(Басы өткен сандарда).
Бұл сол кезде Қазақстанды былай қойғанда, одақта да әлі толық зерттеліп болмаған тақырып еді. Сондықтан көп ізденуге тура келді. Аристотельді, Платонды, Гегель мен Кантты түбегейлі оқу керек болды. Үлкен философияның негіздері, міне, осыларда еді. Бұларды оқу деген – адамзаттың рухани дүниесінен сусындайсың деген сөз.
Дипломдық жұмысыммен алғашқылардың бірі болып танысқан ұстазым М.Н.Чечин: “Бұл жұмыс әрі қарай ізденіп, жетілдіре түссе, кандидаттық диссертацияға негіз болуға лайық”, – деп баға берді. Ол кісі өте талапшыл болатын. Кейде жазғандарыңды мынау артық, мынаның керегі жоқ деп бытшыт қылып тастайтын. Оның осындай талапшылдығын түсінбеген кезім де болды. Бірде не істер екен деген оймен атақты биолог К.А.Тимирязевтің жазғандарын қысқартып, екі бет қылып жазып, апарып бердім. Негізінде, философияның диалектикасы Менделеевтің, Тимирязевтің, басқа ғалымдардың да еңбектерімен табиғи тұрғыда араласып жатады. Философия солардан мысал алады, сөйтіп ой қорытады. Чечин менің қолжазбамды қарап шығып, көп жерлерін жарамсыз деп сызып тастады. Осы кезде мен шыдай алмай: “Бұл жазылған еңбектер менікі емес, Тимирязевтікі еді”, – дедім. “Болса ше?” – деп ол өзіме қарсы сұрақ қойды. – Мағынасы жоқ па, жоқ! Орынсыз қолданылып тұр”. Ол кісі сөйлемде мағына болу қажет, әрбір сөздің мағынасы, әрбір сөздің өз орны болады, сөйлемің сыңғырлап тұруы керек, егер сөз мағынаға ие болмаса, онда ол сөзді бұл сөйлемге кіргізбеу керек деп талап қоятын.
Сол уақытта философия саласындағы ең беделді ғалым В.Н.Тимоско еді. Профессор атағы да сонда ғана болатын. Және сол кісі – университеттің философия факультетіндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы. Дипломдық жұмысымды бір сағаттан артық қорғадым. Сірә, ұстаздарым риза болса керек, В.Н.Тимоско: “Аспирантураға қал”, – деді. Мұндай сенім сол жылы үш студентке көрсетілді. Мені В.Н.Тимосконың өзі алды, А.Қасымжановты университеттің аспирантурасына қалдырды, ал Югайды Мәскеудің аспирантурасына жіберді.
Бірақ, өкінішке қарай, В.Н.Тимоско арада жеті-сегіз ай өткеннен кейін қайтыс болды. Сөйтіп, мен жетекшісіз қалдым. Осыдан кейін философия ғылымдарының кандидаты Н.П.Дордыкин өзінің аспирантурасына алмақшы болып еді, оған өзім бармадым, Мәскеуге кеткенім дұрыс қой деп ұйғардым. Осылай әрі-сәрі күйде жүргенде Чечин: “Мәскеуге өз ақшама алып барайын” демесі бар ма?! “Егер сен Москваға баратын болсаң, жұмыстың бәрін тастап сенімен бірге барамын”, – деді. Қазір ойласаң, қай мұғалім студент үшін осындай қадамға барады, тіпті, менің өзім де олай жасай алмас едім. Ана кісінің маған сондай мейірімі түсіп, әкемдей болып кетті. Осыны естіген тілеулестерім: “Сен Мәскеуге баратын болсаң, білім министрі Асқар Закариннен хат ала кет. Әйтпесе, көп қиындық көресің”, – деді. Осы ақылды жөн көріп, келесі күні жақсы киініп, галстук тағып, ертемен сағат тоғызға он бес минут қалғанда министрдің кабинетіне бардым. Министр келетін кезде оның кабинетінің алдына келіп, хатшысына дәнеме айтпастан тұра бердім.
Бір кезде министр көрінді. Сол уақытта ол кісінің алдынан шығып: “Сәлеметсіз бе, ағай!” – дедім. Министр бетіме қарап: “ Сәлемет пе!” – деді. Осы сәтті пайдаланып: “Ағай, сізде менің бір минуттық жұмысым бар еді, мені қабылдасаңыз”, – дедім. “Жарайды, кіріңіз”, – деген министр кабинетіне қарай бастады.
Министр сырт киімін шешіп, отырған соң: “Иә, қандай мәселемен келдіңіз?” – деп сұрады. Министрдің үстелінің жанындағы орындыққа жайғасып отырған соң университетті қызыл дипломмен бітіргенімді, марқұм Тимосконың аспирантурасына түскенімді, енді жетекшісіз қалғанымды, Алматыда философиядан ғылыми жетекші болатын профессорлардың жоқтығын, сөйтіп, аспирантураға, Мәскеуге барғым келетінін, Білім министрлігінен қатынас-хат сұрай келгенімді айттым. Сол-ақ екен, министр хатшысын шақырып алып: “Мына жігітке Мәскеуге жіберетін қатынас-хат дайындап бер”, – деді. Содан хатшы екеуі бір сағат отырып, қатынас-хатты дайындады.
Қатынас-хат қолға тигеннен кейін пойызға отырып “Мәскеу, қайдасың?” – деп тартып кеттім.
Мәскеуге келісімен бірден философия ғылыми-зерттеу институтына тарттым. Университетте бірге оқыған жолдасым Югай осы институттың аспирантурасына түскен. Институттың директоры П.Н.Федосеев орнында болмай шықты, жол сапарымен бір жаққа кеткен екен. Хатшы әйел: “Директор әлі келмейді, орынбасарына жолығыңыз”, – деді. Бірақ директордың орынбасары бұл мәселемен басшымыз өзі айналысады деп рай бере қоймады. Сөйтіп, директорды күтуге тура келді. Кешікпей директор да келді. Ол мені тыңдап болғаннан кейін: “Сіз басқа ғылыми бағыттың адамы екенсіз, сондықтан университетке барғаныңыз жөн болар”, – деді.
Амал жоқ, Жоғары және арнаулы білім беру министрлігіне бардым. Министрліктің кіреберісінде отырған вахтер рұқсат қағазын сұрады. Рұқсат қағазы қайдан болсын, Қазақ Республикасы Білім министрлігінің қатынас-хатын көрсеткеннен кейін ғана кіруге рұқсат етті. Министрдің қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз: “Сіз алдымен министрдің көмекшісіне барыңыз”, – деді. Министрдің көмекшісі: “Министрдің мұндай мәселемен айналысуға уақыты жоқ”, – деп бір-ақ қайырмасы бар ма?! Алғашында не айтарымды білмей қалдым. Сосын “шешінген судан тайынбас” деген емес пе, өзімнің Алматыдан келгенімді, ол жақта философияға байланысты аспирантура жұмысына жетекшілік ететін ғалымдардың жоқтығын айттым. Министрдің көмекшісі философиядан хабары бар адам екен, менің білімімді тексере бастады. Оның сұрақтарына орай Аристотельден, Платоннан, Гегельден, Канттан, Эйнштейннен үзінділер келтіріп, тұтастай цитаталарды жатқа айттым. Сол-ақ екен ол: “Жарайды, мен саған көмектесейін”, – деп министрдің қабылдауына кіргізіп жіберді.
Министрдің кабинеті ат шаптырым екен, кілемнің үстімен жүріп отырып, оның үстеліне жақынырақ барғанда ол басын қағаздан көтеріп, сәлемімді алған соң: “Отырыңыз”, – деп ишарат білдірді де, қағаздарымды қарай бастады.
Министр қағаздан басын көтергенде өзімнің әрі қарай оқығым келетінін айтып қалдым. Министр мән-жайға қаныққаннан кейін Мәскеудің мемлекеттік университетінің ректорына: “Барлық талаптарға сәйкес қарап, егер жарамды болса аспирантураға қабылдаңыз” деп өтінішімнің жоғарғы сол жақ бұрышына қолын қойып берді. Министрліктен шыға сала таксиге отырып, Мәскеудің мемлекеттік университетіне тарттым. Министрдің хатымен танысқан ректор мені бірден философия факультетіне жіберді. Факультет әңгімелесу түріндегі сынақтан өткізіп, сол күні-ақ университеттің аспирантурасына қабылдандым.
Маған ғылыми жетекші болуға екі адам ұсынылған еді, оның біріншісі – профессор В.И.Мальцев бұрынғы ғылыми жетекшімнің қайтыс болғанын естігеннен кейін өзі де аурушаң адам екен, ат-тонын ала қашты. Ол кісінің мені алмағанына кейін қатты қуандым. Өйткені, екеуміздің көзқарастарымыз мүлде үйлеспейді екен.
Сөйтіп, жолым болды, ректордың қабылдауынан кейін менің алдымнан барлық есік ашылды. Философия факультетінің деканы да құрақ ұшып жатыр. Елде жүргенде жұрттың аузының суы құритын Москваға тырнағым бір іліксе, неге болсын шыдар едім, пәтер жалдап тұруға да бейілмін деуші едім, өзіме деген әлгіндей көзқарасты байқаған соң батылым жетіп, жатақханадан орын сұрадым. Артық сөз айтпастан студенттер үйінен бір бөлме берді.
Содан соң университеттің философия факультетінің деканы В.С.Молодцовтың “Ғылыми жетекші болуға келісіміңізді беріңіз” деген қатынас-қағазын алып, профессор Е.П.Ситковскийді іздей бастадым. Ситковскийді табу қиынға түскен жоқ. Ол кісінің Гегельдің “Рух философиясы” деген кітабын дайындап жатқанын естігем. Салып ұрып баспаға келсем, сонда отыр екен. Жасы алпыстан асқан, бойшаң деуге де, орта бойлы деуге де келмейтін адам екен. Жақындап келіп амандастым да: “Мені сізге Москва университетінің деканы жіберді”, – дедім. “Жақсы, қазір босаймын, кішкене күте тұр”, – деді. Шыққаннан кейін менің шамамды көрейін деді ме екен, әй-шай жоқ бірнеше сұрақ қойды. Сұрақтарына тақ-тақ жауап бердім. Гегельден де, Эйнштейннен де қара жаяу емес екенімді байқағаннан кейін: “Аламын, қазақтар – жауынгер халық”, – деді. Кейін әбден танысып, жақындасып алғаннан кейін: “Сонда сіз неге олай дедіңіз?” – деп сұрадым. Бақсам, мен оның алдын көрген тұңғыш қазақ емес екенмін. “Мен 30-шы жылдары большевиктер партиясының орталық комитетінде Төлепов деген қазақтың жігітімен бір секторда істедім. Кейін ол Оңтүстік Қазақстанға обкомның басшысы болып ауысып кетті. Өте бір дарынды адам еді. Әттең, репрессияға ұшырап қалды”, – деді. Қазақ “жақсының шарапаты” деп бекерге айтпаған ғой, осылай аяқастынан сенімге ие болып шыға келдім.
Бұл Сталин қайтыс болғанымен де, бәрін уысында ұстаған тоталитаризмнің мұзы әлі жіби қоймаған кез болатын. 1950 жылдардың басында “космополитизммен күрес” басталды. Ол – ұлы орыс халқының “ұлттық рухын көтеру” деген сөз. “Космополитизм” деген сөз – басқа елдің жетістігіне, табынушы деген сөз. Мұның бір кесапаты – дүниежүзіндегі басқа халықтардың жетістігін, жаңалығын одан бұрын “орыс халқының өкілдері тапқан” деп шығарды. Мысалы, Лавуазье “Заттың сақталу заңын шығарды десе, ол заңды одан бұрын Ломоносов ашқан дегенді айтты. Сондықтан дүниежүзінде алдыңғы қатарлы халық та, барлық жаңалықтарды тапқан да орыс болып шыға келді, ал оларға қарсы шыққандар ұлтшыл, керітартпаға айналды. Бұл оқиғалар, осындай идеялар, 1956 жылға дейін жалғасып келді.
Сонда белді-белді ғалымдар қудаланды, сотталды, Мәскеуден, Ленинградтан аластатылды. Міне, осы кезде – 1950-52 жылдары Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі, сондай-ақ, оның алдында болған халықтық, ұлттық көтеріліс, қозғалыстар да кері-тартпа, ұлтшылдық деп танылды. Кавказдағы Шәмілдің көтерілісі де осының кебін киді. Ойлап қарасаңыз, осы саяси қудалаулардың негізі 1946 жылы Жеңістің бір жылдығына арналған салтанатта сөйлеген Сталиннің сөзінде жатқан секілді. Сталин сонда: “Соғысты орыс халқының арқасында жеңдік, сондықтан орыс халқының рөлі үлкен”, – деген біржақты баға берді.
Міне, осыдан кейін-ақ барлық саяси шешімдер тек орыс халқының пайдасына ғана шешіле бастады. Қазақтың бұрыннан келе жатқан барлық ұлттық байырғы ойындары керітартпа, ұлтшылдықты көксейтін ойындардың қатарына жатқызылды. Тіпті, 1947 жылы С.Мұқановтың “Едіге – қазақтың қас жауы” деген мақаласы да шықты. Осыдан кейін-ақ қазақтың бұрыннан келе жатқан ақын-жазушылары керітартпаларға айналды, соларды жамандаған мақалалар бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Бір кездерде Кенесарыны тарихта “Халық батыры” етіп жазған Ермұхан Бекмаханов, содан соң Бек Сүлейменов, Әділкереев, Қажым Жұмалиев, толып жатқан басқа да осындай атақты ғалымдар ұсталып, сотталды. Мұның кесапаты, тіпті, Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовке де тиіп, олар, әйтеуір, Мәскеуге кетіп, аман қалды.
Ұзын сөздің қысқасы, 1956 жылғы КОКП XX съезі кеңес елі халқының рухани дамуына, рухани өсуіне, көзқарасының түбегейлі өзгеруіне, аз да болса да демократия лебін сезінуіне ықпал етті. Оған дейінгі жеке басқа табынушылыққа көзқарас өзгерді. Сол кездерде шетелдің кітаптары, шетелдің киімдері де дүкендерде сатыла бастаған еді.
Осы кезде немістің классикалық философиясы бұл материализмге, революция көтерілісіне қарсы аристократтық реакцияның көрінісі деген пікірлер де өзгеріп, Гегельді, Кантты айыптағандар райларынан қайта бастады. Кенесарыны мақтаған, “космополитизммен күрес” кезінде қудаланған, сотталған адамдар да еркіндікке шықты, еліне қайтты. Сөйтіп, “жеке басқа табынушылық” айыпталды. Мұның пайдасы әдебиетке, тарихқа, философияға, барлық жалпы рухани дамуға, қалыптасқан көзқарасқа қатты әсерін тигізді. Бұрынғы қатал көзқарасқа талдау жасалды, сөйтіп жаңа ғылыми еңбектер, жаңа фильмдер, философияда жаңа мәселелер қаралды.
Біздің студент кезімізде философия туралы кітаптар тіпті аз болған еді, бұл салада ғылыми еңбектер көп жазыла қоймаған. Өйткені, қатал көзқарас, қатаң бақылау адамның ой-өрісі мүмкіндігін шектеді. Және ол кезде қателесуден қорқу деген үрей бойды билеп, қимылдауға, тың ойларға мүмкіндік бермеді. Кітап жазылса болды, іске алғысыз қылып бұрмалап, сынап тастау дегеніңіз түкке тұрмайтын, оп-оңай шаруа болатын. Бұл арада сол кітапта көтеріліп отырған тақырыптың мән-мағынасын теріске шығару, шығармау оның авторының жеке басына байланысты болатын. Сондықтан, әсіресе, философиялық еңбектерді жазудан “аш құлақтан тыныш құлақ” деп басын сауғалағандар аз болған жоқ.
Енді, ғалымдар “жылымықты” сезініп, қайтадан қолдарына қалам ала бастады. Менің кандидаттық диссертациямның тақырыбы “Абстракты ойлаудың танымдағы рөлі” еді. Байқап қарасам, оған кіретін ұғым да көп екен, Сондықтан ғылыми жетекшім Е.П.Ситковский екеуіміз ақылдаса отырып, “Нақтылы ұғымның танымдағы рөлі” деген тақырыпқа тоқтадық. Ал “нақтылы ұғым” деген проблеманың негізін салған Гегель, оның алдында Кант болатын.
Мәскеудегі ғылыми ортаның бір артықшылығы белгілі бір тақырыптың төңірегінде ғалымдардың пікірталасы, айтыстары жиі өтіп тұрады. Мәскеуге келген соң үш аптадан кейін философия институтына барғанымда, диалектика туралы жақсы ойлары бар А.Маньковский деген үлкен профессордың баяндамасын талқылап жатқан жиынның үстінен түстім. Бұл жиынға бөлім мүшелері П.В.Копнин, А.А.Зиновьев сынды белгілі ғалымдар қатысып отырды. Мұнда рұқсат сұрау тәртібі деген болмайды, кіресің де отыра бересің. Осы жиынға қатысып, А.Маньковскийге логикаға байланысты сұрақ қойдым. Ғылыми еңбек жазып жатқан маған осындай ахуалдың көп пайдасы тиді.
1957 жылы мамыр айының басында, сол кезде Ленинградтың аспирантурасында оқып жүрген ең жақын досым Қабдрахман Дүйсенбинге бардым. Екеуміз Алматыда, университеттің екінші курсында бірге оқыған едік. Алғаш рет келгендіктен бе, Ленинградтың сәулеті маған керемет әсер етті. Франциядағы Лувр, Версальдан кейінгі – атақты Эрмитаж! Орыс халқы үшін әлемдегі көркемөнер мен мәдени, әдеби байлықты жинақтауда Ленинградтың орны бөлек. Ол Франция, Италия мен Германия секілді, осының ішінде, Франциядан кейінгілермен терезесі тең, адамзаттың рухани асыл қазынасы жинақталған жер. Бірінші Петрден, Екатерина Екіншіден бері қарата 300 жыл бойында Ресей үлкен империяға айналды. Осы кезден бастап оның әдеби, мәдени байлығы өсті және экономикасы да өркендеді. Міне, сол уақыттан бері Ресей дүниежүзіндегі көркемөнер байлықтарын, аса бағалы рухани құндылықтарды жинақтай бастады. Кереметтей ғажайып сәулетті сарайлар салды. Орыс халқы әлемдік байлықтарды жинап, өз ұрпағын рухани құндылықтармен сусындатуды ерте ойлаған. Осындай жағдайда ғана ұлттың рухани бейнесі қалыптасады.
Ленинградты аралап келе жатсаңыз, барлық сән-салтанатымен алдыңыздан шығады, Эрмитаж, Адмиралтейство, Орыс музейі, Александр діңгегі, Нева көшесінің өзі неге тұрады?! Кронштад бекінісі, Петропавл қамалы, бәрі – тұнып тұрған тарих. Ленинград мемлекеттік университетінің үйі, Екатерина сарайы, Пушкино (Пушкиннің оқыған жері), Ленинградтың да Мәскеудің үлкен театры секілді театры, Опера театры бар еді. Өз өнерінің бастауын атақты Галина Уланова осы театрдан алған. Сол уақытта Ленинград театрында “Спартак” спектаклінің премьерасы жүріп жатқан болатын, соны көрдік.
Ғылыми жетекшім Е.П.Ситковский жұмысымды қарап шығып, жалпы дұрыс деген баға берді. Осы кезге дейін Канттың құнды жақтары жөнді тексерілмеген еді. Кант жөнінде жазғандар болған. Ең асып кеткенде “дұрыс” деген, ал “кереметтей ойшыл” деген баға оған берілмеген, тіпті “осындай мәселелерді кереметтей көтерген” деген сөздер де жазылмаған.
Бұл жұмысымды Қазақстанға жіберіп бастырдым да, диссертацияның екінші тарауына кірісіп кеттім. Уақытымның көбі Мәскеудің Орталық Ленин кітапханасы мен МГУ-дің 16 қабатындағы физика-математика факультетінің кітапханасында өтті. Мені іздеп жатқан ешкім жоқ, өзіммен өзім жүріп жаттым. Бар мақсатым – қолға алған ғылыми жұмысымды тезірек аяқтап шығу. Таңдаған тақырыбым өте күрделі – Гегель еңбектері жөнінде. Ол кезде МГУ өзі бір қала секілді. Ойын-сауық, мәжіліс залдары бар, оның бір жерінде кино, бір жерінде би, бір жерінде концерт жүріп жатады. Сенбі, жексенбі күндері жастар би билейді және Мәскеу халқы МГУ-ге келуге сондай құмар еді. Барлық қабаттарда би жүріп жататын.
Сол кезде Мәскеудің “Үлкен театр”, “МХАТ”, “Сатира” театры, “Вахтангов” сияқты біраз театрларында болдым. Мәскеудің қай түкпіріне барам десең, ілезде апаратын метро, трамвай, автобустар толып жатыр. Сол кезде Мәскеу сахнасында Шварцтың жұртты шулатқан “Көлеңке” деген спектаклі жүріп жатты. Негізінде, дүниежүзінде театр мәдениеті жағынан Мәскеу озық қалалардың бірінен саналады.
Кеңес өкіметінің 40 жылдығына Мао Цзе Дун және көптеген социалистік елдердің басшылары келді. Индонезияның президенті Сукарно, Египеттің үкімет басшысы Камал Абдел Насер де сол жылдары Мәскеуге келген еді. Египет басшысы дәу, еңгезердей адам екен. Сол жылдары президент Сукарно МГУ-дің профессоры деген құрметті атаққа ие болды. Ол кісі сөз сөйлегенде мүдірмей және адамды өзіне кереметтей тартып тұратын шешен кісі екен.
Аспирантурада оқып жүргенде көптеген конференцияларға қатыстым. Солардың ішінде, әсіресе, маған ұнағаны – “Табиғаттанудың философиялық мәселелері” деген конференция болды. Бұл конференцияға үлкен ғұламалар – әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы физиктер, математиктер, биологтар, философтар келген болатын.
Мәскеудің Мемлекеттік университетінде тек диссертация жазып қана қойған жоқпын, өзімнің ғылымдағы бағыт-бағдарымды, келешекте қандай бағытта жұмыс істейтінімді анықтап алдым.
Жазғы демалысқа шығып, елге қайтарда диссертацияның бір нұсқасын ғылыми жетекшім Е.П.Ситковскийге тапсырып кеттім.
Бір айдай демалыста болып, қайтып келсем, ғылыми жетекшім диссертацияны оқып шығыпты, әр жеріне ескерту жасағанымен, жалпы толығымен жақсы пікір білдіріпті. Ғылыми жетекшімнің пікірін диссертацияға қосып, МГУ-дің философия кафедрасына талқылауға бердім. Талқылауда әртүрлі көзқарастар болды, себебі, ол теориялық логиканың тың мәселелерінің бірі еді. Талқылаудан кейін қорғауға қабылдансын деген қорытынды жасалынды.
Осы кезде мен күтпеген тағы бір жағдай болды: ғылыми жетекшім Е.П.Ситковский 1957 жылдың аяғында Прагада шығатын “Бейбітшілік пен социализмнің мәселелері” деген халықаралық журналдың бөлім меңгерушісі қызметіне ауысып кетті. Ол кісімен тіл табысып қалып едік. Содан да болар, көңіліме аздап уайым кірді. Диссертацияны қорғауға дайындала бастадым, талқылау кезінде айтылған пікірлерді ескеріп, толықтырдым.
– Ол бір елімізде жоғары білімді мамандар жетіспейтін кез еді ғой. Сізді Қазақстаннан қызметке шақырып, іздеген адамдар болды ма?
– Алматыға кел деген ұсыныстар болған. Бірақ мен ғылымның қызығына түсіп, елге қайтуға асықпадым. 1958 жылы шілде айының басында Алматыдан Салық Зиманов хабарласты. Бұл уақытта ол кісі Қазақ КСР Ғылым академиясының жанынан ашылған “Философия және құқық” институтының директоры болатын. Салық Зимановпен мен Мәскеуде МГУ-дің мұғалімдер мен профессорлар ауқаттанатын асханасында танысқан едім. Тамақ ішіп отырғам ашаң, ақ құба жүзді бір кісі келіп: “Қасыңыздағы орын бос па?” – деп сұрады. “Бос”, – дедім. Сәлден соң таныстық, қазақ екен. Жат жерде қандасыңды көргенде бауырмалдық сезім баурап алатынын шетте жүргендердің бәрі біледі. Содан сөйлесе келе ол кісі МГУ-ге докторантураға түскенін айтты. Кейін ол кісіні Қазақстанға шұғыл шақыртып алып кеткенше араласып тұрдық. Салық Зиманұлы кетерінде: “Алматыға кел”, – деген. Сол сөзді малданып, ешқайда соқпастан институтқа тарттым. С.Зиманов жылы қарсы алды, бірден кіші ғылыми қызметкер боласың деді.
Қабдырахман досым да осында деп естігенмін, соны іздей бастадым. Ол ескі барақтан бір бөлме алған екен. Не кереуеті, не әйнегіне ұстайтын пердесі, не тамақ ішетін ыдыс-аяғы жоқ, қаңыраған бос бөлме. Не болса да екеуіміз бірге тұруға келістік. Кейін ыдыс-аяқ, диван сатып алдық. Ол кезде жиһаз, төсек-орын дегендерің өте қат болатын.
Екі-үш ай өткеннен кейін институт директоры Зимановтың рұқсатымен диссертациямды қорғамақ болып Мәскеуге аттандым. Мәскеуге келген соң кандидаттық диссертацияны қорғаудың нақты күнін белгілеп, ғылыми кеңестің рұқсатын алдым. Ғылыми жетекшім Е.П.Ситковскийге де шақырту қағазы жіберілді.
Бірінші оппонентім диалектикалық логиканың маманы, үлкен ғалым Л.А.Маньковский деген кісі еді. Екінші оппонент – бұрынғы КОКП орталық комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, МГУ-де сабақ беретін, философия ғылымдарының кандидаты П.Гольдяев. Л.А.Маньковскийдің кітаптарын, мақалаларын оқығандықтан, ол кісіні жақсы білетін едім, ал П.Гольдяевті тіпті танымаймын.
Л.А.Маньковский кандидаттық жұмысыма кереметтей жақсы пікір жазып берді.
Сонымен, 1958 жылы 30 желтоқсанда кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым. Бір-ақ адам қарсы болып, қалғандарының бәрі қолдады. Ғылыми кеңес мүшелерінің көзқарасы жаман болған жоқ. Сөйтіп, диссертациямды сәтті қорғағаннан кейін ВАК-қа қажетті барлық құжаттарды тапсырып, Алматыға қайттым.
Философия және құқық институтында диалектикалық материализм бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Н.А.Мұсабаева болатын. Ол кісі биологияның философиялық проблемаларынан докторлық диссертацияны қорғау мәселелерін ойластырып жүр екен. Бізге Мұсабаеваның диссертациясына көмектесу мәселесі тапсырылды. Бірақ ол кісіге біреулер ақыл қосқан ба, ертең біреу болмаса, біреулер Мұсабаева докторлық диссертациясын осы балалардың арқасында қорғады деген сөз шығарады деп, кім білсін, әйтеуір ол кісі біздің көмегімізден бас тартты. Сол кезде институттың директоры С. Зиманов Қазақстанда, тіпті, Кеңес Одағында бірінші рет диалектикалық логикаға арналған ғылыми топты ашты. Сол ғылыми топтың жетекшісі етіп мені тағайындады. Осы уақыттан бастап диалектикалық логиканы зерттейтін дербес бағыт пайда болды. Мен бастаған топқа өте талантты жас жігіттер кірді. Олар: А. Қасымжанов, Л.К. Науменко, М.И. Баканидзе және т.б. А.Қасымжанов аспирантураны бітіріп келген, Л.К.Науменко МГУ-дің түлегі, М.И.Баканидзе Тбилисидің университетін тамамдаған, бәрінің мамандығы – философ. Ағын Қасымжанов қана үйленген, бір жасар баласы бар. Қалғанымыз бойдақпыз. Бірақ бірге жүреміз, бірге тұрамыз. Түрлі-түрлі арман-ойлар…
Міне, сол уақыттан бастап Қазақстанның “Диалектикалық логика мектебі” қалыптасты. Дербес топтың жетекшісі болған соң әр-түрлі жоспарлар жасадым. Осыған байланысты Е.П.Ситковскиймен, Ф.Георгиевпен, Э.В.Илъенковпен кездесу үшін бірнеше рет Мәскеуге, Ленинградқа бардым. Ол уақытта Мәскеуге бару қиын болмайтын. Ғылыми қызметкер жыл сайын 30-40 күнге іссапарға жіберілетін. Бұл ретте институттың директоры С.Зиманов тарыншылық жасаған жоқ, көп қолдау көрсетті.
– Осылай ойламаған жерден еркіндік алып, жұмысқа бар ынта-жігерімізбен кірістік дейсіз ғой.
– Георгиев деген профессор алғашқы жоспарымызбен танысып: “Ақылды кісілердің жазғаны көрініп тұр, дегенмен бұл – өмір бойы зерттейтін проблема”, – деді.
Сол кезде маған Ситковскийдің айтқаны бар: “Сен диалектикалық логика бар ма, жоқ па, ол жоғары тұр ма, жоқ па, сен ондайға араласпа, уақтыңды босқа кетірме. Содан кейін айтыс-тартыстың бәрі далада қалады”, – деді. Сол кісінің ақылына тоқтап, 740 беттей “Логика мен таным” проблемалары деген кітап жаздық. Кітап жазылып болғаннан кейін институттың ғылыми кеңесінде талқыладық. Кітапты басып шығару үшін институт директоры С.Зиманов Мәскеудің белгілі ғалымдарынан түбегейлі пікір керек деді.
Бұл ұсынысты вице-президент Сақтаған Бәйішев те қолдады. “Ақшасын төлейміз, Мәскеуге барып кел”, – деді. Сол кезде кітаптың қолжазбасын Ситковскийге жібердік. Содан Ситковский бір жарым ай отырып, керемет рецензия жазды. Оның айтуынша, біздің еңбегіміз ғылымдағы үлкен жаңалық, болашағы зор, таңдалған тақырыпқа лениндік тұрғыдан талдау жасалған. Риза болғаны соншалық, Евгений Петрович Ситковский осы еңбегіне ақша да алған жоқ. “Үкімет төлейді ғой”, – десек, “Мен Қазақстаннан ақша алмаймын”, – дейді. Бар жауабы осы. Үлкен ғалым осылай деп отырған соң оған не дейсің.
Осыдан кейін көлемі 40,50 баспа табақтық кітапты баспаға тапсырдық. Ондағылар 20 баспа табаққа дейін қысқартыңдар деді. Бұл дегеніңіз тең жартсы ғой. Сонда да үндемей айтқандарын істедік.
Кітап “Логика мен диалектика проблемалары” деген атпен 1963 жылы жарық көрді. Төбеміз көкке жеткендей қуандық. Кітап шыға салысымен біз оны Мәскеудегі диалектикамен шұғылданатын білгілі философтарға жібердік. Олар пікірлерін хат арқылы жіберіп жатты. 1965 жылы “Вопросы философии” журналының екінші нөмірінде біздің кітабымызға рецензия жарияланды. Бұл басылымды жұрттың бәрі оқиды. Оның үстіне мақаланың авторы Ильенков – одаққа белгілі ғалым. Кейбіреулер таңертең атақты болып тұрдым деп жатады ғой, біз де нақ солай болдық. Қайда барсақ та, аяқ-қолымызды жерге тигізбейді, еститініміз мақтау. Айтса айтқандай, бұл керемет рецензия болды. Қазақстан жайлы бұрын-соңды ондай рецензия жазылмаған болатын. “Бұл кітапта осыған дейін жазылғандардың барлығы толықтай ескерілген. Философия туралы жазатын адам осы кітапты білмей, оқымай бұл проблеманы көтере алмайды”, – депті тіпті. Бір сөзбен айтқанда, бұл кітап менің өзіме, біздің бағытымызға, жол ашып берді.
Біздің бұл табысымызға директорымыз Салық Зиманов та қатты қуанды. Өйтпеген-деше, жас институттың атының одаққа жайылуы үлкен табыс қой. Осыдан кейін біз іле екінші тақырыпқа кірістік. Тақырыптың аты “Проблема исходного пункта в научном познании”. Бұл тақырыпты 1965 жылы бітіріп едік, екі жылдай баспада жатып қалды. Қазіргідей өз ақшаңа шығара салатын кез емес, күтесің. Басында бір кітап болады ғой деп ойлағанбыз. Ол кезде Қасымжанов біздің кафедрадан ауысып кетіп, үшеуіміз-ақ қалғанбыз. Жоғарыдағылар “Мынаны мына қалпында ешкім баспайды, бөліп-бөліп шығармаса болмайды”, – деді. Құлдық, ақылдаса келе үш монография қылайық деген шешімге келдік. Менің монографиям “Теориялық таным бастауының проблемасы” деп аталды. Науменконың кітабы “Монизм диалектической логики”, Баканидзенің кітабы “Содержательная субординация логических форм познания”. Бұл кітаптарымызды да философиялық қоғам өте жақсы қабылдады. “Вопросы философии” және басқа журналдарда оң рецензиялар шыға бастады.
– Жәке, кандидаттық диссертацияны жиырма бес жасымда қорғадым деп отырсыз, осыдан кейін доктор болсам деген ой да мазалай бастаған шығар?
– Шыным сол, ол кезде ондай ой болған жоқ. Ұсыныс ойламаған жерден түсті. 1967 жылы “Теориялық таным бастауының проблемасы” деген кітабымды жазып болған соң оны өзіміздің бағыттағы барлық ғалымдарға жөнелттік. Ал институт “Осы кітапты жетілдірсе, келешек докторлық диссертацияның негізі болады” деп тұжырымдама берді. Ол кездегі философия институтының ақылгөйі Марк Моисеевич Розенталь болатын. Бүкіл одақта оның алдына шығатын ешкім жоқ. Сол кісіге жолықпақ болып Москваға келдім. “Сәлеметсіз бе, Марк Моисеевич, мен Әбділдинмін”, – деп өзімді таныстырғаннан кейін келген жұмысымды айттым. Ана кісі күлді. “Мына кітабың неше баспа табақ?” – деді. Мен 20-дан асады дедім. “Енді қанша жазбақшысың?” – деді. “Менің әлі ойларым бар қосатын”, – дедім. Сол кезде ол: “Жоқ, сенің кітабыңды қазір бәрі оқып шықты. Сен әуре болма, деді маған. – Ғылыми кеңеске осы кітабыңды талқылат, бір аптаның ішінде қорытынды береміз”.
Мұның бәрі менің ойыма кіріп шықпаған нәрсе ғой, қуанып кеттім. Өзім араласып жүрген жігіттер арасында В.А. Лекторский, Э.В. Ильенков, В. Шыверев деген талантты ғалымдар бар, “Мынадай нәрсені ешкім жазбаған, бұл тың нәрсе”, – деп мені тіпті қанаттандырып жіберді. Әлгілердің барлығы мені қолдап: “Сенің диссертацияны қорғау үшін оппонентің бар, енді кіріс”, – деді.
Павел Васильевич Копнин деген Украинаның Философия институтының белгілі ғалымы бірінші оппонент болатын болды. Екінші оппонент мен өзім боламын деді Розенталь. Үшінші оппонентті МГУ-ден аламыз. Тіпті нанарымды да, нанбасымды да білмеймін. Біздің ізденіп жүрген кейбір жақсы жігіттеріміздің өздеріне Москва бес жылдай күттіріп қоятын. Енді не істеймін, қорғаймын. Философия институтының директоры ол кезде Федор Васильевич Константинов деген.
Кандидаттықты мен МГУ-де қорғағам. Алып-ұшып Философия институтына келдім. Федор Васильевич: “Жолдас Әбділдин, сізге кішкене тоса тұру қажет”, – деді. Мен келістім. Жас жігітпін, мен үшін үш жыл деген көп уақыт емес. Алайда, Ситковский мен Розенталь: “Осы сенің диссертацияңды қоғамдық ғылымдар академиясына неге жібермеске? Бізде ондай кезек жоқ. Оның ректоры – Майлин деген кісі. Соған барамыз”, – деді. Оған бармай тұрып мені дедектетіп “Исторический материализм” деген үлкен оқулықтың авторына алып келді. “Мына жігіттің диссертациясы жақсы, бағын байламайық, қорғатайық”, – деді. Жаңағы кісі бұрын “Коммунист” журналының бас редакторы болған, Сталиннің уақытында қатты өскен кісі екен. “Мен оны жалғыз шешпеймін, мұның бір кілтипаны бар. Бұл жігіт партия органында бір күн де істемеген екен. Ал біз тек қана партиядағы қызметкерлердің жұмысын аламыз. Сондықтан да мұны қорғатсақ, барлық жерден жұрттың бәрі лап қояды. Осы мәселе жөнінде мен Майлинмен ақылдасайын”, – деді. Сосын дүйсенбі күні кел деп шығарып салды.
Бұл жұма күні болатын. Қонақүйге келдім. Біраздан кейін өзімді жайсыз сезіне бастадым. Дене қызуым көтеріліп, 39-ға жетті. Басымды көтере алмай қалдым, дәрі әкеліп беретін ешкім жоқ. Сенбі күні, жұрттың бәрі кетіп қалған. Тамақ та, шай да, ештеңе де іше алмадым. Сөйтіп жатыр едім, бір кезде менің жаныма бір кісіні жіберіпті, шешен бе, әйтеуір, кавказдық. “Мен қатты ауырып жатырмын, тұмау білем,сізге ыңғайлы болар ма екен?” – дедім. Сәлден соң ол маған дәрі, тамақ, шай әкеліп берді. Дәріні ішкеннен кейін дене қызуым төмендеп, әжептәуір жеңілдеп қалдым. Таңертең жап-жақсы болып тұрдым. Қасымдағы жаңағы жігітті іздесем, ол кетіп қалыпты. Өзінің көрпелерінің бәрін маған жауып кетіпті. Сол кездегі адамдар өзгеше еді ғой, мені тіпті танымайды да, сөйтіп жүріп маған қамқорлық жасағанын айтсайшы.
Ертесіне асханаға баратын жағдайға жеттім.
Дүйсенбі күні толық сауығып кетпесем де сүйретіліп академияға келдім, келсем: “Сіз бізде жұмыс істемей, қорғауға болмайды екен, басқалар “оны неге жібереді?” деп шулап жатыр”, – деді. Менің өзім шынымды айтсам, соны қорғайын деп қатты ұмтылып та жүрген жоқпын. Қонақүйдегі бөлмені 30 күнге алғам, сол жерде жатамын, кітапханаға барамын деген ой ғой баяғы. Еш қарсылық білдірместен “Өздеріңіз біліңіздер”, – дедім де бөлмеме қайта оралдым. Бір кезде телефон шылдыр ете қалды. Алсам, Мәскеу Философия институты директорының орынбасары Архивцев деген ғалым: “Сәлеметсіз бе? – деді де – Жолдас Әбділдин, сіз қазір қорғауға дайынсыз ба?” – деп сұрады. “Әрине”, – дедім. Себебі, менің диссертациям ғылыми кеңесте ұсынылған, оппоненттер тағайындалған, содан кейін профессор Архивцев маған институт басшысының шешімімен сіздің қорғауыңызды он күннен кейін 16 сәуірге тағайындаймыз деді. ММУ-дің пікірі дайын. Розентальдың пікірі дайын. Үшінші оппонеттің пікірі бар. Енді тек Киевтегі Философия институтының директоры Копниннің пікірін жедел әкелуім керек. Сол мақсатпен Киевке жүріп кеттім.
Киев – бұрын болмаған қалам. Таңғы 7-де пойыздан түсіп, “Москва” деген қонақүйді тауып алдым. Ол кездерде қонақүй арзан ғой, тәулігі 3 теңге тұрады. Кезек көп екен. Орын жоқ болып шықты. Содан тағы бір-екі жерге соқтым да, ештеңенің реті бола қоймаған соң Киев университетіне бардым. Мұнда ешкімді білмеймін, әйтеуір “суға кеткен тал қармайдының” кері ғой. Осылай аңтарылып тұр едім, біреу жақындап келіп: “Қазақсың ба?” – деді.
– Иә, қазақпын.
– Мен осында аспирантпын, аты-жөнім – Тілеуқазы Әбжанов. Сіздің атыңыз кім?
– Жабайхан Әбділдин.
– Ой, сізді білеміз ғой, кітабыңызды оқысақ деп жүр едік. Мұнда не жұмыспен жүрсіз?
Мен қонатын жер іздеп жүргенімді айттым. Ол: “Қонақүйді қайтесіз, жатақханада бос орындар бар, толып жатыр, жүріңіз”, – деді.
Сөйтіп, сол күні әлгі жігіттің бөлмесіне қонып шықтым. Ертесіне, таңертең жақсы костюмімді киіп, Копниннің жұмыс орнына келсем, ол бір күн бұрын демалысқа кетіп қалыпты. Хатшысының айтуына қарағанда, демалып жатқан жері Киевтен 40-50 шақырымдай жерде екен. Пойызбен бару керек. Енді не істеймін деп Тілеуқазыға қарап едім, ол: “Ой, Жәке, саспаңыз, мен білемін ол жерді, сізді пойызбен алып барамын”, – деді.
Содан екеуіміз билет сатып алдық. Қанша дегенмен үлкен академик қой, құр қол бармайық деп бір бөтелке болгар коньягын, соған қоса тауық сатып алдық. Алса береміз, болмаса өзіміз ішеміз.
Пойызбен көздеген жерімізге жеткенше сағат 5-6 болып қалды. Қыстыгүні ғой, қас қарайып кетті. Айналаның бәрі қалың қар. Копниннің саяжайы қайсы деп кездескеннің бәрінен сұраймыз. Ақыры тауып алдық. Кіріп амандастық, Копнин мені бірден таныды. Оның мені білетін себебі, 1964 жылы орталық комитеттің комиссиясында бірге болғанбыз. Хрущев кетіп, орнына Брежнев келді, сонда философия жөнінде арнайы КОКП орталық комитетінің философияның негізгі бағыты туралы комиссиясы құрылған. Сол комиссияға мені қосыпты. Мен жастаумын. Ол комиссияға кірген адамдар – үлкен адамдар. Сол комиссияға қатысқан кездегі бір қызықты айтайын. Мен, Эвальд Васильевич Ильенков екеуміз жастаумыз. Оның менен тоғыз жастай үлкендігі бар. Мен 1964 жылы отыз бірдемін.
Әңгімелескен
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.
(Жалғасы бар).