Қарашаның 27-ші жұлдызында көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Кәкімбек Салықовтың дүниеден озғанына екі жыл болады. Көзі тірісінде-ақ Қызылжар, Көкше және Жезқазған өңірлерінің жырсүйер жұртшылығы: “Біздің Кәкімбек”, – десіп, өздеріне тарта таласып, есімін ерекше қастер тұтқан, поэзия әлемінің “Жезкиігі” атанған біртуар жерлесіміздің азаматтық асқақ рухы, соңында қалдырған мол мұрасы ақынжанды халқымызбен бірге жасай бермек.
Бүгін облыс орталығында ақын ағамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған шаралар бастау алады.
ҚОС АНАМ
Дүниеден
Өтті менің қос анам,
Босап қалды
Қос қанатым, босағам.
Тіршілікте көреді екен
Не талай,
Түске кірмес
Ғажайыпты осы адам.
Бірің туып
Бірің мені бақтыңдар,
Екеуің де
Талай мехнат тарттыңдар.
Дүниеде екі бөлек ел едің,
Көз жұмғанда бірге келіп жаттыңдар.
Бірің туып
Бірің жастан бақтыңдар,
Көкірегіме
Солмайтын гүл тақтыңдар,
Екеуіңді жалғастырған жан едім
Ақыры кеп бір зиратқа жаттыңдар.
Жан жүрегім
Екеуіңнен жылынған,
Екеуің де
Орын таптың жырымнан.
Өзге түгіл
Өзім дағы таңданам,
Айтылмаған бұл құпия сырымнан.
Жүрегімде
Екі асыл арна бар,
Қос өзендей
Дария тауып жалғанар.
Екі көзден ыршып түскен қос тамшы
Екеуіңе егіз жыр боп арналар.
САҒЫНЫШ
ДЕГЕН ҒАЛАМАТ
Сағынып кетем сені де,
Төгіліп өлең аманат.
Сағынады екенсің мені де,
Көңілге ол да қанағат.
Қарындасың да сағынар,
Бауырым назар етсе деп.
Ауылдасың да сағынар,
Аунап бір қунап кетсе деп.
Ағасын іні сағынар,
Еркелеп қана қайтсам деп.
Інісін аға сағынар,
Ақыл бір кеңес айтсам деп.
Әкені бала сағынар,
Жоғымды тауып берсең деп.
Баланы әке сағынар,
Қалқайған бойын көрсем деп.
Сағынып анаң шаршайды,
Сақтаған дәмін татса деп.
Жолыңды тосып аңсайды,
Тынығып аз күн жатса деп.
Сағынар үйде аруың,
Өзіңді есен көрсем деп.
Жаныңның ынтық дәруін,
Сұратпай тауып берсем деп.
Сағыныш деген ғаламат,
Жүрекке жүрек орнаса.
Не керек тірлік, азамат,
Осының бірі болмаса.
СУСЫН ЖҰТШЫ, АҒАТАЙ!
(Салықов Айтақметке)
Нәр татпай, жүзің жұқарып,
Қалыпсың жүдеп, мұқалып.
Сағынып, аңсап келгенде,
Сауығар деп сенгенде
Сусын жұтшы, ағатай!
Зәмзәм тосып жалынып,
Келінің отыр қамығып.
Інілерің иіліп,
Зәрудей сұрар қиылып:
Сусын жұтшы, ағатай!
Құрдастарың келіпті
Біздерге бермей ерікті.
Бұйырады ішсін деп,
Төсектен жерге түссін деп:
Сусын жұтшы, ағатай!
Қүрең ат тұр елеңдеп,
Өзіңді қашан көрем деп.
Жалынышпен жан ұғар,
Кісінейді жануар:
Сусын жұтшы, ағатай!
Ауылдың көл, су, бұлағы
Бір жұтсын деп тұнады.
Есіркеп Есіл, Қамсақты,
Мөлдірін тосып аңсапты:
Сусын жұтшы, ағатай!
Жетімдер сені сүйетін,
Батасын қарттар үйетін.
Саулығыңды тілейтін,
Ауырып қалсаң жүдейтін:
Сусын жұтшы, ағатай!
Балдыз-бажаң басыңда,
Жездейлер тұр қасыңда.
Жаутаңдап бәрі қарады,
Жалыныш еткен талабы:
Сусын жұтшы, ағатай!
Қос немерең сұрайды,
Ішпесең, олар жылайды.
Ішпесең, жауым сынайды,
Ішпесең, тауым құлайды:
Сусын жұтшы, ағатай!
ЖЕЗКИІК
Жез қанат, күміс бауыр киік көрдім,
Дәруі сол ма дерсің күйік шердің.
Жез марал жүреді екен арасында
Қаптаған Бетпақтағы киіктердің.
Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?
Жолымды тіке кесіп жанай бердің.
Адамның көздеріндей екі көзің
Япырым-ай, дәтім шыдап қалай көрдім?!
Дәл саған құрмап еді торды ешкім,
Ғайыптан душар болдың, сорды кештің.
Жан едім мен де сертшіл далада өскен,
Сен дағы жалтармадың, жолды кестің.
Асықпа, көрейінші жөндеп қана,
Кетпесін жаңа тиген меңдеп жара.
Ет кесіп өз етімнен берсем дағы,
Жөніңе жіберейін емдеп қана.
Дедім де қоя бердім, ұстамадым,
Қасымда қал демедім, қыстамадым.
Тілеймін суық жақтан есен қайтып,
Жылы құм мекенінде қыстағанын.
Түс тербеп, жаздың мөлдір қысқа таңын,
Тұзақтап жезкиікті ұстамадым.
Баяғы қызыл ішік киген қызға
Жез қамзол, сол киікті ұқсатамын.
Құмарым қайта көріп қанар ма екен,
Әл бітіп, салқын жүрек жанар ма екен?
Тар жолда суық қолды бір сұр мерген,
Дәл көздеп, әлде, атып алар ма екен?
Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Мезгілсіз еске түсіп қинайды екен.
Жезкиік, сені аңсаған кездерімде
Бір өзім кең далаға сыймай кетем.
КЕЗДЕСУ МЕН
ҚОШТАСУ
Қуансақ та есен деген хабардан,
Кездесуде, жүздесуде бар арман.
Тірліктегі тату-тәтті күндерің
Кездесу мен қоштасудан жаралған.
Кездескенде жадырайды жанымыз,
Қоштасарда ұлғаяды жалыныш.
Кездесу мен қоштасудың арасын,
Жалғастырып жатады екен сағыныш.
Кездесуден қоштасулар қалмайды,
Кезектесіп ғұмырыңды жалғайды.
Кездесуді аңсамаған адамдар
Бірін-бірі өмір бақи алдайды.
АДАМДАР, АҚҚУЛАРДЫ АТПАҢДАРШЫ
Аққу құс айдын көлді паналайды,
Қарайды бермен қарай, қарамайды.
Көлдегі қамысты емес, құрақты емес,
Ол менің жүрегімді аралайды.
Әніне мезеттер бар тебіренетін,
Құштарлық тұла бойды меңгеретін.
Адамдар, аққуларды атпаңдаршы,
Көрмейік ару құсты көлде жетім.
Мамық төс, ақ тамағы бұлғақтайды,
Маңайды көзбен шолып, тіл қатпайды.
Көлде емес, көңіл – теңіз толқынында,
Жүргенін біліп, білмей сырғақтайды.
Аңсаймын, асыл құсқа асығамын,
Орнайды онсыз жерде басыма мұң.
Адамдар, аққуларды атпаңдаршы,
Сақтайық мәңгілікке ғашық әнін.
БАУЫРЖАН ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ
– Әй, бала,
Сыр жасырар бауырдан кім:
Қарт ағаң Момышұлы Бауыржанмын.
Ілбітпей таксиіңді шапшаң жүргіз!
Тебініп, салып жібер сауырдан бір.
Рульде қарапайым қазақ жігіт,
Осқырды, отыр дей ме мазақ қылып.
Бұрылды бөрі қабақ бөтенсініп,
Тоң мойын тіл қатуды азапсынып.
– Шошытпа, аға, талай шошығанмын,
Деп пе едім:
– Не де болса, осыған мін.
Сен түгіл, настоящий Бауыржанды
Мен былтыр күні бойы тасығанмын.
Он теңге сөз бе, одан алғаным жоқ,
Бір көру жүруші еді арманым боп.
Өз әкем Бауыржанның солдаты ғой,
Өкіндім бұрын іздеп бармадым деп.
– Әй, бала, татты уын көңіл зілдің,
Жарайсың, әке дәстүр өмір құрдың,–
деді де Баукең дереу паспорт тосты:
– Мінекей, мен Бауыржан нөмір бірмін.
Баланы аға сөзі қыршып өтті,
Өкініш жүрек шетін шымшып кетті.
Көргенде Момышұлы деген сөзді,
Қос маржан отты көзден ыршып кетті.
Дедектеп такси зытты көштен дара,
Жазылды көкіректі тескен жара.
Құлпырды өз әкесін көргендей-ақ,
Қолында өгей әке өскен бала.
Тез жетті,
Барар жерге арқыратып,
Жиырма сом тосты Баукең жарқыратып.
Алмаймын, аға, деген таксишіге,
Саңқ етті Алатауды қалтыратып:
– Отставить! Өзіңе тақсырлығың!
Бес сомдық көріп тұрмын такси құнын.
Он теңге былтырғы қу жігіт үшін,
Бес сомға келінге гүл тапсыр бүгін!
ОҚЖЕТПЕС
Сұлу шың сұңғақ бойлы, керім-кербез,
Өзге тау ондай нәзік сезім бермес.
Тік қарап тілдесуге жасқандырған,
Ең алғаш көргендегі өзің теңдес.
Бурабай тау етегін аймалайды,
Екі көз тамашаға байланады.
Оқжетпес суға қарап сыланғанда,
Жан жетпес сені көрем айнадағы.
Жұмбақтас көрсең естен жаңылатын,
Не ғажап сиқыр күш бар табынатын?!
Қалғып тұр ұйқылы-ояу мен сияқты,
Түсімде көріп сені сағынатын.
Таулар көп әрбір жерге сүйеу-пана,
Деп айтар біреу батыр, біреу дана.
Қиырсыз Гималайлар шұбап жатыр,
Оқжетпес – жер бетінде біреу ғана!
КӨКШЕТАУ
Көкшетау өңге таудың тәубесіндей,
Қызығы құмартқан қыз әуресіндей.
Көлдегі Оқжетпестің суреті –
Сұлудың айнадағы сәулесіндей.
Бурабай тауды айнала жатқан екен,
Жұмбақтас суға белден батқан екен.
Ақбура шөлі қанып, дөң асқанда
Қай сотқар көзі қиып атқан екен?!
Қос өркеш көшкен бұлтты өкшелейді,
Сал бойын сандықтастар дестелейді.
Сыры мол ел аралап аңыз болған,
Қазағым еркелетіп Көкше дейді.
Аққу, қаз екеу-екеу ойнайды екен,
Нәзік жан махаббатқа тоймайды екен.
От құшақ күйдірсе де шер тарқамай,
Сақ қыран шүйілсе де қоймайды екен.
Екі көз шыр айналар тостағандай,
Айтқаным көргенімнен аспағандай.
Көгеріп көк белбеудей Есіл жатыр,
Көкшетау әудем жерге тастағандай.
Тау сері сексен көлі етегінде,
Барады сексен сұлу жетегінде.
Қалайша соның бәрін қияр екем,
Соңыра көз жұмылып кетерімде?!.
ЖАЗ КЕЛДІ
Жер бетіне жайлаулатып жаз келді,
Ел шетіне аққу ұшып, қаз келді.
Асыл құсым алыс жолдан оралып,
Еш адамға айтылмаған наз келді.
Қайтқан құстар айдын көлге қонады,
Көкірегім қуанышқа толады.
Жұмыр жердің адам ғана екен ғой,
Бір кеткен соң оралмайтын қонағы.
ЖАЛҒЫЗТАУ
Жалғызтау жер бетінің асылындай,
Сүйемін түйір тасын асығымдай.
Тебіренем үзім шөбін иіскеп тұрып,
Көзімнен жас тамса да жасырынбай.
Жалғыз шың ағайын-ел паналасқан,
Жалғызбын мен де сендей бала жастан.
Қиядан ойлы тұлғаң көрінеді,
Ақындай толғандырған жаңа дастан.
Қылыш көл үнсіз жатпас, ән тарамай,
Қосылар сырнайындай бал қарағай.
“Гәккулі ел”, аққулы көл осы емес пе,
Мәдиге мектеп болған Қарқарадай.
Мен құштар, әннің кербез тәттірегі,
Үкілі Ыбырайдың “Гәккуі” еді.
Жалғыз тау, жарқын көлдер қайталашы,
Құп болсын нұрлы көңіл ақ тілегі.
Көлде аққу, өрде бұлбұл мың сарынды,
Қандыршы көп сағынған іңкәрімді.
Көкіректі шабыт кернеп мен кетейін,
Сен сүйсін баптағандай сұңқарыңды.
ЖАНЫ БІР ЖАРЫМ БАР
Қызығып жаттайтын,
Сүйікті әнім бар.
Қызуы қайтпайтын
Алаулы жалын бар,
Жаны бір жарым бар.
Ақ тілек, ақ ниет
Айнымас арым бар.
Жолыма сәт тілеп,
Отырған жаным бар
Жаны бір жарым бар.
Ол жоқта өңімді
Сарғайтар сағым бар.
Ол барда төрімді
Жайнатар шағым бар,
Жаны бір жарым бар.
Өзгеге өмірде
Болмастай жаным зар.
Нұр құйған көңілге,
Ақ сәуле таңым бар,
Жаны бір жарым бар.
Ай қабақ, паң кербез,
Салтанат сәнім бар.
Теңеулер тең келмес
Маңдайда бағым бар,
Жаны бір жарым бар.
СЕНІ ІЗДЕЙМІН
Сені іздеймін,
Биік шыңға өрлесем.
Аңсап кетем, алыс жолда шөлдесем.
Өмір зая
Өтер ме еді өкінтіп,
Тату-тәтті қимас күндер көрмесем.
Сені іздеймін,
Көктем келсе кұлшынып,
Үлбіреген гүл сөйлесер тіл шығып.
Көрінбеген
Көлеңкеңе сүйенем,
Қабырғамды қайыстырса тіршілік.
Сені іздеймін,
Сенері жоқ дегізбе,
Алаңдаймын алыстағы егізге.
Сағынбасаң,
Сарғаймасаң мені ойлап,
Сүңгіп қана кетер едім теңізге.
Сені іздеймін,
Құстар өтсе көгімде,
Ән заулайды ақ жаңбырдай төгілме.
Жер бетінде
Жалған десе махаббат,
Соқпай ғана кетер едім өмірге.
АЙТА БЕРШІ ОЛ ЖАЙЛЫ
Жабырқап жаным, толғайды,
Сағынбас күндер болмайды.
Жалғызсырап кей-кейде,
Күңгірт күндер орнайды.
Қой десем де қоймайды,
Сорлы жүрек сондай-ды.
Осынау халді жеткізіп,
Қай досым хабар жолдайды.
Санамда сағым ойнайды,
Ойнайды да толғайды.
Үнсіз ғана тыңдайын,
Айта берші ол жайлы.
ҚҰЛАГЕРГЕ
Беу-беу, шіркін!
Қайран Құлагерім-ай!
Терең көл боп,
Кеппей жатқан терің-ай!
Бүкіл қазақ аңыз етіп сақтаған,
Топырақтағы ай таңбалы мөрің-ай!
Сұлулардай қарғап өткен көрікті,
Оза білген,
Мал да зорлық көріпті,
Жүректерге жүлде салған Жануар
Бір сотқардың сойылынан өліпті.
Арқаланып, ел шуына көтерген,
Ақырғы рет
Мәреге есен жетер ме ең?!
Болсам егер ат айдаушы Бөрібай,
Өзім мерт боп кетер ем.
ҚИМАЙ КЕТЕМ ДИДАРЫН
Елге барам
Қуануға, шалқуға,
Ескі досқа
Егіле сыр айтуға.
Әдейі барам анашымның басында
Тұрып қана қайтуға.
Елге барам,
Жер кеңейе, жаз шығып.
Естіп қайтам,
Көріп қайтам жақсылық.
Ал қуаныш, қайғы шеккен үйлерге
Ырым етем бас сұғып.
Елге барам,
Сырымбетті сағынып,
Орман кезем
Аңшы құрдас табылып,
Саумалкөлге
Армансыз бір шомылам,
Ой жүгінен арылып.
Құрбыларым
Сөзбен түйреп қағытар,
Жеңгелерім,
Әзіл кілтін ағытар.
Бәрі дұрыс.
Тек анашым жоқ болып
Толғандырар, сағынтар.
Татып қайтам
Ағайынның сый дәмін,
Білем олар
Жата түс деп қинарын.
Аттанарда ата-анамды көргендер
Қимай кетем дидарын.
ҚАМСАҚТЫ
Ауылымның өзені – алдымда.
Ол келді, әлде, мен бардым ба?
Балалық базары аңсатты,
Жағаңда қалдырған, Қамсақты.
Алғашқы кездескен кезімдей,
Жүректе жылт еткен сезімдей.
Сүйіскен толқындар тамсантты,
Сыбырлап ағады Қамсақты.
Таусылмай айтар наз іңірден,
Ұрсады-ау апам деп жүгірген,
Өзіңдей қарайлап жан-жақты,
Жүгіріп барады Қамсақты.
Сен берген ақ түбіт бөкебай
Сияқты желбіреп өтеді ай.
Сағындым, сағыныш шаршатты,
Жағаңа жетсемші, Қамсақты.