«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫМ

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың “Үш бақытым” деген өлеңі бар. Қазақ әдебиетінен хабары барлар бұл өлеңді жақсы біледі. Адамды ұлт ретінде бақытты ететін үш құндылық – халық, тіл, Отан туралы өте жақсы жырлаған.

“Ең бірінші бақытым – халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,

Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің”, – деген өлең жолдарын тебіреніссіз оқу мүмкін емес. Бүгінгі таңда Қазақстанда бір-ақ халық болса, ол – сіз бен біз. Ендеше бір шаңырақ астында түтін түтетіп жатқан халық Отанымызды жүрегіміздегі отымызбен сүйіп, қорғауымыз қажет.

Мәселен, біз – күрд деген ұлттың Қазақстанда өмір сүріп жатқан диаспорасымыз. Осы елде өсіп-өніп жатсақ та, өзіміздің тілімізді, ділімізді, салт-дәстүрімізді сақтауға міндеттіміз. Осы орайда Қазақстан күрдтерінің басын біріктіріп, олардың мәдени-рухани әлеуметтік өмірін түрлендіріп, әртүрлі әлеуметтік мәселелерді шешіп, ел халқының бірлігіне бейжай қарамайтын Қазақстандағы “Барбанг” күрдтер қауымдастығын атауға болар еді. Күрд тіліндегі “Барбанг” сөзі қазақ тілінде “Шығыс” деген мағынаны білдіреді. Ал өңірімізде дәл осындай атаумен ашылған күрдтер қоғамдық бірлестігі қандастарымыздың басын қосып, келер ұрпаққа өз ұлтымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін, тілі мен ділін аманат ету мақсатында жұмыс істеуде.

Облыс аумағында екі жүзден астам күрд өмір сүреді. Олар, негізінен, Қызылжар ауданына қарасты ауылдарда тұрады. Күрдтердің дені ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Біразы денсаулық сақтау, білім беру салаларында еңбек етеді. Өз ісін ашқан жеке кәсіпкерлер де бар. Олардың өңірімізде бар екендігін, осындай салаларда еңбек етіп жатқандығын қоғамдық бірлестігімізді құрған кезде білдім. Бұрын облысымызда күрдтер аз шығар деп ойлайтынмын. Қазіргі таңда қоғамдық бірлестіктің ашылғанын естігендер келіп, мүше болып, белсенділік танытуда. Егер өткен жылы қоғамдық бірлестігіміздің жұмысын ұйымдастыру жайын ойласақ, биыл бірқатар жоспарлар құрып отырмыз. Соның бірі – күрд тілінен қазақ және орыс тілдеріне аударылған тілашар кітабын құрастыру. Бұл біз үшін өте маңызды. Себебі, кейбір күрд жастары ана тілін білмейді. Сондай-ақ, қазақ тілін де үйренулері керек. Менің ата-анам Оңтүстік Қазақстан облысында туып, сол жерде өскендіктен, қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Жұмыс барысымен Солтүстік Қазақстан облысына қоныстанып, үш баласы осы жерде дүниеге келді. Біз орыс тілінде білім алсақ та, қазақ тілін білеміз. Себебі, үйде ата-анам балаларымен үш тілде сөйлеседі. Осы арқылы күрд, қазақ, орыс тілдерін білуімізді қатаң бақылап отырды. Әсіресе, қазақ тілін білуге міндетті едік. Бұл – біздің азаматтық парызымыз. Кейде маған: “Сен күрд тілін білесің. Яғни, саған қазақ тілін үйрену оңай”, – деп айтады. Күрд пен қазақ тілдері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бірі – парсы, екіншісі түркітілдес топтарға жатады. Мен қазақ тілін ата-анамның арқасында және өзімнің қалауыммен үйрендім. Жалпы ниет танытқан өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді жетік меңгеріп алды ғой. Ал 24 жыл бойы “Қазақ тілін үйрену қиын” деп жүргендердің қылығына күйінемін. Бұл – еріншектің сөзі. Ал ұлттық салт-дәстүрге келсек, еліміздегі күрдтер мен қазақтарда көп ұқсастық бар. Мүмкін, көп жылдар қатар өмір сүрген соң салт-дәстүрлері де бір-біріне ұқсас болып кеткен шығар? Мәселен, қазақтардың “Қыз ұзатуы” қалай болса, бізде де дәл солай.

Қазіргі таңда мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқимын. Қоғамдық жұмысқа белсене араласып, қазақ тілін білгендіктен, көптеген шаралардың жүргізушісі болып сахнаға шығып жүрмін. Әсіресе, қазақтар мемлекеттік тілді білетінімді естіген кезде қолдап, қолпаштайды. Бұл еліміздегі этносаралық бірліктің тамаша үлгісі екені сөзсіз. Осы күнге дейін өзге этнос өкілі екенімді айтып, кеудемнен итерген жан болған емес. Бұл – бақыт. Мен шынымен де туған жерімде жүрмін. Кіндік қаным тамған жер Қазақстан болғандықтан, басқа елге кетпеймін. Біз отбасымызбен болашағымызды тек Қазақстанмен байланыстырамыз деп шештік. “Бұлбұл гүлзарын сүйеді, адал адам Отанын сүйеді” деген қазақ мақалы бар. Отанымызды шексіз сүйіп, адал болу – азаматтық парызым.

Назим НАДИРОВ,

М.Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің студенті.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp