«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТАРДЫҢ ЖҮГІНУ ТӘРТІБІ

Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда прокуратура органдарына жүгінушілер саны әлдеқайда артқан. Атап айтар болсақ, 2015 жылдың он бір айында облыс прокуратурасына 11 мыңнан астам жеке тұлға жүгінген, ал көмек сұраған заңды тұлғалардан мыңнан артық өтініш түскен. Шағымдардың көбі анықтау және тергеу органдарының әрекетсіздігі, азаматтық, әкімшілік істер бойынша сот актілері, атқарушылық іс жүргізу, сондай-ақ, еңбек, жер, басқа да заңнамалар бойынша түсіп жатады. Хат түрінде келген арыздардың денінде өтініш иесі өзінің байланыс мекен-жайын анық көрсетпейді, кей жағдайларда мекеменің немесе тұлғаға қатысты ақпаратты, сондай-ақ, не үшін шағымданғанын ашып жазбайды. Мұндай толық емес арызшағымдар тәжірибеде жиі кездеседі. Арыз иесі өз шағымын растайтын құжаттарды қоса бермегендіктен, шындықты және нақты жағдайды анықтау қиынға түседі. Тәртіп бойынша арыз заң бұзушылыққа жол берген тұлға тұратын немесе кәсіпорын, ұйым орналасқан ауданның прокурорының атына жазылады. Пошта арқылы да, соның ішінде электронды түрде немесе прокурордың жеке қабылдауында, басқа да байланыстар арқылы айыптаушы органның кеңсесіне жіберуге болады. Хатқа шағымданушы өз қолын қояды не болмаса электронды санды қолтаңбамен куәландырады. Егер ол еліміздің заңнамалық талаптарында қарастырылған тәртіппен толтырылса, жеке немесе заңды өкілдер арқылы жіберілген шағымдар да қабылданады.

Тәжірибе көрсеткеніндей, азаматтар шағымдарын бұл мәселені шешу құзырына жатпайтын жоғары тұрған органдарға арызданып, уақыт оздырып, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Бұдан кейін шағымды сәйкесінше органдарға жіберу қосымша уақыт пен материалдық шығынды талап етеді. Мысалы, облыстық прокуратура 1500-ден астам арызды басқа мемлекеттік мекемелерге жолдады. Түскен шағымдарды шешудің тәртібін жеңілдету үшін www.115.kz қосымша порталы арқылы “Электронды шағымдарды қабылдау” сервисі жұмыс істейді. Аталмыш сервис еліміздің азаматтарының өз өтініштерін прокуратураға электронды сандық қолтаңбаны қолдану арқылы электронды форматта онлайн режімінде ұсынуға арналған. Шағымданушыға жауап аталмыш порталға түседі, оған осылайша өтінішін көрудің және жауап алудың мәртебесі беріледі. Прокуратура органдарында онлайн режімінде бейнеконференция көмегімен азаматтарды және заңды тұлға өкілдерін қабылдаудың мүмкіндігі туды. Осылайша азаматтар тұрғылықты жерінде отырып-ақ прокуратура басшыларына өз мәселесін айта алады. Нәтижесінде олар қаржыны ғана емес, уақытты да үнемдейді. Жауапкершілікті сезіне отырып, біз азаматтардың хаттарымен, өтініш-арыздарымен жұмысты жетілдіруді көздейміз. Осыған орай прокуратура органдары күн сайын азаматтарды қабылдайды. Жұмыс күнінде бірнеше мәрте ашылып қаралатын хаттарға арналған арнайы жәшіктер бар. Ал алынған хаттар сол күні тіркеліп, қарауға беріледі. Сонымен қатар, бізде “Сенім телефоны” жұмыс істейді.  

Облыстық прокуратураның басшыларының жеке қабылдауына жазылу, сондай-ақ, шағымдарды қарау және оны ұсынуға қатысты мәселелер бойынша 36-65-17 телефонына хабарласып, білуге болады.

Асқар ЖҮНІСОВ,

облыс прокурорының аға көмекшісінің міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp