«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТІНІШТЕРІ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

Өңірімізде жұмыс сапарымен жүрген Сенат және Мәжіліс депутаттары Ольга Перепечина, Абай Тасболатов, Кәрібай Мұсырман, Петр Шарапаев пен Сергей Звольский “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының ғимаратында азаматтарды қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады. 

Украинада жерленген Кеңес Одағының батыры Әбу Досмұхамбетовтің ұрпақтары аталарының сүйегін елге әкелу мәселесін көтерді. Бүгінгі таңда немерелерінің қолында Украинадағы мемлекеттік комиссияның батырды қайта жерлеуге рұқсат берген қағазы да бар. Тек еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Украинадағы елшілігіне бұл мәселеге қатысты нақты тапсырма беруі қажет. Осы шаруаны тындыруға көмек сұраған Сейілбек Бәшімовтің өтінішін қолдаған Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов бұл мәселені өз бақылауына алатынын айтты.

“Память” қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықов туған ауылы – Мамлют ауданындағы Бостандық ауылының ахуалын айтты.  Бір кездегі 120 үйдің орнында  бүгін 70 шаңырақ қана түтін түтетіп отыр. Ауыл тұрғындары бірлесіп, елді мекеннің іргесін сөкпеу мақсатында қолдан келер амалдарын жасауда. Ақсақал ауыл жерін пайдаланып отырған шаруа қожалықтары әлеуметтік жауапкершілікті сезінсе деген тілегін жеткізді. Халық қалаулылары ақсақалдың бұл тілегі орынды және аталған мәселе өңір басшылығының бақылауында екенін айтты.  
Осындай мәселені Қызылжар ауданының тұрғыны Қайырғали Асқаров та көтерді. Олар өткен жылдан бері “Ер-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен пайларын ала алмай жүр. 
“Риск” кәсіпкерлер одағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Игорь Бухонин салықтың көптігінен шағын кәсіпкерліктің тұралағанын жеткізді. Айтуынша, дүкеннің шағын немесе ірілігіне қарамастан алым көлемі барлығы үшін бірдей. Халық қалаулылары  көтерілген мәселеге қатысты нақты ұсыныстарын жазып жіберуді сұрады.  
Ал заңгер Ботагөз Баймағамбетова жол полициясындағы тіркеу-емтихан бөлімдерінің таратылуы салдарынан аудан тұрғындары қажетті анықтаманы алу үшін облыс орталығына келуге мәжбүр екенін айтты. Халық қалаулылары бұл мәселенің мән-жайын анықтайтын болып уағадаласты.

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp