«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

Петропавлдағы “Метро” ойын-сауық орталығында орналасқан “АРДОС-жүрек” мүгедектер қоғамдық бірлестігінің кеңсесінде жергілікті ақын және жазушы, І топтағы мүгедек Михаил Гвоздевтің “Мен сенемін” атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталмыш шараға жергілікті студенттер, қалалық кітапханалардың қызметкерлері, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері қатысты.

Бұл – өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ұйымдастырылған “Алтын қалам” облыстық байқауының жеңімпазы Михаил Гвоздевтің екінші кітабы.  

Ол орта мектепті тамамдаған соң М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Журналистика” мамандығын игерген. Еңбек өтілін облыстық басылым мен телеарналарда бастаған. Ал кейін денсаулығы сыр беріп, аяғын тік басудан қалғанымен, қатал тағдырға мойынсұнбаған ол өлең жазып, түрлі жанрда қалам тербеуді әдетке айналдырған. Бүгінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 32 жастағы азаматтың тырнақалды туындылары облыстық басылымдарда және “Провинция” журналында жиі жарыққа шығып тұрады.

– Кітапқа енгізілген түрлі жанрдағы мәтіндер мен өлеңдердің барлығы махаббат, өмірге деген сүйіспеншілік және отаншылдық тақырыбына арналған. Бұл – денсаулығым сыр беріп, әр басқан қадамым инемен шаншығандай күй кешкен кездерде жазған туындыларым. Сондай-ақ, кітапта мүгедек болып қалған жандар туралы тебірене жазған материалдарымды оқуға болады, – деген Михаил Гвоздев аяғының ауырғанына қарамастан, тік тұрып, “Жаңбыр” атты өлеңін оқыды.

Шара барысында сөз алған облыстық “Жастар бастамалары орталығының” директоры Данияр Әбутәліп авторды кезекті кітабының шығуымен құттықтап, кітапты өз оқырманына жеткізу жолында күш салу қажеттігін баса айтты. “АРДОС-жүрек” мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәлімхан Сәбитов тыңдармандарға тағдырдың соққысына мойымай, қиындыққа төтеп бере білген қызылжарлық тұлғаны әр қырынан танытып, кітаптың тартымды да мазмұнды шыққанын, өңірлік белсенді авторлар қатарына жаңа есімнің енгенін тілге тиек етті.

Салтанатты басқосудың соңында жергілікті “Союз-автор” жастар бірлестігінің мүшелері ән шырқап, шара көркін кіргізді.

Автордың сөзіне қарағанда, кітап сатылымынан түскен қаражат қажетті дәрі-дәрмекті сатып алуға жұмсалмақ.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp