«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ – АСҚАР ТАУ, АЛАЙДА…

Бурабай курорт аймағында “Әке – отбасының тірегі” атты IV республикалық әкелер форумы өтті. Онда отбасындағы әке беделін арттыру, балалардың бойында патриотизм мен адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастырудағы әке рөлі тақырыбында ой-пікірлер айтылып, отбасы институтын нығайту жолдары сараланды. Белсенді азаматтар отбасының беріктігін сақтауда өз тәжірибесімен бөлісе келе, жастардың санасына отбасы туралы құндылықтарды, оның қадір-қасиеті туралы мағыналы дүниелерді көбірек сіңіру керектігіне тоқталды.

 Бүгінгі таңда ҚР Президентінің Жарлығымен қабылданған 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясаттың тұжырымдамасының бірінші кезеңі іске асырылуда. Тұжырымдамада бала тәрбиесіне қатысты ата-ананың жауапкершілігін арттыру, соның ішінде жауапты әке институтын дамыту және үлгілі әкелерді насихаттау мәселесі алға қойылған. Осы мақсатта елімізде 70-тен астам белсенді әкенің басын бір арнаға тоғыстырған “Әкелер одағы” қоғамдық бірлестігі құрылды. Оның мүшелері форум барысында аталмыш мәселе төңірегінде жүргізген зерттеулерін таныстырды. Мәселен, өңірлерде әкелердің алимент төлемеуі, оларлың бала тәрбиесіне немқұрайды қарау фактілері жиі кездеседі. Форумға қатысушылардың пікірінше, мұндай жағдайдың қалыптасуына көбінесе нәзік жандардың өздері кінәлі. Олар ер азаматтарға артылатын міндеттерді өз мойындарына алып, соңында отбасына қатысты бар мәселені өздігінен шешуге мәжбүр болады. Жиынға қатысқан психолог Жанар Талдыбаева ерлі-зайыптылар отбасындағы өз орнын анықтап алатын болса, үйде үйлесімділік пен тұрақтылық орнайды деген пікірде. Ол қыз-келіншектерге отбасында əкенің беделін арттыру үшін қарапайым қағидаларды ұстануға кеңес береді. Маманның айтуынша, қоғамның құрылуы әкелерден басталатындықтан, олар қоғамдағы өз орындарын қайта иеленулері қажет. Өкінішке қарай, соңғы уақытта отбасындағы әкелер рөлі төмендеп кетті, бала тәрбиесі тек әйелдің ғана шаруасы сияқты көрінеді, әкелер бұл істен сырт қалып жатады. Ал бұл өз кезегінде жастардың әке болуға дайындығын нашарлатады, ата-аналық борышын, әкелік бақытын сезінбеуіне әкеліп соқтырады. Қазір аналар отбасындағы барлық істі өз мойнына алады. Оның ішінде бала тәрбиесіне, оны киіндіруге, білім беруге өзін жауапты санайды. Соның салдарынан бүгінде көптеген қыз-келіншектер балаларын ер адамның қатысуынсыз жалғыз өздері тәрбиелеп өсіруге мүдделі. Бала үйінде анасының тәрбиесін алады, мектепте тағы да әйел мұғалімнің тәрбиесінде болады. Осыдан барып әйел мінезді, қиындыққа шыдамай морт сынатын ынжық бозбалалар өсіп шығады. Статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, қыз балаларға қарағанда суицид фактілері ер балалардың арасында көп кездесіп отырғаны да ойландырмай қоймайды.
Жиын барысында біздің өңірдің өкілдері бала бойындағы тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруда әкенің рөлі жоғары екенін насихаттау арқылы әкелер мектебін қалыптастыру маңыздылығын алға тартты. Сонымен қатар бала тәрбиесінде, отбасының мықты болуында ата-әжелердің алар орны ерекше болып отыр. Форумда айтылған осы және өзге де мәселелерді қамтып, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында алдағы күндері “Парасат” мектеп-лицейінде әкелер форумын өткізу жоспарда бар. Бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі елдің тізгінін ұстайтынын ескеретін болсақ, бала тәрбиесі, отбасы мәселесі сияқты тақырыптар күн тәртібінен түспеуі тиіс.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp