Экономикада өнеркәсіп саласы айрықша орын алады. Біздің облыста 569 өнеркәсіп нысаны болса, онда 20 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі қаржылай қиындыққа қарамастан, соңғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласында 118 миллиард теңгенің өнімі шығарылған. Шағын және орта бизнес саласында да ілгерілеу бар. 1 қазандағы дерек бойынша өңірде 36,6 мың шағын және орта бизнес субъектісі мен 106 мың кәсіпкер тіркелген. Ал әрбір бесінші облыс тұрғыны шағын және орта бизнеспен айналысады.
Облыстың өнеркәсіп кешені машина жасау, темір жол, энергетикалық кешендер жабдықтары мен жеңіл және тамақ өнеркәсібі өнімдерін, жаңа құрылыс материалдарын өндіруге мамандандырылған. Ал жаңа өндіріс ошақтары мен жұмыс орындарын ашу, өнеркәсіп кешендерінің әрі қарай тиімді жұмыс істеуі әрқашан облыс әкімінің назарында екенін Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев айтып өтті.
– Қазіргі қиын жағдайға қарамастан, біз жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өнеркәсіпте 118 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім – 0,2 пайыз. Осыдан-ақ облысымызда жұмыс қарқынды жүзеге асырылып жатқанын аңғару қиын емес. Өңірде, әсіресе, машина жасау өнеркәсібіне ерекше басымдық берілген. Үстіміздегі жылы облыстағы машина жасау өнеркәсібі кешендері 18 миллиард теңгенің өнімін сатты. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 12 пайызға жоғары, – дей келе Мұхтар Манкеев өңірдегі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына кеңінен тоқталды.
Индустрияландыру картасының бірінші бесжылдығында облыста 32 жоба іске асырылған. Сондай-ақ, жаңадан 21 ауылшаруашылық объектісі салынса, 11 кәсіпорын қайта жаңартудан өткізілген. Осының негізінде бір жарым мың жұмыс орны ашылған. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, Индустрияландыру картасы бойынша соңғы тоғыз айда 16 миллиард теңгенің өнімі шығарылды.
Аталмыш бағдарламаның екінші бесжылдығында 60-тан астам жобаны іске асыру көзделуде. Индустрияландыру картасы бойынша биыл іске қосылған “ҚАЗТЕХМАШ” машина жасау зауыты мен “Ростан” компаниясының да әлеуетін облыс әкімінің орынбасары ерекше атап өтті. Экспорттық әлеуеті мықты “Ростан” компаниясы бүгінгі таңда Владивосток қаласына 20 мың тонна ірімшік өнімдерін экспорттаған. Әрине, бұл жақсы көрсеткіш. Сондықтан жыл соңына дейін тағы осындай 4 жоба жүзеге асырылатыны туралы брифинг барысында айтылды. Баяндамашы өз сөзінде облыстағы индустрия, кәсіпкерлік, туризм салаларының дамуы мен алға қойған жоспарлар туралы кеңінен айтып берді. Жыл басынан бері біздің облыс жиырма шақты шетелдік компаниямен байланыс орнатып, келіссөздер жүргізген. Қазіргі таңда инвестициялық 14 жобаны жүзеге асыру үшін нақты жұмыс қолға алынды. Жобалардың инвестициялық портфелі 150 миллиард теңгені құрайды.
Брифингте шағын және орта бизнес саласы туралы да жан-жақты мағлұмат берілді. Өңірде шағын және орта бизнес саласында 36,6 мың кәсіпкерлік субъектісі бар. Елді мекендерде шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 24 пайызды құрайды. Сәйкесінше 13 пайызы – өнеркәсіпке, 7 пайызы – құрылысқа, 16 пайызы – өзге қызмет түрлеріне тиесілі. ШОБ өкілдерін қолдау мақсатында 70-тен астам көмек түрі көрсетіледі. Биылғы жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Әсіресе, соңғы уақытта әйелдер бизнесі ерекше қарқын ала түскен. Осы бағдарламаның аясында 2600 жұмыс орны сақталып, бюджетке 2,5 миллиард теңге салық түскен. Ал өңірде 4500 сауда объектісі тіркелген. Сонымен қатар, 34 базар жұмыс істейді. Мұхтар Манкеевтің айтуынша, соңғы тоғыз айда бөлшек сауда 112 миллиард теңгені құраған. Өңірде туризм кластерін дамытуға қатысты да бірқатар келелі пікірлер айтылды. Қазіргі таңда Петропавл қаласында 4 қонақ-үй кешені салынуда. Сонымен қатар, “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне қатысушы Омбы, Түмен, Қорған облыстарының туристері үшін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша туристік бағыт жұмыс істейтін болады.
Баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов та сөз алып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында атқарылып жатқан жұмысқа тоқталса, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Евгений Глотов өңірдегі туризмнің дамуына қатысты пікір білдірді.
Ал отырыс соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын қойды. 2016 жылы облысымызда қандай ірі индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асырылатыны туралы облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев жауап берді. Оның айтуынша, келесі жылы 16 жоба жүзеге асырылады. Ал тоқтап тұрған өндіріс орындарын іске қосу немесе толық қуатында жұмыс істемейтін кәсіпорындарды дамыту бойынша қандай шаралар жүзеге асырылып жатқандығы туралы сауалға ол біздің өңірде 41 өндіріс ошағы жұмыс істемей тұрғанын хабарлады. Бірақ тоқтап тұрған өндіріс ошақтарымен жан-жақты келіссөздер жүргізіліп, оларды іске қосу мақсатында нақты жұмыс атқарылып жатқандығын жеткізді. Көбісі банктің кепілдігіне қойылғандықтан, сол банктермен де байланыс орнатылып жатқандығы айтылды. Кәсіпорындарды қайта жаңарту мақсатында 11 кәсіпорын қайта іске қосылып, бірнеше жұмыс орны ашылған.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.