«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНДІРІС ӨРКЕНДЕЙ ТҮСУГЕ ТИІС

Біздің “Петропавл құбыр зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанда болат құбырларды коррозияға қарсы қорғаныс және жылу сақтағыш орамаларымен шығаратын жалғыз кәсіпорын болып табылады. Еліміздің ішкі нарығында оның өнімдері негізінен Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысын газдандыру үшін “ҚазМұнайГаз” АҚ Ұлттық компаниясының, соның ішінде “ҚазТранГаз Алматы” АҚ-ның тарапынан ғана сұраныс тауып отыр. Алайда, соған қарамастан, жылма-жыл өнім шығару көлемін ұлғайтып отырмыз. Атап айтқанда, ол 2011 жылы 980 миллион теңгені құраса, 2012 жылы – 1081,2 миллион, 2013 жылы 2200 миллион теңгеге жетті. Биылғы бірінші тоқсанда 280 миллион теңгенің өнімін шығардық, ал 1 сәуірге дейінгі тапсырыстар көлемі 405 миллион теңгені құрады.

Біз Ресейдің кәсіпорындарымен өткен жылдан бастап ынтымақтастықта жұмыс істей бастадық. Айталық, Челябі металл өңдеушілерімен келісіп, олардан 3 мың тонна жіксіз болат құбырларын алдық. Оларды өзімізде былтырдан бастап іске қосылған үшінші және төртінші технологиялық желілер арқылы ішкі-сыртқы қорғаныс орамаларымен қайта өңдеп шығарып, оны қайтадан Ресейдің газ өндірушілеріне өткізудеміз. Атап айтқанда, “Ачимгаз” АҚ-ы Уренгой газ құбырының қажеті үшін өткен жылдың қараша айынан биылғы наурыз айына дейін зауыттан осындай қосымша жаңғыртудан өткен 13 шақырым құбырлар жібердік. Олармен осы жылға тағы 12 шақырым құбырмен жабдықтау шарты жасалды.

Сөйтіп, өткен жылы Ресейдің 3 миллион доллар тұратын экспорттық тапсырмасын орындаған құбыр зауытымыз сыртқы өнім көлемін биыл 6 миллион долларға жеткізуді көздейді. Оған толық мүмкіндік бар, жоспарлап отырғанымыздай, зауыттың өндірістік қуаттылығын жылына 17 мың тоннаға дейін өсірсек, оған сұраныс беретін қосымша тұтынушылар қажет болары сөзсіз. Оларды біз Еуроазиялық экономикалық одақтан, ондағы әріптестеріміз – Ресей мен Беларусьтан табамыз деп сенемін.

Марат ӘБИІРОВ,

“Петропавл құбыр зауыты” ЖШС-нің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp