«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР ЕЛДІҢ САЛТЫ БАСҚА

Өзге халықтармен салыстырғанда тәжік ұлтында отау құрған екі жастың шаңырағының шайқалуы, яғни ажырасуы өте сирек кездеседі. Осы орайда аталмыш халықтың келін түсіру дәстүрімен таныссақ.

Егер жігіттің өзі ұнатқан қызы болмаса, әке-шешесі таңдау жасап, айттырады. Айттыруға қыздың үйіне “елші” жібереді. Елші екі жақты келістіргеннен кейін құда түсу рәсімі басталады. Құдалықтың жайы шешілгеннен кейін дайындыққа кіріседі. Бір қызығы, жігіт жағы қыздың үйінде өтетін той шығынын өздері көтереді.

Тәжіктерде де ұзатылатын қыздың артынан жасау апарады. Қыз жағы жасауы дайын болған кезде болашақ құдаларына хабар береді. Келісілген күні жігіт туған-туыс, жора-жолдастарымен бірге той болатын үйге келеді. Күйеу жігітті қайын жұрты күтіп алып, қалыңдықтан бөлек үйге отырғызады. Барлық ырым, кәделері жасалынғаннан кейін ғана күйеу жігіт қалыңдығын көру құқығына ие болады. Осыдан кейін той күйеу жігіттің үйінде жалғасады. Келіннің беті ашылып, некесі қиылады. Неке қию рәсімінде оған қатысып отырған адамдар – астықтың дәнін сабақтаулы инеге өткізіп отырады. Рәсім біткен соң жіпке тізген дәндерді ортадағы ыдысқа салады. Бұл дәстүрдің мәні – осы үйде бала, ырыс-береке, молшылық көп болсын деген ұғым. Сондай-ақ, екі жастың қарым-қатынасы тату-тәтті болсын, үйден береке-бірлік кетпесін деген тілекпен некеге қатысқан қонақтарға тәттілер таратылады. Неке қиылып болғаннан кейін күйеу мен қалыңдық жолына орам-орам мата төселіп, оңаша бөлмеге кіргізеді. Төселген матаны тойға жиналған қауым бөліп алады. Бұл – “осындай тойға жете берейік” деген ойдан туған ырым.

(“Үлгілі үйдің ұл-қыздары” кітабынан алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp