Адам өмірі ашылмаған арал сияқты болады екен. Жас күнімізде мән бермейтін, қаперімізге алмайтын жағдайлар есейгенде есіңе түсіп, кейде ойға қаласың. Өмір сонысымен де қызықты сияқты.
“Біз де бала болғанбыз” демекші, бүгінде жетпістің желкені керіліп, біртіндеп балалықтан, жастықтан алыстап кеттік. Құлын-тайдай тебіскен бала күнгі дос-жарандардың қатары сиреп, айналаң сидаң тартқан шақта бозбала шағыңда табысқан досыңның қадір-құрметі одан сайын арта түседі. Міне, менің де осындай досым бар. Оның аты-жөні – Қайрат Шаймерденұлы Есқожин.
Біз бір-бірімізбен елу бес жылдай уақыттан бері жұп жазбай келеді екенбіз.
Достықтың бастауы тым әріде, тамыры тереңде. Мен Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылында тусам, Қайрат досымның кіндік қаны тамған жері – Айыртау ауданының Дәуқара ауылы. Екеуміз қазіргі Есіл ауданындағы Николаевка орта мектебінде оқып жүргенде табыстық, бір жылдың, тіпті, бір айдың түлегі екенбіз. Ол 1945 жылдың қазан айының жетінші жұлдызында өмір есігін ашса, мен де осы айдың жиырма бесі күні дүниеге келіппін.
Біздің туған жылымыздың өзі айғақтап тұрғанындай, бұл уақыт елдің ерқашты болған жылқыдай әбден жадап-жүдеген кезі ғой. Ғаламды жалмаған зұлмат соғыстың соңғы оғы атылып, Жеңіске елдің қолы жеткеніне небәрі бес айдың ғана жүзі болған. Соғыс зардабы жұтатқан ел-жұрттың көңілкүйі орныққанымен, күйзелістен арыла қоймаған кезде біз өмірге келіппіз.
Ол оқуға өте алғыр, зерек, танымы мол, соған орай ұмтылысы зор болды. Оқуға зейіні, білімге құштарлығы біздер, қатар құрдастары түгіл, мұғалімдерімізді сүйсіндіретін. Барлық пәндерге жүйрік болғандықтан, қамшы салдырмайтын тұлпардай сар желіп отырушы еді. Әсіресе, әдеби шығармаларды көп оқитын. Сондықтан, шығарма жазғанда көштің алдын бермейтін. Диктант жазғанда қателесіп көрмеді десем, артық айтқаным болмас. Сонымен бірге, сурет салуға бейімі болған соң қылқаламға да үйір еді. Бір сөзбен түйіндегенде, нағыз “сегіз қырлы, бір сырлының” өзі болды.
Тәңір мен табиғат бойына осындай дарын дарытқан адамның тоқырап, тоқтап қалуы мүмкін емес қой. Айталық, жерді жарып шығып, аққан бұлақ түбінде үлкен дарияға ұласып, ақыры, теңізге құймай қоя ма? Міне, менің Қайрат досым да есейген сайын еселей өсіп, қызметі де сол дарынына сай өрлей түсті. Екеуіміз партия мектебінде де қатар оқып, білім көкжиегін кеңейттік.
Еңбек жолын Шал ақын аудандық комсомол комитетінде жауапты қызметтен бастаған Қайрат Шаймерденұлы еңбекқорлығымен, білімдарлығымен аға қызметкерлердің, әсіресе, аудан басшыларының көзіне түсіп, бар болғаны жиырма бес жасында – 1970 жылы жаңадан шаңырақ көтерген Жамбыл аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып орналасты. Кешікпей осы ұйымдастыру бөлімінің басшылығын қолға алып, жастығына қарамай, партияның нұсқаушылық шешімдерін бұлжытпай орындайтын, ауданның саяси-әлеуметтік, экономикалық міндеттерін оңтайлы жүзеге асыруға қабілеті анық жететін қызметкер екендігін сөзімен емес, ісімен айғақтады.
1981 жылы қырық жасқа толар-толмаста ол Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушылық қызметке алынып, енді досым өңіріміздің басшы кадрларын таңдау, орналастыру, ішкі партиялық жұмыстарды ұйымдастыру міндетін адал да абыройлы атқарды.
Мен осы уақытта Соколов аудандық атқару комитетінің төрағасы едім. Қайрат досымның тілеуін тілеп, әр қадамына, аяқ алысына риза болатынмын. Оның адамгершілік қасиеттерін жіпке тізгендей айта берсем, мына мақалам кең көсілген жайлаудай болар еді. Жасыратын несі бар, кейбір азаматтарды көзіміз көрді ғой, бірде алай, бірде былай шауып, тындырғаны шамалы болса да, ісінен сөзі зор, тілі майда, сонысымен басшылардың көзіне түскіш, шынайы еңбекқор адамның алдын орағыш келеді. Өзінікін де, өзгенікін де өзіне теліп алады. Қайрат ондайлардың қатарынан емес. Біреуді ғайбаттап, сыртынан сөз жүгірткенін естіген де, білген де жоқпын. Бірақ айтарын анық айтатын, ешкімнен қаймықпайтын турашылдығын да ел-жұрт жақсы біледі. Сондықтан оны сыйлайды да.
Досы ретінде айтсам, осындай адалдығынан, сенгіштігінен опық жеген кездері де болды. Оны да өзіне тән адалдықпен, бойына біткен төзімділікпен көтере білді. Ол еш уақытта қызметтің тізгініне таласып, өзгенің шаужайына жармасқан емес. Абай айтқандай, “Өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылмады”. Міне, мен оны осы қасиеті үшін сыйладым, сыйлап келемін де. Оның ағаларды шын жүрегімен ардақтап, өзінен кіші інілерінің еркелігіне қабақ шытпай, емен-жарқын мінезімен баурайтын бауырмалдығын білемін. Көптеген інілері оның осы қасиетін сүйсіне айтқанда менің де төбем көкке жеткендей риза боламын.
Ол 1987 жылы Возвышен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне орналасты. Бұл қызметте де ол абырой биігінде болды.
Екеуіміздің жолымыз үнемі қатар тартылып, біріміздің қуанышымызға біріміз ортақ болып жүрдік. Мен – Соколовкада, ол – Возвышенкада қызметтеміз. Үй-орамымыз да осындай жылы, мейірлі қарым-қатынаста, жарасымды, шынайы тілеулес күндер кештік. Менің зайыбым Сәуле мен Қайраттың жан жары Гүлмәзия дәм-тұзы ортақ, екі шаңырақтың түтінін бірге ұшырғандай сыйлас әрі сырлас. Балалар да екі үйдің тел еркелері. Қайраттың Гүлмәзияны сыйлайтыны сондай, ел-жұрт екеуін үлгі етеді. Бір-біріне мектептен ғашық болып, қосылған. Оларды Қызылжардың көшелерінде демалыс күндері жиі көретін бір ақын інісі: “Ромео мен Джульетта!” – дейді екен. Айтса, айтқандай-ақ!
Қайрекең еліміз егемендік алып, өз алдына шаңырақ көтерген шақта да нағыз қайратын көрсете білді. Бұрынғы іргесі берік шаруашылықтар шатқаяқтап, шаңырағы шайқалды. Осындай қиын күндерде қарақан басының қамын күйттеп, ел-жұрттан іргесін аулақ салғандар болды ғой. Ал Қайрат болса 1991-1994 жылдары Шал ақын ауданындағы “Еңбек” кеңшарының тізгінін қолға алды. Марқұм ақын Кәкімбек Салықов осы “Еңбектің” тумасы еді ғой. Қайраттың қажыры мен ерлігіне сүйсінуші еді.
Қайрат досым бұдан кейін де қол қусырып отырмады. “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” акционерлік қоғамының облыстық өкілдігі директорының орынбасары қызметін атқарды. Облыстағы аграрлық партия басшысының орынбасары болды. Баяғыдай адалдығынан жаңылмады. Қандай қызмет атқарса да, биік өресін танытты, адамгершілік тұлғасына дақ түсірмеді.
Оның өмір жолы өзінің ұрпағына ғана емес, былайғы ел-жұртқа да үлкен өнеге, жақсы тағылым десем, артық айтқаным емес.
Досым жетпіс жасқа келіп отыр. Байсалды, баянды күйі. Бақытты ғұмыр. Өзінің жаңағы ақын інісі тауып айтқан Джульеттасымен бірге балалық махаббатының бал дәмін татып, балаларының, немерелерінің панасы, данасы болып, еліміздің ордасы – Астанада ғұмыр кешуде.
Құдайберген ҚАЛИЕВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.