«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨГЕЙ ӘКЕ

Газетіміздің “Оқырманның жүрек сыры” атты айдарына түскен хаттардың ішінен 29 жастағы жігіттің өмір түйткілі назарға ілікті. Оқырмандарымызға соны ұсынғалы отырмыз. Өз өмірінің құпиясымен бөліскен автор жарияланымда шын аты-жөнін өзгертуді өтініпті.

Жандос, 29 жаста:

– “Ер жігіттің үш жұрты бар” деген сөз менің жүрегімді тілімдеп өтетіндей. “Нағашы жұртым бар, қайын жұрт бола жатар, ал ағайын жұртым қайда?”.

Мен туған соң үш айдан кейін анам тұрмысқа шығыпты. Бағының ашылғандығы шығар, жақсы адам кезіккен. Ата-анам отау құрған кезде нәрестемін, сондықтан жағдайдың бүге-шігесін біле бермеймін. Оның үстіне әңгіме ол туралы емес. Айтпағым – өз өмірім, өз сезімім, қалыптасқан мінезім жайында. (Кейіпкерлердің аты өзгертіліп алынған. – Г.Қ.).

Қабыкенді мен әкем деп санаймын. Мінезі қатты, бірақ көңілі жұмсақ адамды өзіме жақын тартамын. Қаны бір болмаса да, кішкентайымнан қолына алып, ержеткізгендіктен, менімен жаны бір болып кеткендей. Мені ол дауыстап ұлым демесе де, кей кездері жанарынан әкелік мейірім сезетіндей едім. Он жасқа дейін мен оны туған әкем санап жүрдім. Ауылда мөлдір судың астында жатқан тас сияқты құпияңды жасыра алмайсың. Ондағы әр шаңырақтың тыныс-тіршілігі алақанға салып қойғандай, баршаға әйгілі. Ауылдастарым жаман емес, бір-біріне көмектесіп, бір-бірімен сырласып жатады. Кейде ұрыстарын да естисің. Ашуға булығып, көңіл тарылған кезде артық сөйлейтіндер де болады. Сондай бір оқиғаның желісі менің өмірімді күрт өзгертті.

Ойын қуып, мал жайлайтын інім екеуіміз бала күннен шымырмыз. Оның үстіне алыс-жұлысқа, күреске әуестігіміз де бар. Талай баланы ойнаймын деп жылатып алған кездер жиі болатын. Әсіресе, Алмаспен әзіліміз жарасып тұрса да, кей кездері шартпа-шұрт келіп қалатынбыз. Бірақ сол жолы мен қатты кеттім, ол да беріспеді. Екеуіміздің алыс-жұлысымыз Алмастың шырылдап жылаған ащы дауысынан кейін тоқтады. Шынтағын ұстап алған ол бақырғанын қояр емес. Оның үйінің маңында жүргендіктен, қораның жанында жүрген шешесі жүгіріп келді. Мен болсам есімнен айрылып қалғандай, не істерімді білмей, мелшиіп тұрмын. Шешесі оны орнынан тұрғызбақ болып, қолынан тартып еді, Алмас одан бетер айқайлады. Істің насырға шапқанын ұққан шешесі ашуға булығып, маған алайып қарады.

– Мен ойнап, жерге бір ұрып, үстінен басып едім… – деп міңгірлегенім сол еді.

– Сенің-ақ күшің тасып жүреді екен? Неге сен ауылдың балаларына қырғидай тиюіңді қоймайсың? Артық күшің болса, туған әкеңді тауып ал да, соған көрсет, жетімек неме, – деді де, жерде отырған Алмасты көтеріп алып, үйіне қарай тартты.

Мен олардың арттарынан қарап әлі тұрмын. “Туған әкеңді тауып ал”, “жетімек” деген сөздер құлағымнан кетер емес. Екі сөздің де мағынасы түсінікті, бірақ олардың маған қатысы қандай деймін. “Анам мен әкем қасымда емес пе?”, “Мен қалай жетімекпін” деген оймен арпалысып, үйге қалай жеткенімді білмеймін. Алдымнан әкем кезікті. Ол сол баяғыдай үнсіз, басын төмен салбыратып алыпты. Сол жолы маған тастаған көз қиығының өзі сұсты көрінді. Менің көңілсіз келе жатқанымды аңғармады ма, әлде сезсе де, сезбеген болды ма, өте шықты. Соңынан “папалап” баруға менің де жігерім жетпеді. Әкемнің мінезін жақсы білетіндіктен, ол қораның қасында жүрсе, айналшықтап біз де жанынан шықпайтынбыз. Әйтпесе, “Еріншексіңдер, сендерге малдың керегі жоқ. Осының барлығын сендер үшін жинап жатқан жоқпыз ба?” – деп ренжитін. Болашақты ойлағандықтан емес, әкемнен артық ұрыс естімес үшін жүгіре тартатынбыз. Біз деп отырғаным – менен бір жарым жас кіші інім Айбек.

Көшеде болған оқиға, ондағы айтылған сөздер ойымнан кетер емес. Асыға басып, үйге кірдім. Іздегенім анам. Бөлме-бөлмені аралап шықтым да, үйде ешкімнің жоқ екенін көріп, көңілім босай бастады. Жанарым жасқа толып қалғанын сезіп, қасымда тұрған кереуетке құлай кеттім. Соңғы 15 минуттың ішінде болған көріністер қайтадан көз алдымнан өтіп жатыр. Алмастың анасы, әкем… Есіме түскен сайын, өксік қысады. Қанша жатқанымды білмеймін, ұйықтап кетіппін. Адамның жүрісінен ояндым. Тұрайын десем, басым қазандай болып кеткен сияқты. Солқылдап ауырады. Бөлмеге кірген анам менің оянғанымды көріп: “Күн батып бара жатқанда адам ұйықтай ма екен? Тұр”, – деді.

Бөлмеден шығып кеткен анамның соңынан мен де ердім. Менің бір нәрсе сұрағым келіп тұрғанын сезген ол, бұрылды да: “Не айтайын деп едің?” – деді. Мен 20 секундтай үнсіз тұрдым да, жылап жібердім. Анам шошып кетті. Осындай оқиғаның болатынын анам күтіп жүрген сияқты көрінді маған.

– Не болды, кім ренжітті? – деп мені құшақтай алды. Оның қамқорлығы көңілімді одан бетер босатты. Анамды құшақтап алып, айырылар емеспін. Мені бауырына басқан күйі ол да біраз отырды. Жылағанымды қойып, басымды иығынан көтердім де, бүгінгі болған оқиғаны айтып бердім. Анамның түрі бозарып кетті. Аузын ашпады. Сол жолы бірінші рет мен анамның жанарынан басқаша бір көзқарасты байқаған едім. Ержеткен соң ғана ол көзқарастың – мұң, өкініш, ұялу екенін ұғындым. Сол жолы анам маған ештеңе айтпады. Орнынан тұрды да, жататын бөлмесіне қарай кетіп қалды. Әрі қарай не істерімді білмей тұрған кезде сырттан Айбек кіріп:

– Жүр, табын келе жатыр, малдарды әкелейік, – деді.

Айбек менің көңіл-күйімді сезіп, сұраулы жүзбен: “Саған не болды? Жылағансың ба?” – деді. Үйдегілердің бірі ұрысты деген ойда болса керек, менің “Ештеңе болған жоқ”, – деген қатқыл жауабыма мән бермей, ерттеулі тұрған атқа мініп, кетіп қалды. Мен де үйдің қабырғасына сүйеніп тұрған велосипедке отырып, өріс келе жатқан жаққа қарай беттедім…

Күндізгі болған оқиғаның ізі бірте-бірте суып, ашу қайта бастады. Сол күні кешкі аста да, ертеңгі күндері де анам маған ештеңе айтпады. Сауал анамды ренжітетінін көріп, мен де оның жауабын қайталап сұрауға бата алмадым. Күн артынан күн, ай артынан ай жалғасты. Бірақ сол ашылмай қалған құпия санамда сақталды. Ержеткен сайын, мен әкем мен анамның қылығынан жұмбақтың жауабын іздейтін болдым. Әр әрекеттен анамның маған деген көңілінен мін таппадым, ал әкемнен алыстай түстім.

Мен 13-ке қарағанда орын алған оқиға да әкемнің тумағандығын дәлелдеп берді. Қыркүйек айы болатын. Айбек екеуіміз қора маңында шоққа картоп пісіреміз деп, өрт шығардық. Абырой болғанда, ата-анамыз үйде болып, от тез сөндірілді. Монша ғана өртеніп, жарамсыз болып қалды. Әрі қарай үюлі тұрған шөпке от жетпеді. Оттан қорқып кеткен әкем, сол жолы қатты ашуға булықты. Оның мұндай ашулы күйін бұрын-соңды көрген емеспін. Беліндегі белбеуін шешіп алып, Айбекті сабай жөнелді. Одан кейін менің кезегім деп ойлап, анамның артында тығылып тұрмын. Әкемнің қатты кетіп бара жатқанын ұққан анам шырылдап, араларына түсті. Мен сол орыннан қозғалмаймын. Өзімнің теріс қылығым үшін жаза тартуға дайынмын. Бірақ әкем Айбекті ұрған сияқты мені белбеуінің астына алмады. Бірінші рет таяқ жемегенім үшін қиналдым. Сол жолы мен де жазаға тартылсам, оны әкелік мейірімнің бір көрінісі ретінде қабылдайтыным сөзсіз еді. Айбек ойбайлап жылап жатыр. Әкем белбеуін белдігінен өткізіп жатып, маған өткір жүзбен қарады. Бұл қарасы жүрегімді тілімдеп өткен еді. Кешке таман ашуы басылған ол Айбекті қасына шақырып алып, құшақтап, басынан иіскеп, кешірім сұрағандай болды. Мен бұрышта отырмын. Бұл оның туған баласын бауырына тартып, мені өгейсіткені еді.

Отбасына деген сыйластықты, үлкенге деген құрметті шамам жеткенше орындауға тырыстым. Сосын да оны “әке” атаудан бас тартқан емеспін. Ол әкелік сезімін үйіп-төкпесе де, жеккөрінішін де танытқан емес. Аналық сезім мен қамқорлықтың арқасында басқа үш бауырыммен тең өстім. Оның үстіне ауылда бастауыш сынып қана болғандықтан, сыртқа ерте шығып кетіп, бар-жоғым сезілмей де қалды.

Өгейлік кеудемнен тептірген жоқ, бірақ жүрек түкпірінде жазылмас жара болып қалды. Бүгінде ержеттім, өзім біреуге әке болатын жастамын. Бірақ ер-азамат шыққан тегін білуі керек деген ой мазалайды. Шешемнің жастықпен қандай кемшілік жасағанын бетіне басып, табалайтын мен емес. Ол мені қасында ұстау үшін, барлық ауыртпалықты арқалауға дайын болды. Менің көзімнен аққан әр тамшы жас кеудесіндегі жараның бетін тырнағаны сөзсіз еді. Көпшіліктің: “Туған әкеңді білгің келеді ме?”– деп сұрағысы келетіні даусыз. Білгім келеді. Бірақ құшағымды жайып, “әке” деп мойнына асылу үшін емес. Бұл – болмайтын әрекет. Мені онымен жалғастыратын қылдай ғана көпір бар, ол – тегім. Басқа ештеңе мені ойландырмайды. Тіпті, біле білсеңіз, оны көргім де келмейді. Айнаға қарап тұрып, түрімді үйдегі ешкімге ұқсата алмаған кезде, мүмкін соған ұқсаған шығармын деген ойдың өзі мені қорқытады. Бірақ қанмен берілетін кейбір мінез-құлықтар ағайын-жұрттан қалатынын ескеріп, мен білмей жүрген құпияның терең екенін мойындаймын. Сол кезде өткенімді қопарғым келеді.

Айбек менен бұрын үйленді. Үш жұртының басын қосқан үлкен той жасалды. Бұл қуанышқа ерекше шаттанғандардың бірі – әкем. Арақ-шарапқа жақындығы жоқ ол сол күні көп ішті. Оның тәлтіректеп, жүруге шамасы жетпей тұрғанын біліп, қасына бардым. Қабырғаға сүйеніп тұрған ол басын көтеріп, менің келгеніме ризашылығын сездіргендей, күлімдеді. Сөйлеуге шамасы жоқ. Ол үндемеді, мен де үнсіз. Бірер уақыттан кейін бізден әрі тұрған Айбек пен келініне қарап, жүзі жадырағандай болды. Бұл күні ол шын мәнісінде бақытты еді.

– Жандос, сен қашан үйленесің. Інің жолыңды орап кетті, иә? – деді. Жауап қайырмадым. Не айтарымды білмеймін. Артық сөйлеп, көңіл-күйін түсіріп аламын ба деп қорқамын.

– Ммм, – дедім де қойдым. Бұл менің сөйлегім келмей тұрған кезде қайыратын жауабым екенін ол жақсы біледі.

– Иә, сен де үйлен. Айбектің қара домалақтары, сенің сары домалақтарың анаң екеуіміздің айналамызда жүгіріп жүрсе, содан асқан бақыт болмас, – деп, әкем маған қарай қозғалған кезде, тепе-теңдігін сақтай алмай құлап бара жатты. Мен шап беріп қолынан ұстай алдым. Ол да осыны күткендей бойын тіктеп барып, мені құшақтай алды. Мойынын созып, басымнан иіскеді. Бұл оның 25 жылда, мүмкін мен ес білгелі көрсеткен сезімі болар. Аяғымның астындағы жер жылжып бара жатқандай, теңселіп кеттім. Осы қас қағым сәтте төбем көкке жеткендей қуанышымды жасыра алмасам керек. Әкем көзіме тіке қарады да: “Балам, адам өмірде көп қателеседі. Өкінішке орай, кейбір қателіктерін кеш түсініп, уақытын оздырып алады. Пендешілік. Өмірді қайта бастауға мүмкіндік берілсе ғой, шіркін!” – деп мені құшақтай алған кезде, қарымы нық көрінгенімен, сәлден соң буыны босап, қисайып бара жатқанын сезіп, бар күшімді салып оны өзіме қарай тарттым. Сол жолы оның әкелік ыстық сезімі мені өртегені соншалықты, құлағыма жүрегімнің дүрсілі жетіп тұрған еді…

Әкем Айбектің ұлының маңдайынан иіскей алды, менікін көрген жоқ. Екі жылдан кейін өмірден озды.

Әкемнің кей кездері өгейлігін сезсем де, екеуіміз бір-бірімізге бауыр басып қалған едік. Бүгінде маған оның әкеліктен гөрі аяушылық сезімі басым болған сияқты көрінеді. Мүмкін, ол менің ер-азамат ретінде өз жұртымды білмейтініме, тегімнен хабарсыз екендігіме қиналған да шығар?!.

Дайындаған

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp