«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘҢГІМЕ АРҚАУЫ – ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ

Өңірдегі өрт оқиғалары және оны болдырмау үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселесі облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында әңгіме өзегіне айналды. Оған азаматтық қорғау саласындағы апаттар тәуекелдерін азайту және бақылау басқармасының бастығы Игорь Балеев және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Игорь Анатольевичтің айтуынша, биыл облыста 554 өрт оқиғасы тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,4 пайызға азайды. Тілсіз жаудың салдарынан 33 адам қайтыс болып, 23-і жарақат алды. Қызыл жалынның кесірінен көз жұмғандардың ішінде мектепке дейінгі жастағы бір бала бар.

Келтірілген шығынның мөлшері 33 миллион 174 мың теңгені құрады. Отты дұрыс пайдаланбау салдарынан – 107, электр құралдарын қолдану талаптарын бұзу себепті – 90 және пештерді орнату мен пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін орындамаудың кесірінен 88 оқыс оқиға орын алды.
– 15 қыркүйектен, яғни, өңірімізде жылыту маусымы басталғаннан бері облыс аумағында 40 өрт оқиғасы тіркелді. 2018 жылмен салыстырғанда осы көрсеткіш 12 пайызға азайды. Тілсіз жаудың кесірінен үш адам қаза болып, 4-уі жарақат алды, – дейді Игорь Балеев.
Биылғы жылдың басынан бері жеке меншік тұрғын үй секторында тұншықтырғыш газдан уланудың және өрт қауіпсіздігі ережелеріне немқұрайдылық танытудың салдарынан бір адам қайтыс болып, 27-сі жарақат алды.
Өрттердің және оның кесірінен зардап шегушілердің санын азайту және қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлері тиісті жұмыстарды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, жылыту маусымы басталғаннан бері олар 32 мыңнан астам мекенжайда рейд жүргізді. Оның барысында 98 мың адамға тілсіз жаудың алдын алу үшін әрдайым есте сақтауды қажет ететін сақтық ережелері және қағидалары туралы айтылды. 32 мың жадынама таратылды.
Сонымен қатар жас ұрпақ өкілдерін төтенше оқиға кезінде қалай әрекет ету керектігін үйрету мақсатында 9 интерактивті сабақ өтті. Оған 63 мектептен 3506 оқушы қатысты. Өрттердің алдын алуға арналған сенбіліктердің ұдайы өткізілетіні туралы да айтылды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp