Абай оқуларының қалалық және облыстық кезеңдерінде жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары бақ сынаған сайыста қазақ мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Саян Ермек жеңімпаз атанып, сайыстың республикалық кезеңіне жолдаманы ұтып алғанды. Жуырда жеңімпазбен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Саян, осындай ауқымды сайысқа қатысып, жеңімпаз атану қандай әсер қалдырды?
– Абай – қазақтың бас ақыны. Әрі Абай атамыздың қара сөздерін мәнерлеп оқу да оңай емес. Сондықтан бас ақынға арналған оқуларда жеңімпаз атану – мен үшін үлкен мақтаныш. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, жастар арасында Абай шығармаларын насихаттау арқылы өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйрену ықыласын арттыру мақсатында өткен шарада қаланың, облыс аудандарының мектептерінен келген 80-ге жуық жас дарынмен сайысу оңайға түскен жоқ. Сондықтан болар, бұл сайыс маған ерекше әсер қалдырғаны рас.
– Хакім Абайдың жырларын жатқа оқитын, әндерін әуелете шырқайтын өнерлі жастардың арасында жеңіске жетуіңе кім көмектесті?
– Әрине, маңызды сайысқа тек бір өзің дайындалу мүмкін емес. Жеңімпаз атанбақ түгіл, үздіктер қатарынан көріну үшін де ақыл мен кеңесін беретін ұстазың болуы қажет. Осы орайда мені жеңіске жетелеген ұстаздарымды атап өтсем, олар: Айгүл Есенғалиева, Жарқын Жұпархан, Гүлім Байтенова. Бұл ұстаздардың еңбегі зор. Сол үшін айтар алғысым да шексіз.
– Облыстық кезеңді артқа тастап, жеңімпаз атанған соң, республикалық кезеңге жол тартасың. Осы жайлы айта кетсең?
– Иә, облыстық кезеңде жеңіске жеткен оқушы республикалық кезеңге қатысады. Сайыс осы жылдың қыркүйегінде, ұлы ақынның туған жері – Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласында өтеді. Бұл кезеңде Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды деген оқушылар жиналып, бас жүлдені сарапқа салады. Екі кезеңде кездескен сынақтардың бәрінен сүрінбей өттім. Енді бұл жеткен жетістігіммен тоқтап қалмай, ұлы тұлғаның басқа өлеңдерін жаттауға кірісемін. Жеңісім жеңіске ұласып, республикалық кезеңнен де бас жүлдемен ораламын деген үміттемін.
– Қалалық және облыстық кезеңдердің өткізілу деңгейі туралы не айтасың?
– Бұл байқаудың мақсаты Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне деген ықылас-ынтаны жандандыру, қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыру, отансүйгіштік сезімді арттыру болып табылады. Сондықтан мұндай мәдени шара жоғары деңгейде ұйымдастырылмауы мүмкін емес еді. Сайыс көңілімізден шықты. Абай оқулары қаламыздың материалдық-техникалық базасы, оқу бағдарламасы мықты деген екі гимназиямызда, атап айтқанда, қалалық кезеңі – қалалық классикалық гимназияда өтсе, облыстық кезеңі қазақ мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. Сайыс маған өте ұнады. Осындай маңызды іс-шаралар көбірек өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Әңгімелескен Саят ЕРМЕК,
Қазақ мектеп-гимназиясының “Болашақ журналистер” клубының мүшесі.
Петропавл қаласы.