитрий Шарапаев салықты саралау шараларына қатысты ұсыныстарын айтты. Олардың қатарына қалдықтарды кәдеге жарату кәсіпорындарын салықтан босату, сондай-ақ қайта өңдеушілер үшін мөлшерлемені төмендету мәселелерін қосты.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік ұйымдармен бірлесіп, ұсынысты жан-жақты зерделеуді жүктеді, өйткені бұл бағыт елімізде баяу қарқынмен дамып келеді.

Жеңіл өнеркәсіп саласында қызмет ететін жеке кәсіпкер Әлия Башеева импорттық шикізатқа салық салу тақырыбын көтерді. Өкінішке қарай, шетелден дайын түрде сатып алынған тауарларды өз өнімі ретінде сататын жалған кәсіпорындар жоқ емес. Оның ойынша, тек шетел тауарлары ғана жұртшылыққа ұсынылса, жеңіл өнеркәсіпке ешқандай абырой әкелмейді, беделін түсірері анық. Олжас Бектенов «Заң жобасы Парламент қарауында. Мәселе тиянақты түрде шешіледі деген сенімдеміз», – деп жауап берді.

Жиынды қорытындылаған Премьер-министр барлық қатысушыларға сындарлы диалог үшін алғысын білдірді.

Премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp