Батыстан келген “хип-хоп” мәдениетіне жастар тарапынан қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Әсіресе соңғы жылдары көшенің спорттық биімен айналысам деушілер қатары көбеймесе, азайған жоқ. Халық арасында “брейкдансинг” деп аталып кеткен өнерге бет бұрғандар көп. Көше биі арқылы әлемді таңғалдырған жастардың бірі – жерлесіміз Әмір Зәкіров. Биыл ол Польшада “Red Bull BC One” дүниежүзілік додасына қатысып, жеңімпаз атанды. Орайы туып, өнерлі жаспен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Әмір, биыл “Break-dance”-тан әлем чемпионы атандың. Шын жүректен құттықтаймын! Әңгімеміздің әлқисасын осы “хип-хоп” мәдениетін оқырманға таныстырудан бастасақ.
– “Хип-хоп”-тың тарихы Еуропадан бастау алады. Алғашқы рэп-батлдар мен спорттық биден жарыстар Ұлыбританияда өткен. Алайда бұқара тарапынан жоғары қолдау тапқан жоқ. Кейін ол Америкаға кең жайылды. Сондықтан да әлемде көше стилінің отаны АҚШ болып есептеледі.
– Ал өзің қай уақыттан бері “Break-dance”-пен шұғылданасың?
– 2009 жылдан бері көше биімен айналысып жүрмін. Петропавлда талай үйірмелерге қатыстым. Нәтижесінде бұл менің кәсібіме айналды. Осы жолды таңдаған соң жарыстарға бара бастадым. Қазір жасым – 23-те. Азды-көпті жеткен жетістіктеріме тоқмейілсімеймін. Келер жылы да әлем біріншілігіне қатысқым келеді.
– Қазір қандай команда сапында өнер көрсетіп жүрсің?
– Соңғы уақытта өнерімді шыңдау үшін Мәскеуде тұрып жатырмын. Петропавлдағы туыстарыма жиі қонаққа келіп тұрамын. Соңғы кездері пандемияға байланысты Қазақстанға жиі жолым түскен жоқ. Соңғы үш жыл ресейлік әйгілі “Predatorz Crew” командасының сапындамын. Біз Еуропаның талай ірі додаларына қатысып, жүлдегер атандық. Құрама қатарында 8-9 спортшы бар. Барлығымыз ұжым болып та, жеке биші ретінде де өнер көрсетеміз. Көше стилін дамытуға үлес қосып жүргендіктен әрқайсысымызда өз лақап аттарымыз бар. Менің “Break-dance”-тағы есімім – Dj Plash.
– Польшада өткен әлем біріншілігі жайлы толығырақ айтып берші.
– Бұл жолғы жарысқа 16 қыз бен 16 ұл қатысты. “Red Bull BC One” жарысы да өзге спорт түрлері сынды бірнеше кезеңнен тұрды. Жартылай финал және ақтық сайыс болды. Үздіктерді арнайы төрешілер анықтады. Би әлемінде есімдері таныс азаматтар қазылық етті. 2020 жылғы біріншілік жанкүйерсіз өткені белгілі. Ал биыл кейбір шектеулер алынып тасталды, яғни достарымыз бен туыстарымызға қолдау көрсетуге рұқсат берілді. Финалда мен канадалық Фил Уизардпен сахнаға шықтым. Қарсыласым да мықты еді. Ол “Red Bull BC One Cypher LA – 2017”, “Red Bull BC One Cypher Canada – 2018” мен “Undisputed World B-Boy – 2018” жарыстарының жеңімпазы болатын. Соңғы турда төрешілермен қатар, жанкүйерлердің дауысы да ескерілді. Алдымен білікті мамандар өз ұпайларын берсе, кейін залда жиналғандардың қолдауы ескерілді. Екі тарап та мені әлем чемпионы деп таныды.
– Әмір, сұхбатыңызға рақмет, келер жылы да әлемнің үздік бишісі атануға тілектеспін!
Әңгімелескен
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.