«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ӘЛЕУМЕТТІК» НАН ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада «әлеуметтік» нан бағасының өсуіне байланысты Үкімет пен әкімдерге шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде барлық деңгейдегі билік өкілдері бұл мәселені шешу жолдарын қарастыруда.

Облыс орталығы тұрғындарының басым бөлігі «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігінің өнімдерін пайдаланады. Бұл кәсіпорын 1945 жылдан жұмыс істеп тұр. Бүгіндері замануи технологиялармен жабдықталған кәсіпорнында төрт жүзге жуық адам еңбек етеді және оның өнімдері жоғары сұранысқа ие. «Әлеуметтік» нан бағасына қатысты «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігінің директоры Ерлан Қайшыбековтің пікірін сұраған едік.
 – Біздің кәсіпорын күн сайын жиырма тоннадан астам нан және нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, тәттілер шығарады. Олардың барлығы кәсіпорынның 24 дүкенінде және тапсырыс бойынша жеткізілетін сауда нүктелерінде өз тұтынушыларын табады. Оның ішінде күніне бес мың бөлкеге жуық «Әлеуметтік» деп аталатын нан шығарылады және ол 61 теңгеден саудалануда. Біз тамыз айынан бастап нанның бұл түрінің бағасын қымбаттатпау мәселесін тиісті орындармен талқылаған болатынбыз. Жергілікті билік өкілдерімен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ортақ шешімге келдік. Оның бағасы келесі жылдың астығына дейін өзгермейді. Ал биыл бидай бағасының өсуіне байланысты басқа нан-тоқаш өнімдері алдағы уақытта 10-15 пайызға қымбаттауы ықтимал, оның объективті де, субъективті де себептері бар, – деді іол.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарованң айтуынша, өңіріміздегі наубайханаларда «әлеуметтік» нанның бағасын қымбаттатпау үшін облыстық тұрақтандыру қорына 3000 тонна ұн сатып алынған. Ұн облысымыздағы 23 наубайханаға бекітілген мөлшерде және кестеге сәйкес берілетін болады. Сонымен қатар «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігі «қалалық» деп аталатын және тұрақты бағамен саудаланатын нан үшін үшінші сыныпты бидаймен қамтамасыз етілмек. «Әлеуметтік» нан облыс орталығындағы 450 сауда нүктесінде саудаланбақ. Сонымен қатар нанның бұл түрінің бағасының өңіріміздің барлық елді мекендерінде сақталуын бақылау аудан әкімдеріне тапсырылды.

Сурет https://www.inform.kz сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp