«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ӨЛЕҢ-ЖЫРДЫҢ МЕН ДЕ АҒЫТТЫМ ТИЕГІН»

Қызылжар төрінде айтыс ақыны, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жарқын Жұпарханның «Қы­зылжарым – қызырбағым» атты шығармашылық кеші өтті. Рухани шараға елімізге белгілі өнер майталмандары, ақын, әншілер, кеш иесінің өнердегі үзеңгілес жолдаста­ры қатысты. Жырға құмар жұрт Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ғимаратын лық толтырып, ақынды құрмет-қошеметке бөледі.

«О, Қызылжар, киелім,

Мен өзіңді өле-өлгенше сүйемін.

Шал ақынның шабыт беріп жырлары,

Өлең-жырдың мен де ағыт­тым тиегін», – деп сөз бастады ақын.

Кейін еліміздің түкпір-түкпірінен, қала берді Алтай­дың арғы бетінен торқалы тойдың шашбауын көтеріп келген өнерпаздар рухани кештің сәнін кіргізіп, көрерменге естен кетпес әсер сыйлады. Жар­қын Жұпарханның ізін басып, өлең әлемінің табалдырығын аттаған тұңғышы Сұлтан Жар­қынұлы әкесінің кешіне жыр арнап, ұстазы Асхат Ғалеевпен бірге күй тартты.

Аллажар Қайбар, Нұрсұлтан Төлеубай және жергілікті әнші­лер Біржан Есжан мен Еркебұлан Қарыпов тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, Алтай мен Арқаның әндерін қатар шырқа­ды. Жергілікті театрдың жас ак­терлері ақынның өлеңдерін оқып, көпшілікті тәнті етті.

Бұл кеште көптің күткені айтыс болды. Алатау мен Арқа­дан ат терлетіп келген Еркебұ­лан Қайназар, Рүстем Қайыр­тай, Серік Қуанған, Ерлан Дәу­лет, Мұхаммед Қоңқаев, Жұма­бек Рахимов пен Қабдолла Бейісхан кеш иесі Жарқын Жұ­парханның өнердегі жолын жырға қосып, абыройын асырды.

Қызылжар жұрты кештің басты тартуы – ақынның «Ша­быттың шаңқай түсінде» атты кітабын ерекше ықыласпен қа­былдады. Аталған жинаққа ақынның таңдамалы өлеңдері мен айтыстары енген. Жаңа кі­таптың таспасын белгілі қа­ламгер, Түркі дүниесі жазушы­лар одағының төрағасы Ұлық­бек Есдәулет, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Тұңғышбай Жа­манқұлов, ел ағалары – Құдай­берген Қалиев пен Ескендір Елеусізов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Дос­бол Әбдірейісов кесіп, жылы лебіздерін білдірді. Ұлықбек Есдәулет ел алдында қызыл­жарлық ақынға Түркі дүниесі жазушылар одағының мүшелік куәлігін табыстады.

– Мен бүгінгі кешке ерекше сезіммен келіп отырмын. Ер­теңіміз үшін алаңдап, ұрпағы­мыз үшін уайымдап жүргенде халықты жырға бөлеп, ұлты­ның санасына ой тастаған осындай азаматтарды көріп, көңіл қуанады. Қазақтықтың қаймағын бұзбай отырған қы­зылжарлық ағайынға да аман­дық тілеймін, – деді Тұңғыш­бай Жаманқұлов.

Шығармашылық кешке алыс-жақыннан келген елге белгілі азаматтар да игі тілектері мен құттықтауларын жеткізді. Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Жар­қынбек Амантайұлы, айтыс ақындары Құдайберлі Мырза­бек, Серік Қалиев, Серікзат Дүйсенғазы, «Amanat» партия­сының өкілі Еркебұлан Жаулы­баев, ақын Қуаныш Оспан, Моңғолиядан келген кәсіпкер Ғалымбек Мұратұлы ақжарма тілектерін арнап, сый-сияпат көрсетті.

Қызылжарға арналған жыр жолдарымен басталған мазмұн­ды кеш ақынның сөзіне жазыл­ған «Қызылжар ұраны» әнімен аяқталды. Әсем ән мен сырлы өлеңге, өрелі айтысқа куә бол­ған жұртшылық ақынмен бірге қуанып, бірге шаттанды.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp