«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМ ҰРПАҒЫМЕН КӨРІКТІ

Мамлют ауданындағы Бексейіт ауылы – Қызылжар өңірінде өркен жайып келе жатқан елді мекендердің бірі. Оған егіншілікпен бірге мал шаруашылығын да қатар дамытып, жергілікті тұрғындарды, әсіресе, жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, әлеуметтік салалардың дамуына барынша көңіл бөлетін “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің қосып жатқан үлесі ерекше. Екі қолға жұмыс табылып, еңбек ететіндері ай сайын еңбекақысын алып жатқандықтан, ауылдың іргесі шетінемей, өсе түсуде. Әйтеуір, Бексейіт батырдан тараған ұрпақтар жыл сайын үйіне үй қосылып жатқан ауылымен бірге қанат жаюда. Бірнеше жылдан бері сондай оң үрдістің куәсі болып келемін.

Осы ауылда мүмкіндігіне қарай жиі болып жүрсем де, Бикамал әжеймен танысудың, аға-жеңгемнің үйімен көршілес тоқсандағы көне көз қариямен әңгімелесудің реті келмепті. Соның сәті соңғы жолы түсті.

Бикамал Жақыпқызы осы Бексейіт ауылының тумасы екен. Сұрапыл соғыс басталған кезде 15 жасар қыз елдегі майданға аттанған азаматтардың орнын басқандардың бірі болыпты. Ауылдағы жұмысқа жарамды адамдармен қатар ұжымшардың қысы-жазы біте қоймайтын еңбегіне жұрт қатарлы араласқан көрінеді. Оған үйдегі бас көтерер екі ағасы – Байбол мен Аманжолдың соғысқа кеткендігі де әсер еткендей. Оның үстіне өзінен кейінгі бауыры – Кенжебай әлі тым жас болатын. Сөйтіп, ұжымшардың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қаршадай қыз көптен күткен Жеңіс күнін ауылдастарымен бірге қарсы алып, тыл еңбеккері атаныпты.

– Майданға аттанған қос бауырым аман-есен келсе екен деген ниетпен ұжымшар басқармасы жұмсаған жұмыстан шет қалғаным жоқ. Қолымнан келгенінше еңбек еттім. Алла тағаланың жазуы сол шығар, екі ағам соғыстан оралмады. Ендігі тілегім – артымдағы жалғыз інім Кенжебайды жеткізу, үй қылып шығару болатын, – дейді сол күндерден суыртпақтап сыр шерткен Бикамал әжей.

Тоқсандағы қарияның айтуына қарағанда, 1945 жылы ауылдасы Сейдахмет Құсайынұлымен отау құрып, 40 жыл бірге тату-тәтті өмір сүріпті. Бойға біткен жалғыз қыздары Айманды, қазақша айтқанда, “ұлдай қылып өсірген”. Ол да ауылдасы Жеңіс Кенжетайұлымен қол ұстасып, бүгіндері туған жердің сыйлы ерлі-зайыптылары, ата-әжесі атанып отыр.

– Бар үмітім артымдағы жалғыз бауырым Кенжебай еді. Ол Свердловскідегі өртсөндірушілер училищесін бітіріп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасты, үйлі-баранды болды. Өрісім кеңейгендей еді. Алайда, капитан шеніндегі Кенжебайым 1966 жылы Қызылорда қаласында өрт сөндіру кезінде қайғылы қазаға ұшырады. Сөйтіп, жалғыз інімнен бейбіт күнде айрылып қалдым. Соның өкініші өзегімді әлі күнге дейін өртейді. Ендігі бар үмітім – Айман мен Жеңістен туған балаларда. Оларды жиен демеймін. Туған немерелерімдей көремін, – дейді өмірдің ащысы мен тұщысын бір кісідей татқан көне көз қария.

Ауылда сауыншы, аспаз болып, зейнеткерлікке шыққанша бір тыным таппаған Бикамал әжей жиені Ерболды бауырына басып, өз қолымен үйлендіріпті. Келіні Құралай 23 жылдан бері осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығуда. Ерболы “Мәмбетов және К” КС-де механизатор болып еңбек етеді, келіні – ауылдық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Бірінші шөбересі Мерей аталмыш серіктестікте автомеханик, одан кейінгі Мерекесі Ақтау қаласында теңіз шекарашысы болып азаматтық борышын өтеуде. Үлкен жиені Тоты отбасымен, Құдай қосқан қосағы Аманмен бірге елордамыз – Астанада тұрады. Сондағы колледждердің бірінде кафедра меңгерушісі болып, жемісті еңбек етіп жүр.

– Биылғы жыл біздің отбасымыз үшін қуанышты күндермен еселенгелі тұр. Өзім тоқсанға келсем, үшінші шөберем Жайна бір мүшел жасқа толды. Жазда тапсырған сынақтан мүдірмей өтіп, облыс орталығындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сыныбына қабылданды. Кенже шөберем Ерназар 1-сыныпқа барды. Мен үшін осының бәрі – қуаныш. Бәрінен бұрын туғаннан бауырыма басқан, алыстағы Ақтауда жүріп, биыл күзде елге оралған Мерекеммен аман-есен қауыштым. Ауылдан жырақ, сонау батыста жүргендіктен бе, қаршадайынан қолымда өскен Мерекемді асыға, сағына күттім. Менің тілегім – жалғыз қызым Айманнан тараған ұрпақтардың амандығын көру, елімнің тыныштығына, жақсылығына куә болу, – дейді ынтымағы жарасқан, еңбегі қызу қайнаған ауылдың ең көне көз қариясы Бикамал әжей.

Нұрсайын ШӘРІП,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp