
Жолаушылар тасымалына елеулі үлес қосып отырған “Петропавл автовокзалы” ЖШС директорының орынбасары Владимир Хохренкомен кездесіп, сапаржайдың жұмысы жайында әңгіме өрбіткен едік.
– Владимир Юрьевич, сапаржай – халықтың көп шоғырланатын жері. Бүгінде осы жолаушылар мекенінің жұмысы қалай ұйымдастырылады?
– “Петропавл автовокзалы” ЖШС-і 1998 жылдан бері жекеменшік кәсіпорын болып саналады. Жолаушылар тасымалымен айналысатын 100-ден аса жеке және заңды тұлғалармен келісімшарт жасап, олардың бағыттарына сатқан жолақы төлемінің 15 пайызын иеленумен табыс тауып келеміз. Қала шетіне, аудандарға, қалааралық және халықаралық рейстерге қатынайтын көліктер біздің сапаржайдан аттанады. Сапаржай қала сәулетіне үлес қосатындықтан, оның көрікті болуы, аумақтың тазалығы, ғимараттың іші жолаушыларға жайлы болуы, сапалы қызмет көрсетілуі қадағаланады. Сондықтан жылда ұсақ-түйек болса да, жөндеу жұмысы жүргізіледі. Бүгінгі сапаржайда жолаушыларға керекті барлық жағдай жасалған деп айта аламыз. Сапаржай таңғы сағат 6-дан кешкі 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Жолаушылар көп жүретін маусымдар мен мереке күндерінде өңіріміздегі жолаушылар тасымалымен айналысатын “Аврора транссервис”, “Векторсервис”, “Норд” сияқты кәсіпорындармен келісім жасап, қосымша көліктер шығарып, рейсті көбейтеміз. Жай күндері – 100-ден астам, мерекелерде 150-ге жуық автокөлік жөнелтіледі.
– Серіктестеріңізбен жұмыс істеуде қандай қиындық кездеседі?
– Мен бұл салада қырық жылға жуық еңбек етемін. Жолаушылар тасымалы қашанда қиын кәсіп болған. Бүгінде кәсіп, тіпті, қиын. Әсіресе, тендер жайы немесе сертификат мәселесіне келгенде қиындық басталады. Жолаушылар тасымалымен айналысуға рұқсат құжатын жеке кәсіпкерлер облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының жария тендері бойынша еншілейді. Бұл бұрын үш жыл болса, былтырдан бастап рұқсат мерзімі бес жылға ұзартылды. Соның негізінде олар бізбен келісім уақытын ұзартады. Әйтпесе, кей кездері белгілі бір бағытқа қойылған тендерге бір ғана өтініш беруші болса, ол келесі кезеңге қалдырылып, уақыт ұзаққа созылып кететінді. Бізге жұмыс істеу керек. Сертификатсыз жолаушылар тасымалымен айналысуға болмайды.
Жақында жолаушылар тасымалы туралы Үкімет қаулысына бірқатар өзгерістер енгізіліп, жаңа талаптар белгіленді. Онда тендерді ұтқан адам сол белгіленген мерзім ішінде көлігін жаңарту шараларын жасаса, автоматты түрде оның тендерлік уақыты келесі кезеңге жылжытылады. Бұл шара автокөліктердің жағдайын жақсартуға негізделген. Ұзақ уақыт жаңа көліктермен алаңсыз жұмыс атқару бізге де тиімді.
– Облыс орталығына автобус қатынамайтын бірқатар елді мекендер бар. Тұрғындар соған реніштерін айтып та жүр. Бұл мәселені шешуге сіздер қандай қолғабыс жасай аласыздар?
– Иә, бұл мәселе облыста өзекті. Облыс әкімдігіндегі басқосуларда өңір басшысы Ерік Сұлтанов сала мамандарына барлық елді мекендерге автобус қатынасын деген міндет жүктеп отыр. Бұл тапсырманы орындағымыз-ақ келеді. Бірақ біз жеке кәсіпкерлерге тәуелдіміз. Кәсіпкерлер көлік шығарып, рейстер жасауға ниет білдірсе, олармен келісім жасауға біз дайынбыз. Өзіміз көлік шығаратындай бізде база жоқ. Бүгінде жолаушылар тасымалымен айналысқысы келетіндер қатары азайып барады. Оның бірнеше себебі болса, соның ең негізгісі – ауылдарға қатынайтын жолдардың нашарлығы. Өздеріңіз көріп жүргендей, ондай жолдармен жүрген көліктер бір-екі жылда-ақ ескіреді. Алысқа бармай-ақ облыс орталығына жақын маңдағы ауылдарды қамтудың өзі қиындық тудырып отыр. Ал қыста жол қатынасы тіпті қиын. Қар басып қалған жолдарды ашып алудың өзі үлкен мәселе болып тұр емес пе? Ауыл арасының жағдайын жақсы білетін кейбір тасымал жасаушы кәсіпкерлер бүгінде автобусына қоса жеңіл көлік ұстайтын болды. Автобуспен жолдың жүре алатын жеріне дейін барып, әрі қарай жолаушыларды асты биік жеңіл көліктерге отырғызып, діттеген жерлеріне жеткізеді. Ондай кезде 3-4 жолаушы болса жақсы, ал егер одан көп болса, кәсіпкердің жұмыс уақыты созылып, артық жанармай шығындайды. Жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлер осылай жақсылық жасап жүр. Сондай-ақ, кішігірім ауылдардан қатынайтын жолаушылардың саны аз болса, тасымал көлік иесін қызықтыра қоймайды. Осындай бір-екі қиындықтың өзі мәселенің шешімін таптырмай тұр.
– Жанармайдың бағасы көтерілген кезде кез келген көлік иесінің мазасы кетеді. Одан көптеген тауардың бағасы көтеріледі. Өткен жылы жолақы бағасының қымбаттағаны да белгілі. Бұл туралы не дер едіңіз?
– Иә, өткен жылдың соңғы айында барлық бағыттағы рейстердің тасымал төлемін өсіруге тура келді. Яғни, өсім 10 пайызды құрады. Бұған дейін жанар-жағармайға, көліктің қосалқы бөлшектеріне, коммуналдық төлемдерге баға қосылып жатса да, тасымал жасаушылар елең еткен жоқ еді. Бізде төрт жыл бойы баға бірқалыпты тұрды. Шыдадық. Бірақ табысымыз кері кетіп бара жатқандықтан, бүгінде бағаны көтеруге мәжбүр болып отырмыз. Енді, міне, сапаржай әкімшілігі өзінің серіктестерімен есеп айырысу ісінде де төлемді ұлғайтуды ойлап отыр. Бұрын бізге кассамыздан сатылған билеттердің 15 пайызы тиесілі болса, енді оны да көтеру мәселесі сұранып тұр. Басқа облыстарда бұл тариф баяғыдан жоғары. Оның үстіне кәсібімізге кедергі жасайтындар көбейіп кетті.
– Олар кімдер?
– Жеңіл көлікпен жолаушылар тасымалын жасайтындар, яғни таксистер қатары көбейген. Дәл жанымыздағы олардың аялдамасын, сондай-ақ, екі қатарға созылған көліктерін көріп жүрсіздер. Олар ауылдарға, аудандарға, қалаларға, тіпті, халықаралық рейстерге де шыға береді. Әлбетте, жеңіл көлік жолаушыларға ыңғайлы. Сондықтан бізге келе жатқан жолаушылардың бірқатары соларға қарай ойысып кетеді. Біз олармен дауласып жүргелі қашан?! Тиісті органдарға да шағымдандық. Бірақ нәтиже шығар емес. Таксистердің аялдамасы бізден алыстатылса дейміз. Олардың дәл қасымызға орналасып алып, сапаржайдың ішінде жүрген адамдарды үгіттейтіндерін қайтерсің?! Қаланың басқа тұстарында да аудандарға қатынайтын бірнеше көлік бар. Олардың рұқсат қағазы бар шығар, бірақ таксистер біз сияқты үлкен ғимаратты ұстап, бірнеше адамға жалақы, салық және басқа да төлемдерді уақтылы төлеп отырмағандықтан, ауыртпалық бізге түседі. Бізге заң бойынша бірқатар талаптар жүктеледі. Соны орындау керек. Ал біздің табысымызға осындай жолдан қосылғандар ортақтасып жатса, жағдайымыз қаншалықты жақсы болуы мүмкін? Менің айтарым осы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.