«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азамат атына лайық еді

Бәйміш Базарбайұлымен таныстығым өткен ғасырдың орта кезінде басталған болатын. Октябрь аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы қызметтерін атқарған інісі Ақжанды жақсы білуші едім. Мен ол кезде Ольгинка ауылында орналасқан Ворошилов машина-трактор станциясында бас агрономмын. Оған қоса осындағы бастауыш комсомол ұйымына жетекшілік етемін. Сол жылдары Бәкеңмен етене араластым.

Ағалы-інідей сыйластығымыз Сергеев аупарткомына бірінші хатшы болып келгеннен кейін одан әрі жалғасты. Жақын білісе, сырласа келе Бәкең мен ойлағаннан да терең, көшелі, зиялы азамат болып шықты. Кішіпейіл, ақжарқын, қонақжай қасиеттерімен кім-кімді болсын тәнті ететін, баурап алатын. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында Ақжан аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүргенде ыңғайсыз жағдайға душар болып, комсомол жұмысынан босатылды. Новопокровка ауылындағы кеңшарға бас агроном етіп жіберілді. Оның орнына Борис Коршенко деген жігіт келіп, ол да көп тұрақтамады. Бір жылдан соң қызметтен шеттетіліп, оның орнын Серік Мусин деген азамат басты. Комсомол комитеті мен ауыл шаруашылығы басқармасы бір мекемеде орналасып, Бәкең соңғысында жұмыс істейтін.

Бірде мынандай қызық жайт болды. Серікті жаңа қызметімен құттықтауға келген Бәкең амандық-саулықтан кейін бірден “Мына кресло сенің алдыңдағы басшыларға құтсыз болды. Екеуі де жұмыстарынан алынды. Мен саған өз кресломды сыйлайын. Мынаны алып кетейін”, – деп әй-шайға қарамастан бастырмалата жөнеледі. Сөйтіп, сөзін өткізіп тынады. Мұның өзі ырымшылдықтан гөрі жаңа қызметке келген жас басшыға деген құрметін, ағалық ілтипатын, пәле-жаладан қорғай жүрейін деген шын жанашырлығын, шынайы қамқорлығын көрсетсе керек.

Бәкең көрші-қолаңмен де тонның ішкі бауындай араласты. Жол құрылысының басшысы Әупіжан Әубәкіровпен, сауда кооперациясының төрағасы Қапез Келдеғұловпен араларынан қыл өтпейтін өте сыйлас болды. Үш үй бір-бірінсіз шай ішпейтін. Осындай бауырмалдылықтың бүгіндері азайып бара жатқаны қабырғаға батады.

Ол көп жылдар бойы мал асылдандыру басқармасына жетекшілік етті. Ұжымға өте беделді, абыройлы болды. Кез келген іске белсене кіріссе, шешімін тапқанша тыным таппайтын. Бірде мал ұрығын сақтайтын азот тапшы болып қалады. Сұрастыра келгенде ол аудан түгіл облыста қат екен. Мекемеге қажетті саймандарды басқа елдерден тауып әкеліп, бір жылдың ішінде Сергеевкада азот-оттегі шығаратын зауыт салдыртады. Сөйтіп, өңірмен қоса көршілес облыстарды қамтамасыз ететін дәрежеге жетеді. Кеңес одағы тарағаннан кейін сол кәсіпорын да талан-таражға ұшырады. Мал асылдандыру жұмыстары қазір жоқтың қасы.

Асыл ағамыздың елге, әсіресе, жастарға деген қамқорлығы, тәлім-тәрбиесі жайлы айтар әңгіме таусылмайды. Оны “менде өкпе жоқ, бәрі бауыр” деушілердің қатарына ойланбай-ақ қосар едік. Ол үшін “бөтен адам” деген ұғым болмайтын. Бәрін туысындай, досындай санайтын. Тіпті, танымаса да қол ұшын беруге әркез даяр тұратын.

Қулықшыл да, әңгімешіл де еді, жарықтық. Бірде біздің үйде қонақта отырғанда талай әңгіменің басы қайрылды. Бүкпесіз қалжыңдар айтылды. Мен сөз арасында бәйбішеме қатысты әзіл айтып едім, Бәкең жұлып алғандай “ендеше қарындасымды өзіммен бірге алып кетемін”, демесі бар ма! “Ала беріңіз” дедім мен де бұл сөзін ежелгі қалжыңына балап. “Жоқ, қарындасым жалғыз бармайды. Балаларды қоса әкетемін” деп шорт қайырды. “Бәке, бұл қалай сонда? Балалар менікі. Қалай әкетесіз?” деп жауап қайырып едім, “Шырағым, өзің білдей бастықсың. Жиналыстарда бізді әр 100 аналыққа шаққанда мал бастарың неге аз деп сынағанда кереметсің? Демек, приплод аналықта. Сондықтан анасын балаларынан айырмаймын” деп мені тосылдырғаны бар. Ғафу өтініп, кешірім сұрап құтылғанмын.

Мариям жеңгеміз қандай еді! Екеуі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бақуатты ғұмыр кешті. Ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, шөбере қызығын көрді.

Бәкеңнің шаңырағынан қонақ арылмайтын, қазанның оты сөнбейтін. Мұның бәрі атқан оқтай, шапқан аттай зымырап өте шыққан зымыран уақыт еншісіне кетіп, ұмытылмас елес болып қалғаны ғана жанға дәт, қуат бергендей.

Жақсылық ЫСҚАҚОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp