
«Qyzyljar» телеарнасы алаңында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметованың қатысуымен онлайн-режімде брифинг өтті. Онда республикалық саяси ұйым ұйымдастырған праймериздің бірінші кезеңінің аяқталуы және оған үміткерлерді тіркеу туралы жан-жақты айтылды.
Әсем Қалашбайқызы кіріспе сөзінде осы жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында республика бойынша «Nur Otan» партиясының праймеризі өтіп жатқанын атап өтті. Праймериздің негізгі мақсаты – қоғамдық және саяси өмірге белсене араласатын, жергілікті мәселелерді жақсы білетін, өзіндік ойы, көзқарасы бар жандарды тарту, олардың бойында көшбасшылық, еркіндік қасиеттерді қалыптастыру, партиялықтардың мүдделес, еркін бәсекелестік күресін туғызу.
Өткен аптада партия ішіндегі сайлаудың бірінші кезеңі –кандидаттарды ұсыну және тіркеу аяқталып, алғашқы нәтижелер белгілі болды. Атап айтқанда, праймеризге қатысуға 653 адам өтініш беріп, 645 үміткер тіркелді. Олардың ішінде 12,7 пайызы (82 кандидат) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне, 20,5 пайызы (132 кандидат) облыстық, 90,4 пайызы (585 кандидат) қалалық және аудандық мәслихаттарға үміткер ретінде тіркелді. Ең көп кандидат Петропавл қаласынан ұсынылды (114 адам). Одан кейінгі орындарда Мағжан Жұмабаев (51 адам) және Тайынша аудандары (49 адам). Азаматтардың 67 пайызы (430 адам) өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланды. Бастауыш партия ұйымдарынан екі жүзден астам кандидат ұсынылды. Әйелдер мен жастар жағы да жоғары белсенділік танытты. Әйелдердің үлесі – 40 пайыз, 25 жасқа дейінгі жастар – 26,4 пайыз. Кандидаттардың орташа жасы 44 жасты құрайды. Ең жас үміткер 19 жаста, ал ең үлкені 72 жаста. Білім және ғылым салаларының өкілдері – 45,1 пайыз. Шағын және орта бизнес саласынан 81 адам қызығушылық білдірген. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері – 10,7 пайызды, азаматтық сектор, БАҚ өкілдері, блогерлер 3,4 пайызды құрайды.
645 кандидаттың 568-і партиялық кадр резервінде тұр. Олардың арасында Қазақстанға танымал тұлғалар бар. Мәселен, үш рет секіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ирина Эктованы, «Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі жергілікті филиалының жетекшісі Владимир Витченконы, «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченконы қалың жұртшылық жақсы біледі. Сөз арасында праймеризге белсенді қатысушылар арасында 11 көпбалалы ана, 5 мүмкіндігі шектеулі адам бар екенін айта кеткен жөн. Сәлімхан Сәбитов пен Владимир Эрман кез келген іс-шараға жүйелі түрде атсалысады.
Праймеризді өткізудің барлық кезеңінде партиялық бақылау комиссиясы жұмыс істеп, талаптар мен міндеттердің қатаң сақталуын бақылайды. Оның әділ әрі ашық өтетініне сенімдіміз. 7 қыркүйекте кандидаттардың үгіт-насихат науқаны басталады, 3 қазанда дауыс беру аяқталады. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу ережесі туралы қосымша хабарланатын болады, деді брифингті қорытындылаған Ә. Рахметова.