Бүгін әлемнің түкпір-түкпірінде Халықаралық азаматтық қорғаныс күні аталып өтілуде. Азаматтық қорғаныс – мемлекеттік қорғаныс шаралары жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде халықты және оның материалдық игілігін әртүрлі табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғауды мақсат ететін ұйым. Яғни, ұлттық қауіпсіздіктің бір тармағы бүгінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің құзырында. Осы мемлекеттік органның жұмыс нәтижесінде талайдың өмірі мен денсаулығы сақталып, көптеген материалдық шығындарға жол берілмей келеді.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қорғаныс күніне орайластырып Петропавл қаласындағы “Достық” алаңында мерекелік шара өткізді. Онда қорғаныс саласының тарихы мен бүгінгі техникалық базасы жайында көрме және құтқарушылардың жұмысынан шағын көрсетілім ұйымдастырылды. Департаменттің өртсөндірушілері мен суда құтқару қызметінің мамандары аталмыш шараға келген әр адамды әңгімеге тартып, оларға өздерінің техникалық құрал-жабдықтарын көрсетті. Бұл күнгі шараға жеткіншектер көп келді. Олар қатар-қатар тізілген көліктерге отырып, өздерін бір сәт құтқарушы ретінде сезінгендей болды. Сондай-ақ, жас жеткіншектер арасында азаматтық қорғаныс тақырыбында түрлі сұрақтар қойылып, байқау өткізілді.
Өткен ғасырдың бас кезінде қолданылған апаттық дабыл құрылғысы осы күнге дейін сақталған. Түрлі фотосуреттер де ескінің көзі ретінде жұрттың назарын аударды. Ал құтқарушылардың бүгінгі заманауи құрал-жабдықтары, тіпті, көз қызықтырады.
Азаматтық қорғаныс жүйесі адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттарға сенімді тосқауыл қою, зардап шеккендерді құтқарып, оларға көмек көрсету үшін еңбек етеді. Облыс орталығында өткен аталмыш шара соның бір айғағы болды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.