«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР Академик Жабайхан Әбділдинмен сұхбат

(Соңы. Басы өткен сандарда).

Жиынды орталық комитеттің бөлім меңгерушісі өткізіп отырды. Философиядан тағы да бірнеше бағыт құрдық. Философияның нағыз өзекті мәселелерін қарауымыз керек. Жаңа көзқарас керек. Үлкен адамдар сөйлеп жатыр. Академиктер – Константинов, Кедров, профессор Глезерман, Копнин, т.б. Содан кейін мен тыныш отырмай қолымды көтердім. Комиссия мүшелері 50-60 шақты адам. “Қазір сіздер айтып отырсыздар, жаңа бағыт, жаңа көзқарас керек деп. Әлеуметтік мәселелер, буржуазия философиясын сынау, философия тарихы – оның барлығы дұрыс. Бірақ мен ойлаймын, кеңес философтарының басты бағыты Лениннің айтып кеткен өсиеті болуы керек. Ленин кеңес философтарын диалектиканың теориясын жасау керек, Гегельдің ғылыми логикасы сияқты үлкен логиканы жасаулары керек деген ұсыныс айтқан. Лениннің өсиеті кеңес философтарымен әлі де болса іске асырылған жоқ. Әсіресе, диалектиканың теориясын жасау өте қиын”, – дедім салған жерден. Бәрі бірден маған қарап қалды. Өйткені, бұл өте күрделі мәселе. Әрине, 50 жылда кеңес философтары өсіп жетілді, олардың қазіргі заманда сол күрделі мәселені шешуге диалектика теориясын жасауға лайық, ғылыми дайындықтары бар. Сондықтан философияның негізгі бағыты ретінде диалектиканың үлкен теориясын, логикасын жасауымыз керек дедім. Бұл пікірім жұртқа ұнады. Отырған ғалымдар маған қарады. Қызығы сол, бәрі бірден мені қолдады. Лениннің теориясы мен диалектикасын бұл жігіт дұрыс айтты, деді. Ендеше, біз үш бағыт құрайық, деді. Бірінші бағытты – академик Федор Васильевич Константинов пен ЛГУ деканы Марахов басқарады. Екінші бағыттың жетекшісі – академик Марк Моисеевич Митин және МГУ деканы болуы керек. Үшінші бағытты Қазақстанда құрайық. Оның жетекшісі философия ғылымдарының докторы Ж.М. Әбділдин болсын, деді.

Копнин ол кезде философия институтының директоры болатын. Ол диалектический материализм бағытын дайындайтын топтың жетекшісі болды. Ол топта Копнин, Сеарители, Розенталь, Ильенков, мен және т.б. болды. Әрбір бағыт бойынша жұмыс істегенде Ильенков екеумізді сіздер жассыздар, бірінші нұсқаны жасаңыздар, материал жинаңыздар деді.

Содан екі айдай Москвада осы іспен айналыстық. Орталық комитеттің асханасында тамақтанамыз. Рахат. Мен шын ниетіммен кірістім, 30 бет жаздым. Ильенков та солай бірсыпыра жазып, содан алғашқы нұсқасын жасағанбыз.

Кейін оны Копнин алып, басқаларының материалдарын қосып, үстінен қарап, дайындады. Сондықтан ол мені білетін. Содан да шығар, ол менімен жылы амандасты. Мен оған докторлық диссертациямды қорғайын деп жатқанымды, ол бірінші оппонент екенін жеткіздім. Ол мен сіздің еңбектеріңізді білемін ғой, деді.

Өте жақсы қорғап шықтым. Содан бастап Павел Васильевич мені барлық әлемдік конгреске кіргізіп жіберіп отырды. Бәрі негізінен Москвада болады. Үлкен академик ғалымдар, республикадан менімен Щенкарув деген болды. Бізге Копниннің, Кедровтың және Мәскеудің т.б. ғұламаларының пайдасы тиді.

– Аға, осыған дейін біраз мәселені қозғаған сияқтымыз. Тағы бір сұрақ қойғым келіп отыр.

– Қоя бер. Білгенімді айтамын.

– Сіз қызмет барысында талай белгілі тұлғалармен араластыңыз ғой. Солардың кейбіреуінің, айталық, Қаныш Сәтбаевтың өмірінің жалпақ елге беймәлім тұстары жайлы не білесіз?

– Жоғарыда институтта топ жетекшісі болғанымды айттым ғой. Жұмыс барысында директормен жиі кездесіп жүрдім. Директорымыз – Салық Зиманов. Бір күні оңашада, Сәкеңе пәтер мәселесі қинап жүргенін жеткіздім. Бірақ ол кісі бірден: “Пәтер мәселесін мен шешпеймін, – деді. – Үлкен кісіге – Қаңе-кеңе бар, бұл мәселені тек сол кісі шешеді”. “Үлкен кісі” деп отырғаны сол кездегі Қазақстан Ғылым академиясының президенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.

Оның қабылдауына келсем, кісі көп екен, бірінен соң бірі кіріп жатыр. Мені елеп жатқан бірі жоқ. Кілең ығай мен сығай.

Бір мезгілде, сағат кешкі 5-тен аса қабылдау бөлмесінің табалдырығын Әдебиет және өнер институтының директоры Мүсілім Базарбаев аттады. Оның да кезек күтетін сыңайы байқалмайды. Тура президенттің кабинетіне беттеді. Осы кезде хатшы әйел мені аяп кетті білем: “Сен бірге кір, қазір Қанекең бір жаққа кетіп қалады”, – деді.

Сол сөзден кейін Мүсілім Базарбаевқа ілесіп, мен де табалдырықтан аттадым.

Сәтбаев қазақ баласы үшін теңдесі жоқ, асқар таудай нағыз ғұлама ғой, кіруін кірсем де, жүрексініп, босағаға жақын тұрған бір орындыққа отыра кеттім.

Қаныш Имантайұлының дауысы қатқылдау шықты, бір нәрсеге риза болмады ма, Базарбаевқа: “Мен былай деп айтып едім ғой саған, былай деп жаз деп едім ғой”, – деп тік-тік сөйледі. Сол-ақ екен, менің зәрем ұшып, тізелерім дірілдей бастады. Жаңадан болған директор Базарбаевты Қаныш Имантайұлы 10 минуттың ішінде келген жұмысын бітіріп шығарып жіберді. Босағада отырған жас жігіт – мені көріп, күлімдеп: “Бері кел”, – деді. Содан кейін мен ол кісінің алдына келдім. Манағыдай емес, өңі өзгеріп, жүзі жыли бастаған секілді. “Қандай мәселемен келдің?” – деді. Тілім байланып қалған сияқты, әу деуге шама жоқ, тек қолымдағы өтінішімді ұстата бердім. Өтінішті оқып шыққаннан кейін: “Мамандығың жақсы екен. Москвада қорғапсың, тақырыбы да өте жақсы. Пәтер керек дейсің ғой” – деді. “Иә”, – дедім дауысым шығар-шықпас. Ол кезде үйленген жоқпын да. Бар айтқаным әке-шешем кәрі, соларды алғызайын деп едім. Сосын ол кісі әке-шешеңнің жасы нешеде деп сұрады. Мен өзімше сол кезде кәрі деп есептеген болатынмын, 65-те дедім. Сол кезде ол кісі күліп жіберді. “65-тегі кісі кәрі ме? Мына мен кәрімін бе?” – деді. Бірдемені бүлдіріп алған кісідей үн-түнсіз тұрып қалдым. “Шырағым, пәтер берейін, бірақ әке-шешеңді әкеліп әуре болмай-ақ қой. Мұнда келгеннен кейін олар мазаңды алады. Одан да ақшаң болса, шамаң келгенше жылы орнынан қозғамай, көмектесіп тұр. Ол – бір. Екіншіден, дәл қазір дайын тұрған пәтер жоқ, салып жатырмыз. Осы қысқа қарай бітеді. Сол бітіп жатыр дегенді естисің ғой. Мен виза қойдым, сол кезде маған қайта кел”, – деді. Сосын келін бар ма деп сұрады. Мен әлі үйленген жоқпын дедім. Қарап отырды да: “Шырағым, сен ғылыммен шұғылданғың келеді екен. Өзің жақсы жерде оқыған екенсің, әсіреқызыл болма”, – деді. Әсіреқызыл дегенді сол кісіден естідім. “Әсіреқызыл болма, себебі, ғалымның әйелінің рөлі өте үлкен болады. Сондықтан да бұл мәселе есіңде болсын”, – деп қоштасарда қолын ұсынды.

Көзіне көзім түсіп кетті. Көзі қой көзді екен, қолы өте жұмсақ. Риза болғаным соншалық, әлгі ұлы кісі маған баласындай қарап, мені бірінші рет көріп отырса да жылы сөйлесіп, әкем сияқты ақылын айтқанда, тіпті өзімнің пәтер сұрай келгенімді ұмытып, құрат мінгендей болып шықтым. Төбем көкке бір елі ғана жетпей қалды. Әттең… бір жылға жетпей ол кісі дүниеден өтіп кетті. Бірақ мен пәтерді сол кісінің жазып кеткен визасымен алдым. Мені бір күні ойламаған жерден вице-президент Сақтаған Бәйішев шақырды, ол да бір жақсы кісі еді: “Пәтерге өтініш жазып па едің?” – деп сұрады. “Жазғанмын”, – дедім. “Ендеше, саған пәтер беретін болдық”, – деді. Осы жайды қалай ұмытарсың?! Бір ұлы адам айтқан екен “Өміріңде бір ұлы адамды көрмесең не болмаса сонымен сөйлеспесең, қасында болмасаң ұлы болу өте қиын” деп. Осы сөздерде шындық бар деп ойлаймын. Алдыңғы толқын ағалардың ақылы, үлгі-өнегесі мені де өмір жолында адастырмай алға жетелегені сөзсіз.

Өмірде жолым болған адаммын деп сізге айттым ғой, бұл арада мәселе қызметте емес. Өмір жолында маған еліміздің көптеген ұлы адамдарымен кездесу бақыты бұйырғанын айтқым келіп отыр. Кейбіреулерімен қызметтес болдым, енді біреулерімен жай кездестім. Сол үлкен ағаларымыздың маған көрсеткен өнегесі зор болды. Бүгін ойлап отырсам, солардың әрқайсысы менің азамат, ғалым ретінде қалыптасуыма өзінің үлесін қосыпты. Соларды көріп, айтқан сөздерін көңілге тоқудың өзі үлкен мектеп екенін кейін түсіндік қой.

Менің ойымша, Қанекең – бүкіл Қазақстанның ғылымындағы ең ұлы адам. Неге дейсіз ғой?

– Иә, неге? Қазақстанда оған дейін де ғалымдар болды ғой?

– Болды. Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамбетов сынды ғалымдар болды. Олардың әрқайсысын біз ірі ғалым ретінде қабылдасақ, қателеспейміз. Ал енді Сәтбаевтың олардан өзгешелігі – ол тек қана небір ғажайып жаңалықтар ашқан ұлы ғалым емес, ол бүкіл Қазақстанның ғылымын жасады, оның ішінде геология ғылымының негізін қалады. Ол кісінің сол салаға, кеңес өкіметінің өндірісіне, біздің қауіпсіздігімізге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мысалы, Жезқазғанның байлығын ашты. Қазақтың жер астындағы толып жатқан байлықтарының барлығын тауып, елімізге аса қажет көмір, мұнай, мыс, темір өндіруге жол ашты. Сол істердің басында Қаныш Имантайұлы тұрды. Кешегі Ертіс – Қарағанды каналын да жасаған – Қаныш Имантайұлы. Сол сияқты, ол кісі бүкіл әлемге ықпал еткен металогеникалық картаны өмірге әкелді. Сол еңбегі үшін Қаныш ағамыз және оның тобына кірген ғалымдар 58-ші жылы Кеңес Одағында бірінші болып Лениндік сыйлық алды.

Жоғарыда айтқанымдай, Қаныш Имантайұлының кереметтей еңбегі – Қазақ мемлекетінің ғылымын жасағаны. Шыны керек, ғалымдарымыз болғанымен, Қанышқа дейін бұл деңгейдегі ұлы ғалым болған жоқ еді. Ал Қаныш Имантайұлы бірінші рет академияны, оның барлық институттарын құрып, соны өзі басқарып, қазақтың ғылымын аяғынан тұрғызды. Өзіңіз білесіз, соғыстан кейін іле бірсыпыра республикаларда академиялар құрылды. Жалпы, Сталин академияның соғыс кезіндегі жұмысына сондай риза болса керек, соғыс біте салысымен академияларға қыруар қаржы бөлді. Оның пайдасы бізге де тиді. Өйткені, ол кезде бізде сондай көп институттарды ашатын жағдай жоқ еді.

Соғыс уақытында бізде орталық академияның президиумы болған. Соның президенті – Комаров деген үлкен ғалым. Қаныш Имантайұлы сол кісімен, президиумның басқа да мүшелерімен өте жақсы қарым-қатынаста болған. Олардан көмегін аямаған. Осы жайында Шокиннің жазғаны бар. Қанекең Москваға барады ғой. Ол кезде мәселенің барлығы Москвада шешілетін. Содан кейін Комаровтың үйінде шай ішіп отырғанда құрылып жатқан академияның жанынан 20 институт ашу керек деген әңгіме қозғайды. Комаровты өзінің жоспарларымен, институттардың бағдарламасымен таныстырады. Осы арада Комаров: “Сенің осыншама институттар ашатын докторларың бар ма?” – деп тосын сұрақ қояды. “Докторлар аз, тіпті, кейбір институттарда жоқ”, – дейді Қанекең. Сонда Комаров күліп: “Қаныш Имантайұлы, сіз қызықсыз, докторлар жоқ жерде қалай институт ашуға болады”, – депті. Қаныш Имантайұлы аспай-саспай академиктің әйеліне бұрылып: “Айтыңызшы, үй болу үшін ең алдымен пәтер алу керек пе, әлде оның жиһаздарын жинау керек пе?” – депті. Сонда әйелі: “Әрине, алдымен пәтер мәселесін шешу керек, содан кейін барып жиһаздарды сатып алу керек”, – депті. Қанекең осыдан кейін Комаровқа бұрылып: “Көрдіңіз бе, біз де, ең алдымен, институтты ашамыз, содан кейін ішкі жиһаздарына – кадр мәселесін шешуге кірісеміз”, – депті. Комаров әңгімені көп созбай, осы сөзге тоқтап, Қанекеңнің барлық мәселелерін шешіп беріпті. Осылай қазақтың кадрлары, докторлары өте аз уақытта академия, институттар ашып, сол ғылым ордасы 58-ші жылдары одақта 3-ші орынға шықты. Бұл енді біздің ғылымның нағыз шарықтаған кезі еді.

Қанекеңнің халық арасындағы абырой-беделі өте зор болды. Мұндай абыройлы адам болған жоқ десем, артық айтқандық емес. Сол жылдары жастардың бәрі геолог болуды армандайтын. Ғалым боламыз, Қаныш Имантайұлына ұқсаймыз деп, талайлар институттардың есігін қақты. Әсіресе, біздің елде, Павлодар өлкесінде Қаныш дейтін болса әр адам ішкен асын жерге қоятын. Ол біз үшін бір әулие деп есептелінетін.

Мен 7-ші класта оқып жүр едім, бір күні әкем мені: “Жабайхан, бері келші”, – деп шақырып алды. Жүгіріп келдім. Келсем, әкемнің қолында “Социалистік Қазақстан” газеті бар екен. Сол газетте Қаныш Имантайұлы туралы үлкен мақала жарияланыпты. “Оқышы”, – деді маған. Зуылдатып оқыдым. Мен оқып болғанда әкем: “Міне, нағыз орындалған арман деп осыны айтуға болады. Нағыз халқына еңбек еткен ұлы деп біз Қаныш Сәтбаевты айтамыз”, – деді. Әкемнің сол сөздері маған қатты әсер етті, ойымнан шықпай қойды. Қаныштай болсам деген арман мені алға жетеледі. Жалғыз мені ғана емес, мен сияқты жүздеген жастарды өрге сүйреді.

– Жоғарыда Мұхтар Әуезовті көрдім, дәрістерін тыңдадым дедіңіз ғой.

– Сіз білесіз, біздің қазақ халқында Абайдан асқан ақын, Абайдан ұлы философ жоқ. Осы уақытқа дейін. Ал әдебиет саласында Мұхтардың алдына ешкім түсе алмайды. Мұхтар Омарханұлы – ұлы тұлға. Оның “Абай” романы – әлемдік деңгейдегі шығарма. Бізде басқа ондай туынды жоқ, көп уақытқа дейін болмайтын да шығар. Ол – тек қана қазақ халқы немесе орыс халқы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін ұлы тұлға. Соған бір мысал келтірейін. Жас кезім, “Қазақстан” қонақүйіне бір мәселемен келіп, төменде кофе ішіп отыр едім, менің қасыма орыстың бір әйелі жайғасты. Елулер шамасындағы денелі адам. Екеуміз тез әңгімелесіп кеттік. Ол кісі мен комитеттің ғылыми хатшысымын, Мұхтар Омарханұлы комитеттің мүшесі, деді. Мен Мұхтар Омарханұлы аса көрнекті жазушы, дедім. Ол кісі жұлып алғандай “Жоқ!” – деді. – Сендер өздерің кішіпейілділік танытып, ұлы адамдарды ұлы демейсіңдер. Ол кісі тек қана көрнекті емес, ол кісі ұлы жазушы, ол кісі гений! Мұхтар Омарханұлы біздің комитеттің мүшесі. Орыс болсын, басқа халықтарда да керемет-керемет жазушылар бар, солар әр уақытта Мұхтар Омарханович сөйлейді дегенде басқа сөзді доғарып, ықыластана құлақ қояды. Себебі, сөзі үлкен ойға жетелейді.”

Ол рас. 50-ші жылы Манастың төңірегінде көп әңгіме болды ғой. Манасты алып тастау керек, бұл феодалшыл, байшыл, оның ішінде хандар дәріптелген дегендер болды. Бүкіл қырғыз халқының ең керемет дүниесі, рухани байлығы осылай құрып кетуге шақ қалды. Сонда Әуезов оны қорғап екі сағат сөйлепті. Москвадан, аннан-мұннан келген, жамандап сөйлеген профессорлар ауыздарын аша қалмай қалады.

Оқырманға “Көксерек”, “Қилы заман”, “Қараш-қараш оқиғасы” сияқты тамаша-тамаша дүниелерді сыйлаған ол Абай романын жазуға үлкен дайындық жасады. Сонда мен ойлаймын, бұл әлгі теңізге құятын өзендер болады ғой, сол сияқты.

Мұхтар Омарханұлы Сәтбаевтан кейін Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтар жөніндегі комиссиясының мүшесі болған адам. “Абай” романын жұрттың барлығы біледі. Онда қазақ халқының 70-80 жылдық өмірі түгелімен қамтылған. Бұл тек көркем нәрсе емес, бұл біздің бүкіл тарихымыз, қазақ халқының өмірінің энциклопедиясы тек қана тарихымыз емес, қазақ даласында ұлы тұлға қалай қалыптасады соны айғақтаған, одан басқа да талай мәселелерді де шешкен еңбек.

Ол кісіні мен бірнеше рет кездестірдім. Қасына барып тікелей араласпасам да, 1-ші курста оқып жүргенде баяндамасын тыңдадым. Университетке ол кісі “Волга” машинасымен келетін. Қасына, кей уақытта бір кереметтей сұлу аспирантка еріп жүреді, Сармурзина деген. Ол кісінің келе жатқанын көргенде біздің барлығымыз солдаттар генералдың алдында қалай тұрады, солай қақайып тұра қалатынбыз. Ал 3-ші курста оқып жүргенімде Пушкин кітапханасында Әуезовтің қатысуымен “Абай” романын талқылау болды. Баяндаманы өзі жасады. Сөйлегендердің бәрі мақтап жатыр. Әуезов өзінің қорытынды сөзінде: “Бұл еңбегімде мен образдардың диалектикасына, қайшылықтарына, оларды психологиялық жағынан салыстыруға көп көңіл бөлген едім. Сіздер осы жағын мүлде назардан тыс қалдырдыңыздар”, – деді.

Үшінші рет, тағы да Алматыда кездестім. Москвадан, кандидаттық диссертациямды қорғап келген бетім. Мұхаң “Абай жолы” романы үшін Лениндік сыйлық алған. Сол кезде соны біздің академияның кіші залында талқылау болды. Мен арт жағында отырмын. Сонда жұрттың барлығы сөйлеп жатты. Жұрттың барлығы мақтап жатыр ғой. Лениндік сыйлық алғаннан кейін анасы да, мынасы да мақтады. Бір мезгілде талқылау аяқталғаннан кейін сөз алған Мұхтар Омарханұлы: «Сендер мақтап жатырсыңдар, жақсы деп айтып жатырсыңдар, талдап жатырсыңдар, мұның бәріне рахмет. Бірақ мен осы талдауға соншалықты керемет риза емеспін, деді. – Себебі, мақтау бәрі жетіп жатыр. Бірақ ата мен бала деген әлемдік мәселе бар. Сол тақырыпқа талай адамдар қалам тартқан – Шекспир, Толстой… Тургенев әке мен бала туралы кітап жазған. Талай адам осы мәселені қарастырған. Мен қазақтың жазушысы ретінде, қазақ даласындағы ұлы тұлғаны қарап отырғанда осыған не жаңалық қостым? Менің қосқан жаңалығымның қандай ерекшелігі бар? Сол жөнінде біреуің бірауыз сөз айтпадыңдар.» Осы менің ойымда қалды. Әрине, осы күнге дейін мен көріп жүрмін, талқылап айтып жатады. Бірақ жаңағы Әуезовтің мәселесі әлі де болса үлкен сарапталмаған мәселе. Мен өзім кейде осы жөнінде әдейі бір қалам тартсам қайтеді деп ойлап та қоямын. Бұл оңай да шаруа емес, әрине. Ұлы тұлғаларды құр мақтау аз, олар қандай нәрселерді аша алды, қандай мәселеге өз үлестерін қосты. Міне, осындай жай ғана емес, әлемдік тұрғыдан қарау керек екендігін соны сол кісі айтып кетті.

1959 жылы ол кісі Америкаға барды. Соған барып келгенде Академияның үлкен залында, ол кезде одан басқа Америкаға барған кісі жоқ, сол кісінің баяндамасы болды. Бір жарым, екі сағаттай болды-ау деймін. Барлығымыз соны тыңдадық. Баяндаманы тыңдап отырған уақытта менің көз алдыма Әуезов Абай, Сократ, Платон болып елестеді. Әлгі кісінің сөз сөйлеуі, сабырлылығы, әлемдік мәселелерді тереңнен тартып қозғауы, айтып отырған ойлары мені таңғалдырды. Одан кейін Абайдың көшесін өзгертіп, Абайдың ескерткішін қойғанда да Әуезовті жақыннан көрдім. Қай адам болсын, қазақтың әрбір зиялы, қазақтың көкірегінде ойы бар, оты бар адам Әуезовті өзінің ұстазы санайды. Қай ғылымда болсын, қай жерде болсын Әуезовтің шоқтығы биік. Мысалы, менің есімде, Зейнолла Қабдолов “Менің Әуезовім” деуші еді. Расында да, Әуезовті көріп, Әуезовтен дәріс алғандардың барлығы мықты жігіттер болып шықты. Бәрі! Мысалы, ұлы адамнан дәріс алу ол сенің миыңа бірдеңе құйып бермес, бірақ әсер дегеннің өзі адамға, ғалымға үлкен пайда.

– Аға, сіздің әдебиетші боламын деп жүріп философияға ауысып кеткеніңізде де бір заңдылық бар ма деймін. Өйткені, бұл екі сала бір-біріне өте жақын ғой. Өзіңіз де әлі күнге дейін әдебиеттен қол үзбегеніңізді, көп оқитыныңызды айтып отырсыз. Алматыда тұрған жылдары жазушы Сәбит Мұқановты да көрген шығарсыз?

– Біздің әдебиетіміз таланттарға бай. Әуезовпен бірге ХХ ғасырдың басында – орта шенінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев сияқты жазушылар елге танылды. Солардың ішінде, мен ойлаймын, Сәбиттің орны ерекше еді. Ол кезде Алаш арыстарынан хабарымыз аз, Жүсіпбек Аймауытовтың “Ақбілегін”, Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің, Мағжан Жұмабаевтың еңбектерін білмейміз. Олардың аттарын естісек те, жазғандарымен таныс емеспіз. Біздің бірінші көрген үлкен романымыз – Сәбит Мұқановтың “Жұмбақ жалауы”. Төртінші класта оқып жүрген кезім, менің 9-шы сыныпта оқитын бір бөлем бар еді. Оның қолынан “Жұмбақ жалау” деген кітапты көрдім. Мен оған дейін әжемнің арқасында қазақтың эпостарының барлығын, сол кездегі тоғыз батыр жинағын түгелімен білетінмін. Оны күнде оқып, көпшілігін жатқа да айтатынмын. Сондықтан әлгі үлкен кітапты көргеннен кейін Естайдан маған оқуға бола ма деп сұрадым. Ол: “Әй, саған ондай кітапты оқу қайда. Сен ол кітапты оқуға әлі жеткен жоқсың”, – деді. Шынын айтқанда, оның осы сөздері менің намысыма тиді. Ақыры, әлгі кітапты тауып алып, жатпай-тұрмай оқыдым. Маған кереметтей әсер етті. “Жұмбақ жалау” кейінгі “Ботагөз” романы емес, маған Сәбеңнің “Ботагөз” деген романы жөнді ұнаған жоқ. “Жұмбақ жалау” мен үшін, бала үшін бір үлкен роман екенін, үлкен тәрбие алатынымды керемет ұқтым. Соның барлығын түгелімен жатқа білемін. Сол сияқты, сол кездерде латын әрпімен жазылған “Адасқандар” дегенді де оқыдым. Одан кейін “Аққан жұлдыз”, содан кейін “Менің мектебім” деген еңбектерін іздеп жүріп оқыдым. Бұлар тамаша романдар. Ол кісінің тілі қарапайым еді ғой. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің “Абай” романын оқып шығу үшін адамның үлкен деңгейі керек. Сен кішкентайсың, өрең жоғары болуы керек. Оның тілінің өзін, соның барлығын түсініп, ол кісінің сипаттамасының бәрін ұғу керек. Ал Сәбиттің жазғандарының барлығы қазаққа жеңіл, түсінікті болды. Мен фольклормен, ертегілермен тәрбиеленген баламын ғой. Сәбиттің кітаптарын оқығанда қуанушы едік. Оның айтатын қалжыңдары да, сондағы кейбір болған оқиғалар, айталық, Қорабайдың мінезі, анау өгіздердің алып қашып суға түсіп кететіні – соның барлығы жадымызда қалған, сондықтан да бұл кісі өз деңгейіндегі үлкен жазушы. Ол кісі академияның мүшесі болатын. Біз жас жігіттер енді былай көрсек амандасамыз. Үлкен тұлға ғой. Ол кісілерге жол бермеу деген қиын ғой, расында да. Бір күні мен академиядан шығып келе жатыр едім, жасым 32-33-тің шамасында, бөлім басшысы болатынмын. Бұл наурыз айы болатын. Ол кісіні ылғи бір жігіт жетектеп жүретін. Ол кісіні жалғыз жүргізбейді ғой. Шығып келе жатсам, менің алдымда ол кісі жалғыз келе жатыр. Академияның алды тайғақ болатын да. Су ағып, кей уақытта тайғақ болатын. Содан мына ақсақал құлап қалуы мүмкін деп жүгіріп келіп, ол кісінің қолтығынан алып, көмектесіп түсірдім. Ақырын-ақырын сатыдан түстік. Түскеннен кейін, әлі де болса қолтығынан ұстап келе жатырмын. Бір кезде: “Өзім ренжіп келе жатырмын, – деді. – Ренжіп келе жатқаным жаңа бір докторлық диссертацияны талқыладық. Қазақ кеңес әдебиеті Әуезовтен басталады деп айтады. Мен оған түбімен қарсымын. Қазақ кеңес әдебиеті Сәкен Сейфуллиннен басталады. Әуезовтің өзінің орны бар. Бірақ біздің әдебиетіміздің басы Сәкен ғой. Соны айтып едім, мені ешкім тыңдаған жоқ. Соған ашуланып шығып кеттім”. Содан кейін мен ол кісіге былай дедім. “Сәбе”, – дедім сіз оған ренжімеңіз. Заман өтеді. Осыдан жиырма бес жылдан кейін делік, бір аспирант немесе докторант келіп қазақ әдебиетіндегі тұлғалар туралы диссертация не болмаса, монография жазады. Бұлар сізді де көрмеген, Әуезовті де көрмеген. Ешкімді де білмейді. Бұлар алады да әлгі жұмыстардың барлығын салыстырып отырып, кімнен басталады, кімнен кейін кім деп барлығын түгелімен орнына қояды. Соған меніңше сіздің ренжуіңіздің керегі жоқ. – Содан кейін тағы да қосып айттым. – Гегель дегенді білесіз ғой.” “Иә, иә”, – деді ол. “Гегель философия тарихын жазғанда логикалық түрде жазған. Гераклит Парменидтен 50 жыл бұрын туған. Бұрын жасаған адам. Бірақ Гегель философия тарихын жазғанында оны Гераклиттен бастамайды, Парменидтен бастайды. Себебі, Парменидтің негізгі ұғымы болмыс деген. Ол саяз. Ал енді Гераклиттің негізгі ұғымы – қайта қалпына келтіру. Жасампаздық. Ол болмыс пен болымсыздықтың екеуінің бір жерінен қалыптасуы. Солай! Сондықтан да мұның ойы анадан гөрі күрделірек. Сондықтан да бірінші ең маңызды емес, – дедім. – Бірінші қарапайымдықтан күрделіге бару деген сөз. Сондықтан да бірінші болу мақсат емес.”. Сол уақытта: “Әй сен кімсің, ей өзі?” – деді маған бұрылып. Жұлып алғандай сөйлейді екен. Мен: “Диалектикалық материализммен шұғылданамын”, – дедім. – Сонда бөлім бастығымын”. “А, жарайды онда”, деді. Содан кейін ол кісіні үйіне дейін шығарып салдым. Бұл менің бірінші кездесуім.

Екінші кездесуім Рахманқұл Бердібаев Әуезовтің мұражайында үлкен адамдардың дәрістерін ұйымдастырып жүрді. Ол жарты айда, яки бір айда бір рет болады. Соған біз де қатысып, үлкен адамдарды тыңдаймыз. Бір күні Сәбит баяндама жасайды деді. Соған мен де келдім. Халық көп емес, 40-50 адам ғана жиналыпты. Онда залдың өзі кішкентай болатын да. Содан бір кезде Сәбит келді. Сәбит, расында да, тіпті қарапайым сөйлейді екен. Жазуын айттым ғой қарапайым деп. Сөйлеу машығы тіпті қарапайым екен. Ол кісі келіп Абай жөнінде баяндама жасады. Байқасам, біздің Абай экономист деді. Ол жөнінде ойымды айтайын деді. Ол кісінің еңбек туралы, содан кейін мына мал шаруашылығы туралы сөздері бар. Сондықтан ол кісі жай ақын ғана емес, ақыл айтқан, білім жөнінде. Ол кісінің жаңағы қазақтың экономикасына қосқан үлесі бар деп одан кейін баяндамасында айтып кетті. Соны айтайын дегенім, жалпы ол кісі біртуар адам.

– Әрине, сіз қазақтың біраз біртуар адамдарымен араластыңыз. Олар жайлы айтатын әңгімеңіз де аз болмаса керек. Қазір Әлкей Марғұлан туралы сұрағым келіп отыр.

– Қазақ халқының зиялыларының бірі, білімпаз ұлы ғалымдарының бірі Әлкей Марғұланның біздің қазақ ғылымына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісі, әсіресе, археология саласында көп іс тындырды. Қазақтың өткенін түгендеп берген ғұлама адам. Ол – бір. Екінші Марғұланның кереметі – Шоқан Уәлиханов туралы ол кісі үлкен рухани естелік жазды. Шоқан Уәлихановтың 5 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Мен айтайын сізге, ол шығармалар жинағын жазу, жасау деген ол қазіргі адамдардың жинағы емес. Шоқан Уәлихановтың еңбектерінің барлығы әр жерде шашыраңқы. Тіпті, баспаға бергеннің өзі бар, бермегені бар, күнделіктері де бар, барлық нәрселері, шығармаларының барлығын жинау үшін көптеген уақыт, көптеген еңбек сіңіру керек. Сондықтан да өзінің ғұлама ғалымдығының, берілгендігінің арқасында осының бәрін тауып, халықтың пайдасына жаратты. Мен ойлаймын, Марғұлан болмаса, біз Шоқанды тани алмай қалуымыз да мүмкін еді. Сонымен бірге, ол кісі қазақтың әдет-ғұрып этнографиясы жайлы докторлық диссертация жазды. Демек, қазақтың этнографиясының негізін салған Марғұлан десек қателеспейміз.

Ол кісіге дейін де, сол кісіден кейін де ерте замандағы қазақтың өмірінің, әдет-ғұрпының барлығы – ол ескілік делінген солақай саясат болды ғой. Феодализм сарқыншағы делінді. Тіпті, ойындар да бар ғой, мен осы күнге дейін ұмытпаймын. Мысалы, бала күнімізде “Ақсүйек” ойынын ойнатпады. Одан кейін “Көрші”, “Қыңқыбай”, сол сияқты ойындар болатын қазақта. Ауылда би болған жоқ қой. Мұғалімдер қуып жүріп бізді ұстап, ойнамаңдар, бұл феодалдық ойындар дейтін. Ал осылай деп жатқан жерде біздің барлық әдет-ғұрыптарымызды, қазақтың жақсы құндылықтарын, қазақтың кісіліктерін, сондағы сұлулықтарды, осының барлығын жазып кеткен адам – Марғұлан. Сондықтан да, қазір өткен өмірімізден бірдеңе білгіміз келетін болса, біз Марғұлан мұраларына ден қоюымыз керек. Мен тарихшымын дегендердің бәрі ол кісіні білулері керек. Себебі, бүкіл жердің жүзінде қазақ жөнінде қай жерде қандай мұрағат бар, оның нөмірі қандай – кезінде осының барлығын білетін жалғыз адам сол Марғұлан болған. Марғұлан Ленинградтың шығыстану институтын бітіріп, содан әрі қарай білімін өсірген адам ғой.

Мен ол кісімен бір жарым жылдай кездесіп жүрдім. 1971-1972 жылдары ол кісі күнде сағат екінің кезінде тамағын ішіп алып, Тереңкөлге беттеп бара жататынын көруші едім. Бір күні ол кісімен кездесіп қалып, екеуміздің әңгімеміз келісіп, содан ол кісі маған уақытың болса бірге жүрейік деді. Мен қуанып кеттім. Мен ол кісінің қасына еріп, екеуміз ылғи күнде-күнде бір-бір жарым сағат қыдырып қайтамыз. Ол кісі Төлебаев көшесінің төменгі жағында тұратын. Содан Төлебаев көшесімен жоғары көтеріліп, одан кейін Пионерлер сарайына дейін Абайды бойлай жүреміз. Оның арғы жағында Тереңкөл бар, екі-үш шақырым жер.

Сонда менің аңғарғаным – ол кісінің зейіні бар ғой, керемет! Мынау сол уақытында болған адамдардың атын, әкесінің атын түгел білетін. Тіпті, Омбыда оқыған кезінде сабақ берген мұғалімдердің аты-жөндерін мүдірмей айтатын. Сол сияқты, ертеде болған адамдарды, ашаршылық жағдайын, Әуезов жөнінде өте жақсы білетін. Соның бәрі менің жадымда қалды.

Алматыда Советқазы деген жігіт болды. Сол Марғұланды, мені, біртоп адамдарды қонаққа шақырды. Бір кеш бізге әңгіме айтты. Әсіресе, Баян сұлу туралы әңгімесі бәрімізді баурады. Ол кісінің айтуынша, Баян сұлу тіпті бірінші ғасырдан басталады екен. Содан кейін қазақтың даласында қандай ескерткіштер бар, олардың барлығын қарау керек, ғылымға енгізу керек деген ойларын айтты. Сонымен қатар, ол кісі Әуезовті өте сыйлайтын. Әуезов екеуі бір курста оқыпты негізі. Тіпті, бір қызға ғашық болған екен екеуі. Сонда айтады жалпы, Әуезов өте сақ адам еді дейді. Себебі, ол кісі талай қуғын-сүргінге ұшырады ғой. Соның зардабы ма, артық ауыз сөз айтпайды екен.

Пятаковтың заманында арақ ішпейтін заң болыпты. Содан кейін 27-ші жылы бюджетке ақша керек болып, қайтадан арақ шығып, соның атын Пятаковка депті. Соны Әуезов екеуі бірінші рет ішіп, Ленинградта Неваның бойында жүргендерін айтатын. Сонымен бірге, қазақтың өте қиыншылықтарын талай нәрселерін айтып берді ол кісі. Студент болып жүргенінде елге келеді екен ол кісі. Елге келгенде 32-ші жылғы аштық бар ғой, сол қазақты қиратып кетті дейді. Қазақтар талай бұрын болған нәрселердің барлығынан айрылды. Әл-Фарабидің кітаптары Семейдің кітапханасында ертеде болатын. Соны қараушы едік. Соның түгі қалмады деп қынжылыс білдірді. Көптеген кітаптар араб тілінде жазылған. Кейінгі қазақтар оны Құран деп қорқып, бәле салады екен. Сондықтан сол кітаптардың барлығын киізге орап, қазақтар көрге тыққан екен. Бірақ кейбіреулері алынған, кейбіреулері алынбаған, кейбіреулеріне су тиіп шіріп кеткен. Содан кейін 32-ші жылы әр жерде өліп жатқан қазақтарды көргенде жандары түршіккенін айтатын.

Ол кісінің маған жасаған қамқорлығы да аз емес. Мысалы, мені директорлыққа ұсынып, академияда бекітерде, кейін мүше-корреспондент, академик болғанда – соның барлығында ол кісі қатынасып, мен жөнінде өзінің ойларын ортаға салып, қолдау білдіріп еді. Жалпы, ол кісі жастарды сондай жақсы көріп, соларға шамасы келгенше көмегін көрсетіп тұратын адам болатын. Мен ол кісінің қызы Дәнелді де жақсы білемін. Ол мен институттың директоры болғанда біздің ұжымда істеді. Сол Дәнел Әлкейқызы бір үлкен азаматтық жасады. Әлкей Марғұлан ағамыз дүниеден кетіп қаламын деп ойламаған болуы керек. Ол кісінің көптеген еңбектерінің барлығы өз уақытында басылмай, барлығын жинап-теріп, басқа кісіні оншалықты соған араластырмайды. Сол 12 томдық кітабын былтыр шығарды. Марғұланның 12 томдық кітабы бұл қазаққа, қазақ дүниесін зерттеушіге, қазақтың тарихын, қазақтың әдет-ғұрпын, құндылықтарын, кісілігін білгісі келгенге үлкен байлық!

– Кейінгі толқын – бүгінгі жастар тани бермейтін бір тұлға – Ермахан Бекмаханов. Осы кісі жайында не білесіз?

– Біз бірінші курсқа студент болып түскен уақытта Кеңесбаев, Балақаев, Сауранбаев сынды профессорлар сабақ берді. Тарих факультетінде жалғыз профессор Бекмаханов болды. Экономикада, философияда бір профессор болған жоқ. Бір қазақ ғылым кандидаты болған жоқ. Ғылым докторы Бекмаханов қана болды.

Сол кездегі саясат бойынша Шәмілді, Кенесары Қасымұлын, сол сияқты, басқа жердің де сондай тұлғаларын ұлт-азаттық көтерілістің көсемдері деп мақтап, соғыстың кезінде тіпті Сталиннің өзінің “Сіздерді Александрдың рухы желеп-жебесін!” деген сөзі болған. Бірақ 1949 жылы кенеттен ұлтазаттық көтерілістің барлығын реакцияшыл деп жариялады. Тіпті, орыс халқы жөнінде бір ыңғайсыз сөз айтқандардың барлығын қате деді. Барлық жердің жүзіндегі жақсылықтың барлығын жасаған, барлығын ашқан орыстар деді. Тіпті, ғылымда да орыстар Дарвиннің, Пастердің, Степансонның алдын орап кетіптіміс. Әрине, мұның бәрі шындыққа жанаспайтын. Россияның осындай солақай саясаты болды.

Бекмаханов нақ осы кезде үлкен тарихшы ғалым Панкратованың жетекшілігімен бірінші үлкен еңбегін жазды. Кенесары көтерілісін ұлттық-азаттық көтеріліс деп жазған ғой. Мұның бәрін қате деп, ол кісіні қудалады ғой. Ол кісіні жалғыз қудаламай, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты, Мұхтар Әуезовті қудалады. Бірсыпыра тарихшылардың соңына түсті. Бекмахановты 25 жылға соттап жіберді. Оның барлығын біз ептеп біліп өстік.

Мен 1956-шы жылдан бастап Москвада аспирантурада оқыдым. 1957-ші жылы Москвада бір үлкен жиналыс болды. Қоғамдық ғылымдардың, кафедра бастықтарының, қоғамдық ғылым адамдарының барлығын шақырған. Қазақстаннан келген ғалымдар “Украина” қонақүйінде деп естідім. Аспирантпын ғой. Елді сағынып жүрген кезім. Сол елден келген адамдарды көрейін, амандасайын деп, өзім кітапханада болдым да одан шығып сағат 4-5-тің арасында «Украинаға» келе жаттым. Қонақүйге кіреберісте қасында біраз адам бар Бекмахановпен кездесіп қалдым. Мен ол кісіні танимын. Бірақ ол кісі мені танымайды. Содан кейін мен аспирантпын. Жап-жақсы киініп келіп, ана кісілерді көргеннен кейін иіліп сәлем бердім. Сол кезде Бекмаханов та, басқалары да маған қол беріп, амандасты. Содан Бекмаханов менен: “Сен кімсің?” – деп сұрады. Мен өзімнің аспирант екенімді, философиядан осында оқып жатқанымды, павлодарлық екенімді айттым. “Ой, сен менің інім екенсің ғой, – деді ол. – Онда мына топқа қосыл. Бірге боламыз.” Сөйтсем, ол кісі 55-ші жылы ақталғаннан кейін 40 баспа табақ “Присоедение Казахстана к России” деген кітап жазған екен. Сол кітабына 40 мың сом ақша алыпты. Ол заманда кітап аз шығатын. Бірақ кітапқа төлейтін қаламақы деген керемет еді. Үлкен кісі айтқан соң сөз бар ма, соларға ілестім. Үш бөлмелі люкс нөмірді жалдапты. Мейрамханаға тапсырыс беріп қойған екен. Келген кісілерге мені інім деп таныстырады. Інім деп таныстырғаннан кейін бәрі маған жылыұшырып, жылы амандасады. Соның ішінде Лениннің рөлін ойнаған Смернов деген кісі де болды. Көптеген қазақтың зиялылары, орыстың Москвадан да бірсыпыра тарихшылар сол жерде болды. Содан жақсы отырдық. Ол кезде мен арақты жөнді ішпеймін. Ептеп қана ішіп отырмын. Жұрт тарқайтын емес, түнгі үш болды. Содан сағат үштен кейін жұрт тарай бастады. Мен де қайтайын деп едім. Маған осында жүре тұр деді. Содан ол кісінің қасында қалдым. Жаңағы үш бөлмелі люкс. Сонда ол кісімен сөйлестім. Ол кісі маған сен менімен біткенше осында жүр деді. Сен аспирантсың, мында тамақ бар, бәрі көл-көсір. Сондай дарқан адам екен, ақшаны шашып жатыр. Содан өзі қалай сотталғанын, қандай арандатушылықтар жасалынғанын, қалай ана жақта болғанын, сол кісі маған сен жас жігітсің ғой деп жай әңгіме ретінде айтып берді.

Басына бұлт үйіріле бастағаннан кейін Москваға кеткен ғой. “Москва” қонақүйінен орын алады. Алматыдан келе жатқанда купеде бір жас жігіт болады. Ол өзін моңғолдағы қазақпын деп таныстырады. Өзі пысық жақсы жігіт екен. Содан асты-үстіне түсіп, шай құйып дегендей қызмет көрсетеді. “Менің кім екенімді сұрады. Мен қазақстандық профессормын, Бекмахановпын, дедім. – Сөйтсем, ол менімен арнайы бірге отырған, менің ойларымды білуге жіберілген КГБ-ның қызметкері екен. Мені соттаған уақытта қаралап сөйлегендердің бірі сол болды.”

Бекмахановпен Алматыға келгеннен кейін де кездесіп жүрдім. Бекмаханов тарихты өте терең білетін ғалым еді. Ол кісінің жүзеге асырсам деген ойлары көп болатын. Бірақ соған сол ойларының барлығына ол кісі жете алмады, қанша айтқанмен анау әлгі Сібірдегі айдауда болу деген оңай болмаған болуы керек. Ол кісі Алматыда қайтыс болды.

– Жоғарыда Салық Зиманов ағамызбен жақсы қарым-қатынаста болғаныңызды айттыңыз ғой. Ол кісіні біз де көрдік, дәрістерін тыңдадық. Бірде Парламентте үлкен конфереция ұйымдастырылып, негізгі баяндаманы сол кісі жасады. Сондағы баяндамасы сынға құрылған екен, конференцияны ұйымдастырып отырғандардың өздерін сынап жіберді ғой.

– Зиманов маған үлкен жақсылықтар жасады, шынын айтқанда. Қазақ халқының ғалымдарының ішіндегі, әсіресе, құқық ғылымын да, жалпы қоғамдық ғылымда да өресі өте биік ғалымның бірі осы Зиманов болды. Зиманов тек қана кереметтей білімді адам емес. Ол кісі үлкен принципті адам. Содан кейін өзінің ойын, көңілін кім тұрғанына қарамай ашық айтатын. Тура айтатын. Қазақ айтады ғой “тура сөйлеген туысына да жақпайды”, – деп тура айтатын. Содан кейін ғылымға шексіз берілген. Оның ішінде талантты жастар болатын болса, шамасы келгенше қолдайтын. Ол қайда туды, қай жерде жүрді, ондай нәрсе жоқ. Тек қана сенің талантың болса, саған барлық нәрсені ол кісі жасаушы еді.

Ол кісіні мен үлкен ағам деп есептедім. Қай уақытта менің мерейтойларымда ол кісі бірінші сөйлейтін. Содан кейін ол кітаптарында естеліктер жазыпты. Сонда мен жөнінде өте көп жазыпты. Сол кезде қазақ халқына деген көзқарас қиын еді ғой. Сонан кейін депутат болып жүргенімде көрдім. Ол кісіні халықтың көпшілігі, әсіресе, бастықтар түсіне бермейтін. Себебі, бұл кісі жүзің бар, бетің бар демейтін. Ойлаған сөзін қолма-қол айтатын тура да шешен еді. Ол кісі ағызып ұрып кететін. Тура айтқан кісіні кім жақсы көреді дейсің. Бірақ өзі өле өлгенше білгенін айтып кетті. Ойы тек қазақ халқына, қазақтың ғылымына, біліміне соған жақсылық жасау, шамасы келгенше, соған көмектесу болды. Осы принциппен дүниеден өтті ол.

– Аға, біраз уақытыңызды алдым. Сізге терең мазмұнды, тағылымды әңгімеңізге ризашылығымды білдіре отырып, елге, халыққа әлі де қызмет ете беріңіз дегім келеді. Бұл әңгімеміздің соңы болмас, Алла жазса, алда да тағы кездесерміз. Жоғарыда айтылған әңгімелердің түйіні болсын – жастарға баталы сөзіңізді айтсаңыз.

– Жақсы. Өзіңе де көп рахмет. Жастарға айтатын сөз көп қой. Соның ішінде мына жай ерекше маңызды деп ойлаймын. Президент өзінің Жолдауында “Мәңгілік Ел” болайық деген идея көтерді. Бұл идея көтерілген уақытта мен басында ойланып қалдым, жаңағы 30 елдің шамасында болайық дегеннің басқа бір көрінісі шығар деп. Ал, енді өзім қазір ойлап қарасам, бұл Мәңгілік Ел деген өте көкейкесті мәселе екен. Өте өзекті мәселе екен. Себебі, қай уақытта да әр елге, әсіресе, біз сияқты елдерге қауіп көп. Ішінен де, сыртынан да. Мынау Украина кеше шалқып отырған республика болатын. Аяқ астынан проблемалар туып, соның шырмауында қалды, Қырым кетті олардан, ол ғана емес, Украинаның облыстары дербес ел боламыз, Россияға қосыламыз немесе федерация боламыз деп даурығып жатыр. Көрдіңіз бе?! Сондықтан да, қазақ: “Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында” дейді. Біз қайткенде де озық елдердің қатарына қосылуымыз керек. Ол үлкен идея. Бірақ сол 30 елдің қатарына жету идеясы бұл біздің Мәңгілік Ел болу үшін, тұрақты ел болу үшін, көрінген бізге көзін алартпас үшін керек. Мәңгілік Ел деген арман ойды ол кісі айтып қалды. Мен қазір ойлаймын, Украина оқиғалары әлі басталмаған еді ғой ол кезде. Бірақ осы кісі бір кереметі – сезінді-ау деймін. Енді мен қазір түсініп отырмын, Мәңгілік Ел деген сөз – ол біздің мемлекетіміз. Біздің халқымыздың қазіргі жасап отырған елі. Бұл ел біреу. Тістегеннің аузында кетіп қалмау керек. Бұл ел орнықты ел болып қалуы керек. Көп замандарда бұл ел Қазақ елі болып, Қазақтың мемлекеті болып тұруы керек. Ол үшін әрбір қазақ құдайдың құтты күні ойлануы керек.

Патриоттық сезім керек. Әрине, біздің экономикамыз, ғылымымыз, барлығы жетеді. Біздің ұлан-ғайыр жеріміз бар: 5 Франция, 12 Англия сияды. Халқымыз әлі аз, небәрі 17 миллион ғана. Қарағандыға, Павлодарға, Семейге қарай кетіп бара жатқанда қарасаң, кең-байтақ жеріміз жатыр. Кереметтей құнарлы. Сол жерлерге көздері түспейді дейсің бе басқалардың? Біз мол байлықтың үстінде отырмыз. Ол байлыққа біреулер қызықпайды дейсің бе?! Сондықтан да әр уақытта біздің бірлігіміз керек, елді, жерді сүйген қуатты сезім керек. Әр уақытта әрбір қазақтың баласы елін қорғау мәселесіне дайын болуы керек. Сол уақытта ғана біз тәуелсіз елдің азаматы боламыз.

Әрбір қазақ тәуелсіз болам десе, алдымен патриот болуы керек. Елін, жерін қорғауға дайын болуы керек. Біз үшін ең қымбат құндылық – тәуелсіздік. Бұл – біз әрең дегенде, 260 жылдың ішінде жеткен арман. Ол баянды болуы керек. Міне, менің айтайын дегенім!

– Рахмет, аға!

Әңгімелескен

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp