«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰМЫТЫЛМАС ҰСТАЗДАР БАР ӨМІРДЕ

Қазақстанда білім беру жүйесінің негізін қалаушылардың бірі, ұстаз, марқұм Мұсахан Қанапияновтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін “Ұстаз” кітабы жарық көрді. С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада туындының тұсаукесері өтіп, оқырмандарға таныстырылды.

Оқырманға жол тартқан “Ұстаз” кітабына өз заманының зиялы азаматы, ұлағатты ұстаз Мұсахан Қанапияұлының күнделігі, хаттары, мақалалары және мұғалімдердің жиналыстары мен съездерінде сөйлеген сөздері, ол туралы естеліктер топтастырылған. Бұл кітапты құрастырып, жалпы редакциясын басқарғандар – белгілі жазушы Мейрам Асылғазы мен ақын Бақытжан Қанапиянов.

Кітаптың тұсаукесерінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің тіл және әдебиет институты қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Жанбай Қадыров сөз алып, Мұсахан Қанапияновтың ұстаздық қызметіне тоқталып, жаңа кітаптың маңыздылығы жайлы айтты. “Кітапта ұстаздың сөйлеген сөздері, мақалалары, педагогикалық ой-пікірлерімен қатар, оның әкелік, азаматтық, адамдық қырын ашып беретін күнделіктері мен хаттары жүйелі берілген. Естеліктер бөлімінде ағамыздың шәкірттері мен көзін көрген кісілердің ұстаз, тұлға тағылымын танытатын пікірлері көрініс тапқан. Сонымен қатар кітапта ағамыздың асыл затының, төре тұқымының арғы-бергі тарихы да баяндалады. Еңбек сонысымен де құнды”, – деді Жанбай Тұрарұлы.

“Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов: “Мұсахан Қанапияұлы – артына өшпес із қалдырған тұлға. Қазақ мектебін қалыптастырған адамдардың бірі десек, артық айтқандық болмайды. Бәйкен Әшімов, Кәкімбек Салықов, тағы басқа қазақтың небір аймаңдай тұлғалары сол кісіден тәлім-тәрбие алған. “Ұстаз” кітабы – мұғалімдер үшін, бала тәрбиесімен айналысам деген азаматтар үшін таптырмайтын құрал”, – деді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp