«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ АНА

Сол кездегі ауылды (Шал ақын ауданындағы Социал елді мекені) көзге елестету үшін қотанның сыртына шығу керек. Ауылдың жанында өскен қалың ағаш, суы таза мөлдір көлшіктер (біз оны “томар” дейтінбіз). Бірінен-бірі алшақ орналасқан шым үйлер. Үйдің алды жап-жасыл қаз оты. Кешке қарай, жаздың ыстық күнінен кейін қоңыр салқында әңгіме-дүкен құрып отырған қарттар. Шошалада жағылған оттан шыққан түтін, самаурынның ызылдап қайнауы.

Ауылдың Есіл жағасындағы тоғай тым-тырыс. Гүлдеген тобылғы мен қарақаттың, әртүрлі шөптердің кеудеңді кернейтін жұпар иісі, ызылдап ұшқан аралар, әр жерде шырылдаған құстың үні, анда-санда көкектің дауысы да естіледі. Жалғызаяқ соқпақ жолмен кей жерлерде бұғыңқырап, бұталарды ысырып, тылсым табиғаттың қойнына кіресің.  

Осының бәрі балалық шағымдағы таспаға түсіргендей ап-айқын. Өйткені, Алла тағала адам өмірге келгенде алаңсыз өссін деп балалық көңілін аппақ қардай кіршіксіз қылып жаратқан ғой.

Үйлердің бәрі дерлік – шым үйлер. Кәдімгі далада өскен қау шөптің үстіңгі қабатын өткір күрекпен табақ-табақтай қылып кесіп алып, бірінің үстіне бірін салып, ортасына тіреу қойып, сол шыммен жабатын. Үйді екіге бөлген пеш, төргі жағы – ағаш сәкі, ал кіреберісте – жер сәкі. Оны апамыз аптасына бір рет сары балшықпен сылап қояды. Бүрге, құрт-құмырсқа жүрмесін деп ерменді бұрыш-бұрышқа тастайтын. Терезе жалғыз қабат әйнек, қатты аязда қырау көп тұрмасын деп түнге қарай қамыспен жауып қояды.

Анам Қайнижамал таңертең ерте колхоздың сиырын саууға кетеді. Тәтем (әкемізді біз солай атайтынбыз) колхозда есепші болатын. Соғыстан кейінгі жылдардың тауқыметін ауыл көрді. Сол кездегі өмірдің ауыртпалығын аналарымыз бен үйдегі жалғыз сиыр көтерген сияқты. Өйткені, ол сиыр жер жыртады, тәтем егіс басына айдап әкетеді. Кешке келгенде оның сауын сүтіне біз қарап отырамыз. Сиыр бұзаулағанда ол бір мереке. Уызына бір түйір көмір салып, көршілерге береді. Ыдысың бос болмасын деп олар ішіне бір түйір тағам салып жібереді. Қолынан келгені әр-түрлі қолөнерімен күнкөріс қылады. Біздің үйде тәтем малма дайындап, тері илейтін, шешеміз тон тігіп, тұлып дайындайтын.

Шешем Қайнижамал орта бойлыдан аласалау, дөңгелек жүзді, ақсары, қой көзді болатын. Қашанда кимешегі аппақ, кіршіксіз тап-таза еді. Бастаған жұмысты уақытымен бітіргенін ұнататын. Ұйқысы көп үйлерді көріп қынжылып: “Ұйқышыл кісі жалқау, салақ келеді, көп нәрседен құр қалады”, – дейтін.

Мінезі шапшаң болғанмен, орынсыз ашу шақырмайтын, ал айтар жерде сөзден жаңылмайтын шешен, алғыр кісі еді.

Бала кезімізде тың игеруге шейін ауылдың жағдайы ауыр болды. Бір кесім нан деп жатарда сұрап алып, тұрғанда төсегің нанның үгіндісі болатын. Әсіресе, көктемде күзгі бидай бітіп, тұқымдық бидай колхоз қырманында ғана болады немесе қар ерісімен масақ тереді. Шешелеріміз масақ теруге кеткенде қар жаңа ғана еріп, көксалпақ болып жатады, біз маңайдағы балалар олардың келуін күтеміз.

Көктемде жағдайы болғанда қырманнан апам қонышына, қалтасына салып, бір кеседен асар-аспас бидай әкеледі. Оны үйдегі қол диірменге салып үгеміз. Апам пешке от жағып, оны пісіргенше күтеміз. Бізді тамақтандырғанша таң да атып қалады. Қайран шешем-ау, бір қабағыңды шытпадың ғой бізге, бір қол көтергеніңді көрген жоқпыз.

Жаз бойы жалаңаяқ жүріп, аяғың күс-күс, табаның әмірқан терідей жылтырап кетеді ғой. Кешке аяғыңды жылы суға салып жібітіп, жуып, жарығын қаймақпен майлап, маңдайыңнан бір сипап, төсекке апарғанын ғана сезесің. Жаның рахат сезімде ұйқыға кетесің.

Қыстың ұзақ кештерінде пешке от жағылып, бізге төсек салып беріп, өзі ұршық иіреді. Әдемі қоңыр дауысымен қиссаларды, әсіресе, “Рүстем-Дастанды” айтатын.

Біз төртінші класта Пушкиннің Арина Родионовнаға жазған өлеңінің аудармасын жаттап жүреміз. Мен бірнеше қайталап, бір шумағына кідіре бердім. Сонда апам: “Осының несі қиын?” – деп түгел жатқа айтып берді. Қатты ұялдым. Оған ұнайтыны мына жолдар еді: “Кейде ұлыған аң сияқты, кейде жылайды баладай”. Сол зеректік анамнан маған жұққан сияқты, бес жасымда оқып үйрендім. Лермонтовтың “Бородиносының” орысшасын 7 қараша мейрамында жатқа айтып бердім.

Анам сыйлы қайын ене де бола білді. Үш бірдей келіндері Ұмсынай, Ұлпаш және Гүлназияға ақыл-кеңесін беріп, жөн-жоба көрсете білетін. Гүлназияны бұрыннан білгендіктен (ол Социалға келіп оқыды, көрші Әбжан үйіне құдаша болатын) және оның адамгершілігі үшін қатты сыйлайтын.

Екеуміздің қосылатынымызды естігенде: ешкімге айтпай тұра тұрыңдар, тіл-көз тимесін, деп қуанып, үйге келіп түскенде бірінші өзі болып бетінен сүйіп, үй болып, “Октябрьге” көшерде ішінен май кетпесін деп сырлы кәстрөлге сарымай салып берді. Шынында да, тәубе, тарығып көргеніміз жоқ.

Немерелері келгенде жаздыгүні тездетіп самаурынды қойып жіберіп, отқа көмген нанды ыстық күйінде сарымаймен бере қоятын. Немерелеріне түбіттен жылы шұлық, биялай тоқып, біздің амандығымызды тілеп, “Жаман әкелерің” аман болсын деп отыратын. Екі сөзінің бірі: “Патшамызға тауфик, елімізге тиыштық берсін”, – дейтін. Олай деуге олардың өмірі куә. Жиырмасыншы жылдардағы дүрбелең, 32-33 жылғы аштық, одан кейінгі соғыс – бәрін басынан кешірді.

Төлқұжат жоқ, еңбекақы жоқ, демалыс дегенді түсінде де көрмейді. Бірақ бәріміз де өмірге риза болдық. Өйткені, одан басқа өмірді көрген жоқпыз. Бұдан да басқа жақсы өмір болады дегенді ойымызға да алмайтынбыз.

Кеңпейілділігіміз сол – 1954 жылғы тың игеруде қазақтар шыдамдылық, сабырлылық көрсетті. Олай дейтінім, 1955 жылдың көктемінен бастап әрбір үйге, ауылға екі-екіден, үш-үштен тыңгерлерді пәтерге қойды. Төлеммен емес, пұлсыз. Ауызүйде кереует қойып, сонда отырып, темекі тартады, арақ ішеді, түннің тең жартысына дейін ұйықтамайды. Чемодандары толған шошқа майы. Анам марқұм олардың бөлмесін жинап жүріп, көзі түссе керек: “Мұншама кір сабынды қайтеді екен?” – дейтін.

Үйленгеннен кейін етене араласқан кісі – Жамал енем. Ол кісі 35 жасында жесір қалыпты, жұбайы Сүлеймен 1944 жылы майдан даласында хабарсыз кетті. “Қырсыққанда қымыран іриді” дегендей, үйлері өртеніп, колхоз фермасында тұрдық дейтін. Ол кездегі ауа райы өзгешелеу: қысы қатты, боран болса апталап соғатын, үйлерді төбесіне дейін алып кететін. Сол борандардың бірінде Жамал ана адасып, абырой болғанда, бір көпене сабанға паналап, таң ата үйге оралады. Гүлназия марқұм: “Біз апамыз келгенше ұйықтамай, жылап отырдық”, – деуші еді.

Бірақ Жамал ана балаларын жігерлі, еңбекқор қылып өсіре білді. Үлкен баласы Тойкен жастайынан жұмысқа араласып, әскерден кейін шымнан үй салып алады. Гүлназияны іс тігіп үйренсін деп, ауылдағы қас шебер Шәмшия деген апайға шәкірт қылады. Гүлназия ісмәшинемен де, қолмен де тоқи білетін. Ленин орта мектебін бітіргенде кластас құрбыларына көйлек тігіп бердім, деп отыратын.

Шешесі Жамал үйдегі бар нәрседен тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасай беретін. Жұртқа тері илеп беріп, жастық жасайтын.

Тап-тұйнақтай жинақы таза кісі. Сырт көзге қандай болса, жан дүние тазалығы да сондай кісі болды. Ұлдарым Жанболат пен Дәурен сол үйде болып, ешкім де оларды шетқақпай қылмайтын. Мені күйеу бала демей, өз балаларынан артық, қатты сыйлайтын. Гүлназия апасына: “Осы сен Серікбай деп тұрасың” дегенде: “Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық”, – дейтін.

Үйдегі ер кісіні сыйлауды Гүлназияға да үйрете білді. Сондықтан да болар, Гүлназия мені әрқашан жақсылығымды асырып, жаманымды жасырып, өмір бойы өле-өлгенше алақанға салып өтті. Атамыз қазақтың “Анасын көр де, қызын ал, ыдысын көр де, асын іш”, – дегені содан қалған ғой. Зайыбым Гүлназия әйелдің бақыты – ана болу, ананың бақыты ұрпақ өсіру деп білетін. Гүлназия – тән тазалығы мен ар тазалығын қатар ұстаған кісі.

1968 жылдың жазы әлі күнге дейін көз алдымда. Есіл жағасында балық аулап отырған маған жездесі Көшеғалдының мотоциклімен Гүлназия келді. Етегі тізеден сәл ғана төмендеу көгілдір-жасыл крепдешин жұқа көйлек, аяғында – әдемі туфлиі. Менің жаныма келіп отырды. Балық өз жайына қалды. Қорабай Есеновтің “Жас қалам” әнін қосыла шырқай бастадық.

Ол 1985 жылдан бастап қазақ тілін орыс кластарында үйрете бастады. Шығарған оқулықтардың сапасы жөнінде өз пікірін айтуға жүрексінбейтін. Ол тілді үйрету үшін әуелі қарапайым, күнделікті сөздерді үйрету керек дейтін. Өзі жасаған әдістемелік материалдары әлі күнге дейін сақтаулы.

Бескөл, Мамлют аудандарында қазақ тілін ересектер арасында үйреткенде тыңдаушыларының риза болып, қазақ тіліне деген құрметі артатын. “Сабақты жүрекпен жүргізу керек” деген сөзін талай естідім.

Біз, тірілер, о дүниелік болған аналарымыздың, немерелердің әжелерінің аманатын арқалап жүреміз.

Аналардың бейнесі уақыт өткенмен күңгірттенбей, айқындала түседі.

Серікбай ЕЛЕМЕСОВ,

зейнеткер.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp