«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЗАҚ ТА БАҚЫТТЫ ҒҰМЫР

Өмірінде жарқын із қалдыратын адамдар аз емес. Солардың бірі Мамлют санаторийлік орта мектеп-интернатының ұстазы, өткен жылдың соңында өзінің 90 жылдық және ұзақ еңбек жолының 54 жылдығын атап өткен Зоя Қарабалина деп білемін. Мектеп-интернатта орыс тілі мен әдебиетінің нағыз білгірі танылған білікті ұстаз – өзінің жүздеген оқушылары мен әріптестерінің ортасында ерекше құрметке бөленген жан. Одан дәріс алғандардың алды бүгінде егде жасқа жетіп қалғандарымен, өздерінің сүйікті ұстазын ешқашан ұмытпайды.

Оның қаталдау, ұшқын шашқан жанары жалғыз менің ғана емес, алдынан оқығандардың бәрінің есінде. Ұстазымыздың қызыл қаламы сызғылаған оқушы дәптерлеріміз бізді сауаттылыққа, шығармашылық қабілеттілікке үйретті. Көбіміз қате жібермей, ұқыптылықпен жазатын болдық. Өз қатарымыздан, әсіресе, Айбас Сыздықовтың жазу шеберлігі басым болатын. Зоя Кәрімқызы оны бәрімізге үлгі қылатын. Оның кейінде “Казахстанская правда” газетінде қызмет етуіне сүйікті апайымыздың берген білімінің арқасында қол жеткені анық. Одан сол сияқты Кенжебай Жанабаев, Ермек Әбдіримов және Серік Қасмақасов дәріс алды. Айбас пен Кенжебай қазір арамызда жоқ, егер олар тірі жүрсе, Зоя Кәрімқызы туралы кесек туынды жазары сөзсіз еді. Ермек бүгінде облыстық онкологиялық диспансерге басшылық етеді, ал Серік – Тараз қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық станцияның бас дәрігері.

Мектеп бітіру кешінде ұстазымызға өз алғысымызды сөзбен айтып жеткізе алмай, оны туған анамыздай бетінен сүйіп, құшақтай бергеніміз есімізде. Зоя Кәрімқызы өз пәнін өте жақсы білді, шығармалар үзінділерін жатқа оқығанда оған сондай беріліп, бізді де баурайтын. Ол қандай сынып бөлмесі немесе акт залы болсын, кез келген аудиторияда өз тыңдаушыларын ұйытып, өзіне тартып алатын және шығарманы оқып болған соң оқушылар бір сәтке тына қалып, тағы жалғастырса екен деп тілейтін.

Ол өз пәнін өзі ғана беріле сүюмен шектелмей, оған оқушыларын да үйретті. Жалғандыққа жаны қас, сабақ тәртібіне өте қатал болды. Л. Толстой, А. Некрасов және А. Чеховтың шығармаларынан үзінділер жаттатып, ал егер біреу А. Пушкиннен жатқа бір ауыз өлең айта алмаса, қатты ренжитін.

Зоя Кәрімқызын қолтығына қысқан бір буда дәптермен жиі көруші едік. Бірде мектеп-интернаттың қасындағы екіқабатты үйдің бір тұрғыны: “Сізді дәптер тексеру жалықтырған жоқ па?” – деп сұрағанда, оған: “Жоқ”, – деп қысқа жауап беріп, сосын өзінің жұмысын жақсы көретінін, оқушыларының қатесін жібермеу үшін жаңа көзілдірік сатып алғанын айтыпты.

Жеке өмірінде жолы онша бола қоймады, ол туралы айтпай-ақ қояйық. Зоя Кәрімқызы тәлімді ұстаз, аяулы ана ретінде танылды. Үлкен ұлы Болат Қарағанды кооператив институтын бітірді. Қызы Альбина Петропавл педагогикалық институтының музыкалық-педагогикалық бөлімін аяқтап, қазір Мамлюткадағы өнер мектебінде директор. Кейуана бүгінде өзінің немере-жиендерін мақтаныш етеді. Үлкен немересі Расул Мәскеудегі Бауман атындағы физика-математика институтын, сосын Швейцарияда докторантура бітірген. Қазір Калифорниядағы жоғары техникалық институтта жұмыс істейді. Одан кейінгі немерелері Жанна – Алматыда ағылшын тілінің маманы, Азиза да сол қалада туристік агенттікте жұмыс істейді. Кіші немересі Карина – Қарағанды халықаралық қатынастар университетінің студенті. Осындай тамаша, ұлы әженің алты шөбересі өсіп келеді.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Зоя Кәрімқызының жай ғана ұстаз, ана, әже және ұлы әже ғана емес, тыл еңбеккері екенін де атап өтпеске болмайды. Өзгелер сияқты отты жылдардың ауыртпалығын ол да басынан өткерді. Бүгінде сол ауыр күндерді еске алудың өзі оңай емес, бірақ кейуана сол ел басына сын түскен шақта адамдардың мұқалмас болаттай бекіп, шыңдала түскенін айтады. Майдан үшін, Жеңіс үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.

Біз кейуана жастағы қадірліміз Зоя Кәрімқызына өлшеусіз еңбегі, ұстаздық ерлігі және оқушыларының жүрегінде қалдырған жарқын ізі үшін басымызды иіп, рақметімізді айтамыз.

Нина ВДОВЕНКО,

Мамлютка санаторийлік мектеп-интернаты ардагерлер

ұйымының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp