«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМ РЕКОРДЫН ЖАҢАРТТЫ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы елорданың туған күніне орай “Сүйікті Астана, өзіңе арналады!” деп аталатын ерекше сыйлығын ұсынды. Олар Петропавл қаласының орталық алаңында флешмоб өткізіп, спорттық аталым бойынша Гиннестің рекордын жаңартты.

Ауқымды мерекелік шараға университеттің басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрамы, қызметкерлер мен студенттер – жалпы алғанда 800-ден астам адам қатысты. Бір айта кетерлігі, оның құрамында билегендердің ең үлкені – 82-дегі химия ғылымдарының докторы Әмина Жолболсынова, ең жасы 5-тегі Дима Казанцев болды.

Ұжым елорданы туған күнімен құттықтай отырып, жаттығуларды жаппай үйлесімділікпен орындау арқылы спорттық аталым бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енуді басты мақсат еткен. Спорттық қимылдарды рекордтар кітабы комиссиясының мүшелері ұсынған.

– Осы аталым бойынша бұрынғы рекордтық көрсеткіш Америка Құрама Штаттарының бір қаласында орнатылған. Оған қатысушылар саны 691 адам екен. Біздің флешмобқа қатысушылар саны алдыңғыдан асып түсті. Біз синхрондық қимылдарды 32 қатарда сап түзеп тұрып, үйлесімді билеп шықтық. Би түсірілімі Лондонға жіберіліп, одан ресми түрде хабар алынды. Енді сертификат екі айдан кейін келеді, – дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айжан Күдерина.

Биыл университет ұжымы 80 жылдығын атап өтуде. Мереке барысында аталмыш мерейтой да ұмыт қалмай, оған флешмоб қатысушылары үш жарым минуттық билерін арнады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp