«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰН ӨНДІРЕТІН ҮЗДІК КӘСІПОРЫН

Тимирязев ауданындағы “КЭСС” ЖШС қалыптасқан дәстүр бойынша өткен жылы да “Қазақстанның үздік тауары” байқау-жәрмеңкесіне қатысып, “Үздік азық-түлік тауарлары” аталымында 1-ші орынды жеңіп алды. “Алтын сапа – 2014” байқауына да қатысып, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин қол қойған Алғыс хатпен марапатталған кәсіпорынға біз іссапар кезінде арнайы ат басын бұрған едік.

– Біздің серіктестік ұн өндіретін және соған қажетті шикізат әзірлейтін кәсіпорын ретінде 2005 жылы Тимирязев элеваторы базасында құрылды. Сол жылы түріктің “OR-TAS”, “BAHA” фирмаларының әрқайсысының қуаттылығы тәулігіне 200 тоннаны құрайтын 2 диірменін орнатып, 2006 жылы іске қостық. Сөйтіп, диірмен кешенінде “Тимирязев ұн үгу комбинаты” тауарлы белгісімен 1-ші сұрыпты ұн өндіре бастадық, – дейді “КЭСС” ЖШС-нің директоры Алдаберген Ахмедияров.  

Содан бері серіктестік өз өнімдерінің 98 пайызын ТМД-ға қарайтын Орта Азия елдеріне, Ауғанстан, Иран сияқты шетелдерге темір жол арқылы экспорттап келеді. 2009 жылы кәсіпорын өз қаражатына диірмендерді қайта жаңартудан өткізіп, олардың әрқайсысының қуаттылығын 100 тоннаға арттырды. Қазір диірмен кешені бір күнде 600 тонна ұн үгеді.

– Серіктестігімізде 56 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық еңбекақысы өткен жылы 76 мың теңгені құрады. Былтыр алыс-жақын шетелдерге 24 мың тонна 1-ші сұрыпты ұн жөнелттік. Өнімдеріміздің 2 пайызын жергілікті наубайханалар тұтынады,– дейді Алдаберген Жұмабекұлы.

Кәсіпорын бірнеше жылдан бері өңірлік, республикалық “Алтын сапа”, “Қазақстанның үздік тауары” байқаулары мен байқау-көрмелеріне, әртүрлі деңгейдегі жәрмеңкелерге үзбей қатысып келеді. Содан бері сапалы ұн өндіретін кешен өндірісті экспортқа шығаруға бағдарлағаны үшін бірнеше дипломдармен, Алғыс хаттармен марапатталды, серіктестіктің бас директоры Иса Аллахяров 2010 жылы үздік кәсіпкер атанды. Өткен жыл да еңбек ұжымы үшін жемісті болды. Жылдағы дәстүр бойынша өңірімізде өткізілген “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесіне қатысып, “Үздік азық-түлік тауарлары” аталымында көш бастады, республикалық “Алтын сапа – 2014” сыйлығын алуға арналған байқауға өз өнімін ұсынды. Тек қана сапалы өнім өндіруді, экспорт көлемін азайтпауды мақсат етіп отырған кәсіпорынның еңбегі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Алғыс хатымен бағаланды.

“КЭСС” ЖШС өткен жылдан бастап тағы бір индустрияландыру жобасын жүзеге асыруда.

– Біз тәуліктік қуаттылығы 600 тоннаны құрайтын түріктің “OR-TAS” фирмасы шығарған заманауи жаңа диірменін орнатып жатырмыз. Бұл биыл іске қосылып, 70 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Осынау қомақты жобаны жүзеге асыру арқылы бір күнде 1200 тонна 1-ші сұрыпты ұн өндіретін боламыз. Бұрынғыдай оның 98 пайызын экспорттаумен айналысамыз. Өткен жылдың соңында пайдалануға берілген Қазақстан – Түркіменстан – Иран темір жолы шетелдермен сауда-саттығымызды кеңейте түседі деген сенімдеміз. Қазіргі кезде біз ұн ғана экспорттаймыз. Алдағы уақытта макарон шығаруды қолға алмақпыз. Оған қажетті қондырғы орнатылатын орынды әзірлеп те қойдық. Енді оған тиісті жабдықтар алу – күн тәртібіндегі мәселе. Жаңа диірменді іске қосқаннан кейін осы екінші индустриялық жобамен түбегейлі айналысатын боламыз, – дейді “КЭСС” ЖШС-нің директоры Алдаберген Ахмедияров.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp