«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттық құндылық — балабақшадан

Мектепке дейінгі білім беру мәселесі өзектілігін ешқашан жойған емес. Сол маңызды мәселені шешуде “Балдәурен” бөбекжай-бақшасының білікті ұстаздары тәрбиелеу мен оқытудың әртүрлі әдістерін қолданып, білім сапасының артуына бар күштерін салып келеді. Балғындарға қазақ, орыс және ағылшын тілдері оқытылып, көптілді білім беру бағдарламасының әдістері қолданылуда. Әдіскерлер Әлия Жапарова, Сәуле Такированың көмегімен ағылшын тілінің мұғалімі Гүлайым Жақыпова, орыс тілінің мұғалімі Мәншүк Молдағожина, қазақ тілінің мұғалімі Дамира Құрманқұлова балдырғандарды оқытып, тәрбиелеудің озық технологияларын тиімді пайдаланып келеді.

Тілдерді оқытып, үйрету, білім берудің ұлттық этнопсихологиялық мәселелері балабақшада ескерілуде. Мұғалімдер мен тәрбиешілер Алма Кәкімова, Анар Исахметова, Әсемгүл Ибраева, Гүлмира Бекенова, Валентина Завьялова, Гүлшат Рсаева және әуен жетекшісі Сәуле Дәкенова мектеп жасына дейінгі балғынның тіл үйренуге қызығушылығы мен мәдениетін арттыру, тілге тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру, байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру бағытында жұмыс істейді. Ұстаздар сөздік жұмысын, көрнекі құралдар мен ойын тәсілдерін қолданады. Әртүрлі әдіс-тәсілдер балаларды өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырып, ойлау қабілеттерін, ізденімпаздығын арттырады, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.

Дидактикалық ойындар арқылы балалар әдептілікке, адамгершілікке, қамқорлыққа, қайырымдылыққа тәрбиеленеді. Балабақша ұстаздары білім сапасын тексеру тәжірибесінде бағалауды болжау, сараптау, бақылау технологияларын қолданады. Балалардың жеке тұлғасын қалыптастыруда қазақстандық патриотизмді дамытуға баса көңіл бөледі. Ол мектептермен өзара сабақтастық болған жағдайда іске асады. Бірлесе жүргізілген “Менің Отаным – Қазақстан!”, “Еліміздің мақтанышы – Астана!”, “Туған тілім, тірлігімнің айғағы”, “Ханталапай”, “Бала тілі – бал” байқаулары, “Балалардың шығармашылық қабілеттерін театрлық ойын арқылы дамыту” шаралары өз жемісін беруде. Ұстаздар мен тәрбиешілер қалалық, облыстық семиналарда өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті. Астана қаласында қашықтықтан өткізілген “English concours” байқауында ағылшын тілі мұғалімі Гүлайым Жақыпованың бүлдіршіндері жүлделі орындарға ие болды.

“Мәңгілік Ел” ұлттық идеясы – еліміздің негізгі бағдары. Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығару үшін бала бойына туған халқына құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялатып, жас ұрпақ санасына ана тілі мен ділін, оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларын сіңіруіміз керек. “Мәңгілік Ел” ұстаздары ұрпақ бойында өз-өзін ұстай білу, ілтипаттылық, алғырлық, сөзге шешендік, төзім мен сабырлылық қасиеттерін қалыптастыруды нысана тұтуымыз қажет.

Раушан ҚАЗИҚАНОВА,

“Балдәурен” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp